Әлеумет

Баланы отбасына қалай алуға болады?

Ұлтымыздың келешегі болар ұрпақтың тәрбиесіне республиканың әрбір азаматы өз үлесін қосып, бір-бір баладан асырап алып жатса, жетімдеріміз шетел аспаған болар еді. Осындай мақсатты көздеген біз газетіміздің №28-29 сандарында облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментімен бірге «Анашым, мені алып кетші» жаңа айдарын ұйымдастырдық. Алға облыстық балалар үйінің бірнеше баласын суретімен бірге жариялап, таныстырған едік. Содан бері редакциямызға бала асырап алуға ниет білдірген біраз ата-ана телефон соқты. Енді біз осындай ата-аналарға баланы отбасына алудың тәртібін, ретін түсіндіру мақсатында облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Күлпаршын Айдархановамен сұхбаттасқан едік. Әлқисса…

—    Біздің елдің алдында тұрған мақсаттардың бірі — балалар үйіндегі балаларды азайту, оларды мейлінше отбасына тарту. Біз де осы мақсатты алға қойып, бірқатар жұмыстар жүргізіп келеміз. Республикада алғашқылардың бірі болып, өзіміздің департаменттің сайтын ашып, Алға облыстық балалар үйінің балалары туралы арнайы айдар ұйымдастырдық. Сенім телефоны да жұмыс істеп тұр: 8 (7132) 56-27-21. Екі жылдан бері облыстық «Актюбинский вестник» газеті де «Найди меня, мама» айдарын жүргізіп келеді. 2010 жылдан бері жасалған осындай тиімді жұмыстардың нәтижесінде 80-нен астам адам телефон соғып, 21 бала отбасына орналасты. Бізге тіпті, көрші Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан да қоңырау шалып, бала асырап алғысы келетіндерін айтқандар да болды. Айтпақшы, бір баланы Атырау облысының отбасы алып кетті. Балаларды отбасына алу жөнінен облыста Қарғалы, Мұғалжар аудандары белсенді. Шалғай аудандарға да мұндай хабар жету үшін облыстық «Ақтөбе» газетіне де осындай айдар ұйымдастыруды жөн көрдік. «Анашым, мені алып кетші»  айдары жарияланған сәттен бастап бізге Ырғыз, Шалқар, Байғанин аудандарынан ата-аналар телефон соқты. Бәрі де баланы отбасына алуға ниетті. Осыдан бірнеше жыл бұрын Алға облыстық балалар үйінде 500-дей бала тәрбиеленсе, қазір ол жерде 328 бала өсіп жатыр. Биыл балалар үйінен 60 түлек бітіріп, үлкен өмірге аттанады. Балалар үйіндегі бүлдіршіндердің азаюы көңіл қуантады. Бұл, әрине, халықтың әл-ауқатының жақсарғаны, әрі біздің департамент қызметкерлерінің жүйелі жұмыстарының жемісі.

—    Баланы отбасына алудың да бірнеше жолы бар екен. Түсінікті болу үшін таратып айтсаңыз…

—    Иә. Баланы отбасына алудың мынадай жолдары бар: баланы асырап алу, патронат отбасында тәрбиелеу немесе қамқорлыққа алу. Оның ішінде, бала асырап алу — баланы отбасына орналастырудың басты түрі. Яғни, бала заңды түрде алушы отбасына қабылданады. Бала туысқан ретінде ұлы немесе қызы болып, барлық құқықтар мен міндеттерге ие болады. Ал ата-аналар үшін бұл — бала тағдырына және оның толық дамуына ең жоғары дәрежедегі жауапкершілік. Баланы асырап алу процесі заңға сәйкес тілек білдірген ата-ананың арызы бойынша сот арқылы шешіледі. Өтініш баланың тұрған жеріндегі аудандық сотқа беріледі. Бұл жағдайда бала өзін асырап алған адамның фамилиясына жазыла алады. Бала асырап алудың құпиялылығы заңмен қорғалады, өйткені бала асырап алу туралы шешім шығарған судьялар немесе бала асырап алуды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған лауазымды адамдар, сондай-ақ бала асырап алу туралы хабардар болған өзге де адамдар бала асырап алудың құпиялылығын сақтауға міндетті. Егер жария еткен жағдайда ол адамдар заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылады.

—    Баланы патронат тәрбиеге және қамқорлыққа алу жолдары қалай? Бір-бірінен қандай айырмашылығы бар?

—    Үкімет қазір баланы отбасына алатындарды қолдап, оларды ынталандырып отыр. Сондықтан да қазір баланы отбасына алушылар саны көбейіп келеді. Біздің облыста қазір 111 бала патронат отбасында тәрбиеленіп жатыр. Жыл сайын бірнеше бала патронат отбасына алынғанымен, саны өспей отыр. Себебі, патронат отбасында тәрбиеленіп жатқан бала 18-ге толғаннан кейін есепке алынбайды. Баланы өз отбасына алып, патронат тәрбиеші болғысы келетін адам облыстық білім басқармасымен келісімшартқа отырады. Патронаттық тәрбие туралы ережені Үкімет бекітеді. Патронат тәрбиешілердің еңбекақысы және оларға ақшалай төлем төлеу тәртібі мен мөлшері Қазақстан Республикасының заңнамаларымен айқындалады. Оларға 28-35 мың теңге аралығында жалақы төленеді. Сонымен бірге, әр бала үшін 15 мың теңге жәрдемақы алады. Қамқорлық пен қорғаншылық — баланы тәрбиелеу, оқыту, сонымен бірге құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында отбасына қабылдау. Қамқорлық 14 жасқа дейінгі балаларға, ал қорғаншылық 14 жастан 18 жасқа дейін тағайындалады. Бала өз атын, әкесінің атын сақтайды. Қамқоршы баланы тәрбиелеу, оқыту, асырау және балаға қатысты жауапкершілік сұрақтары бойынша ата-ананың барлық құқықтарын иеленеді. Сонымен қатар жеке басының мінез-құлқы, жас ерекшелігі, денсаулығы есепке алынады. Қазір біздің облыста мың жарымға жуық бала әжелерінің, әпкелерінің, басқа да туыстарының қамқорлығында тәрбиеленіп жүр. Мұндай тәрбиедегі балалардың әрқайсысы 18 жасқа дейін Үкіметтен 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 17 мың теңгеден жәрдемақы алады. Он сегізге толғаннан кейін де оқу орнына түскен жағдайда оларға түрлі жеңілдіктер қарастырылған. «Бөбек» қорының президенті Сара Алпысқызының, облыс әкімінің гранттарына, қолдауларына ие болуларына мүмкіндік бар.

—    Балаларды отбасына кімдер ала алады? Олар қандай құжаттар жинауы қажет?

—    Баланы асырап алу үшін жасы 45-ке толмауы қажет. Кәмелеттік жасқа толған әрекетке қабілетті азаматтар қамқоршы мен қорғаншы бола алады. Сосын тұрақты жұмысы болуы тиіс. Сондай-ақ, алушының үйі болуы, оның ішінде отбасына алынған балаға тиесілі орын болуы шарт. Осының бәрі зерттеліп, анықталады. Айтпақшы, биыл қабылданған «Неке (зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде баланы асырап  ала алатын тұлғалардың тізімі кеңейтілді. Ең әуелі бала асырап алуға тілек білдіруші адам облыстық білім басқармасына өтініш білдіруі қажет. Өйткені балалар үйінің басшылары баланы отбасы тәрбиесіне беру мүмкін екендігі белгілі болған күннен бастап жеті күн мерзім ішінде бұл туралы осы мекеменің тұрған жері бойынша тиісті органдарға хабарлайды. Құзырлы органдар бала асырап алуға өтініш жасаған адамнан жеке басын куәландыратын құжатын, ерлі-зайыптылар болса, неке туралы куәліктерін, асырап алушы ата-ананың екеуінің де денсаулығы, отбасы туралы анықтамаларын, мінездеме талап ете отырып, асырап алушының тұрмыс жағдайы туралы акті мен бала асырап алу мүмкіндігі туралы қорытынды жасайды. Әрбір ықылас білдіруші бала асырап алушы бола алмайтынын білгеніңіз жөн. Егер бекітілген аурулар тізбесіндегі сырқаттар алушы адамда болса, онда ол бала асырап ала алмайды. Бала асырап алуға тілек білдірген азаматтың тапсырған құжаттарын тексеріп, асырап алуға мүмкіндігі бар екендігі расталған жағдайда балалар үйіне жолдама береді. Жолдама хаттар негізінде аталған мекеменің басшысы бала асырап алуға тілек білдіруші адамға баланы көруге рұқсат етеді.

—    Баланы отбасына қай уақытта алып кете алады?

—    Алушы таңдаған балаға екі апта бойы келіп, серуендеп, әңгімелесіп тұрады. Бала да өзінің жаңа ата-анасына үйренісуі тиіс. Танысу кезеңі өткеннен кейін сіздің және балалар мекемесі басшысының қорытындысы жазылған баланың құжаттары сотқа жіберіледі. Баланы асырап алу жөніндегі соттың шешімі шыққаннан бастап 15 күн өткеннен кейін ғана баланы отбасына алып кете алады. Ал асырап алу жөніндегі соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін азаматтық хал актілерін тіркеу органдарында баланы асырап алу тіркеледі де, асырап алу жөнінде куәлік беріледі. Егер де асырап алған балаға жаңа ата-анасы өзінің тегін бергісі келсе және оның есімін өзгерткісі келсе, азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдеріне асырап алушыны ата-ана ретінде тіркеу үшін өтініш білдіруі қажет. Бұндай жағдайда АХАЖ бөлімі кітапқа асырап алушыны ата-ана ретінде жазып, тууы туралы куәлік береді. Асырап алуды тіркеу аудандық АХАЖ бөлімдерінде асырап алу жөніндегі соттың шешімі бойынша тіркеледі.

—    Кейбіреулер отбасына алған баланы зәбірлеп, ауыр жұмыстарға салып қоятын көрінеді. Қаншалықты рас? Жаңа ата-анасы баланы алып кеткеннен кейін қадағалайсыздар ма?

—    Біздің департаменттің қызметкерлері отбасына алынған балаға ай сайын хабарласып, қал-жағдайын біліп отырады. Мереке сайын құттықтаймыз. Әзірге ондай оқиғалар болған жоқ. Айтпақшы, біздің департамент құрылған жылы Қарғалы ауданындағы бір отбасы екі бала асырап алып, жұмысқа салып қойыпты. Кейін біз біліп, ол екі баланы қайтып алдық. Бұл — төрт жыл бұрын болған оқиға. Содан бері біз балаларды үнемі бақылауымызда ұстап отырамыз. Негізі, балалар үйінің тәрбиеленушілері ауылдан гөрі қаладағы отбасыларға барғанды ұнатады. Меніңше, бала өзі туып-өскен ауданның отбасыларына алынғаны жөн. Өзі туған жерін біліп, сүйіп, ауылдастарын танып өседі. Біз осындай мақсатта барлық ауданның әкімдеріне жылына екі рет хат жолдап отырамыз. Биылғы хатқа әр ауданның балалары туралы мәліметті қоса жолдайтын боламыз. Бізде қазір 4 ауданда — Темір, Қобда, Хромтау, Әйтеке би аудандарында отбасылық балалар үйі бар. Бұл бір үйдегі бірнеше баланы бір-бірінен ажыратпауға көмектеседі. Алға балалар үйінде де ағайынды, апалы-сіңлілілер көп. Әсіресе, Мәртөк ауданынан біраз. Сондықтан да біз Мәртөк ауданының әкімдігіне отбасылық балалар үйін ашуға ұсыныс білдірдік. Негізі, интернат тәрбиесінде жүрген бала дайын тамақ пен таза киімге үйреніп кеткендіктен, оның отбасындағы міндеттерге бейімделуі өте қиын болады. Кейін айлар өте келе бала сол үйдің шаруаларына қалай араласып кеткенін де білмей қалады.

 

«Анашым, мені алып кетші…»

Облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментімен бірге ұйымдастырған «Анашым, мені алып кетші!..» атты айдары жалғасады. Мұнда негізінен облыстық Алға балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан кейбір балалар туралы мәлімет (фотосымен бірге) беріліп отырады. Танысыңыз!..

 

Сәуле

Арқабай Сәуле Мұратқызы 1995 жылы 25 қазанда дүниеге келді. Ұлты — қазақ.

Алға облыстық балалар үйінің 8 «а» класында оқиды. Кластағы орташа оқитын оқушылардың бірі. Тәртібі жақсы. Мінезі ашық, шыншыл, кішіпейіл, салмақты оқушы. Оқушылармен қарым-қатынасы жақсы. Достары көп. Кез келген адаммен тіл табыса алады. Сәуленің адамгершілігі мол, жолдастарына көмектесуге әрқашан дайын тұрады. Өзіне тапсырылған міндетті дер кезінде орындайды.

Денсаулығы жақсы. Өнерге бейім. Тігін үйірмесіне және күрес секциясына барады. Мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласады.

Алдына қойған мақсатына жетуге талпынады.

 

Аслан

Тухтабаев Аслан Қазбекұлы 1999 жылы 6 қарашада дүниеге келді. Ұлты —  шешен. Алға облыстық балалар үйінің 5 «а» класының оқушысы. Өзін үнемі жақсы қырынан көрсетеді. Оқу үлгерімі — орташа. Гуманитарлық пәндерге ықыласы ерекше. Суретті тәуір салады, балалар үйіндегі қоғамдық жұмыстарға белсенді араласады. Үлкендерге көмектеседі, кішілерге де қамқор. Жүзу секциясына қатысады.

Аслан — салмақты, кішіпейіл, ақжарқын. Сондай-ақ, ол — көпшіл. Достары көп. Әрі олармен тату. Құрдастарының арасында беделді.

 

P.S. Сауалдарыңыз болса, редакциямызға хабарласыңыздар. Телефонымыз: 55-11-11. Хат жазамын десеңіздер, электрондық поштаның мекенжайы: listkz@list.ru  

Ал облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің телефоны: 54-42-63. Электрондық мекенжайы: dzpd@mail.ru

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

6 Comments

  1. Біз барлық керекті құжаттарды жинап балалар үйіне жолдама алдық Бала жоқ деп баланы көрсеткенде жоқ??өзім хабарласам 1-жыл тосасыз деп қоя берді??біздің қаламызда жоқ болса неге балалар үйі жұмыс жасап отыр? БАСҚА қаламызға жіберсе барар едік Біз сияқты баласы жоқ ата аналар балаға зәру Өскемен қаласында 1-4 жас аралығы балалар үйінде бала жоғы рас па?

  2. Бала асырап алуға көмектесіңіздер,отбасым толық, 1 қыз бала өсіріп отырмыз.Жаңа туған немесе 1 жастан асқан бала асырап алуға көмектесіп,жоын айтыңыздаршы

  3. Маганда бала керек. Менің күйеуім жұмыс істемейді. Ол пенсия алады. Учета тұрады психически де. Бірақ олай емес тек тума кесел. Бізге бала асрап алуға болама? Менде диплом бар тәрбиеші. Бизге 11жыл болды ,бірак бала жоқ күйеуім жаксы. Они тастап кеткім келмейді. Ол қатты бос. Бірақ бізге бала керек. Не істесем болады.

  4. Мен бала асырап алгым келеди теледидардан жетим балаларды корген сайын журегим ауырад озим ауылдык жерде турам 4 баланын анасымын куйеуим туракты жумыста озим уйде бала кутиминдемин. тел 87027127340

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button