Биыл 75 аула жөнделеді

Қала
Ақтөбе қаласы бойынша 2100 көппәтерлі тұрғын үй бар, оның 230-ы күрделі жөндеуді қажет етеді.
Жаңғырту жөніндегі бағдарламаны іске асыру басталған кезде 133 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл ретте үйлердің аулалары да назардан тыс қалған жоқ. Яғни көпқабатты үйлер бойынша 100 аулаға кешенді жөндеу жұмысын жүргізу қолға алынды. Бұл бірнеше кезеңге бөлініп, басталды. Бірінші кезең бойынша 25 аула өткен жылы жөндеуден өтсе, қалған 2, 3, 4-кезеңдер бойынша 75 аула биыл жөнделеді. Кешенді жөндеу кезінде аула аумағы асфальтталып, абаттандырылады. Жарықтандырылып, тротуар салынады және қоқыс контейнерлері алаңы асфальтталады. Қажет болған жағдайда суағар салынады және балалар алаңы орнатылады, подъезд алдына орындықтар қойылады.
Кешенді жөндеуге Сәңкібай батыр, Әбілқайыр хан,Абай, Бейбітшілік, Молдағұлова даңғылдарындағы, Есет батыр, Маресьев, Қалдаяқов, Гагарин, Металлургтер, Қазанғап, Кәсіподақ, Рысқұлов, Шернияз секілді елуге жуық көшедегі аула аумақтары кіреді.
Кәмшат ҚОПАЕВА.