Ойық-шұқыр бітеліп жатыр

Қала
Қазір қала аумағында қыстан кейін жолдардың асфальт жабындысында пайда болған ақауларды жою үшін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жол мамандары екі ауысыммен күні-түні еңбек етуде. Яғни фрезасы кесілген учаскелерге асфальт жабындысы төселіп жатыр.
Қала әкімдігінің мәліметінше, ағымдағы жөндеу жұмыстары қаланың орталық көшелеріне ғана емес, ескі бөлігіндегі, Сүт зауыты, Мәскеу, Шанхай шағын аудандарындағы және Есет батыр тұрғын алабындағы жолдарға да жүргізіледі.Сондай-ақ 8-шағын аудан және «Юнис сити», «Болашақ»тұрғын алабындағы кіреберіс көшелердің асфальті жөнделеді.
Ағымдағы жөндеу жұмысымен мердігер ұйым «Коквест» ЖШС айналысып жатыр. Келісімшарт сомасы бойынша бұл бағыттағы жұмыстарға 250 миллион теңге қарастырылған. Бірақ бұл қаражат мердігерге бірден төленбейді. Яғни қаржы мердігер жұмысты толық аяқтағаннан кейін барып аударылады. Жөнделген жолдың әр шаршы метрі есептеледі. Бұл кезде келісімшарт сомасы азаюы мүмкін.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, жолдарға толыққанды орташа және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу келесі айда басталады.
Сондай-ақ қаланың техникалық тротуарларында топырақ деңгейін төмендету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар жыл сайын көктемде қалаға эстетикалық көрініс беру үшін ғана емес, сонымен қатар жаңбырдың салдарынан жолдар мен тротуарларға шалшық су жиналмас үшін де жүргізіледі.
Кәмшат ҚОПАЕВА.