Бизнесті дамытуға жаңа мүмкіндік

Меморандум
«Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамы Ақтөбе филиалы мен өңірдің кәсіпкерлер палатасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Банк филиалының директоры Гүлжахан Бәйтерекова мен палата директоры Дидар Боранқұлов облыста бизнесті дамытуға бағытталған бірлескен бастамалар мен жобалар үшінынтымақтастық туралы меморандумғ жасасты. Бұл қадам өңірдегі бизнесті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашпақ.
Бірлескен ынтымақтастық аясында кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін дөңгелек үстелдер мен кездесулер ұйымдастыру,жұмыс топтары мен сараптамалық комиссияларға қатысу, ақпарат алмасу және ортақ бағдарламаларды іске асыру сияқты іс-шаралар жүзеге асырылады.
Гүлжахан Бәйтерекованың айтуынша, банк қолданыстағы қаржылық құралдар жөнінде ақпарат беріп, қаржыландыру бағдарламалары бойынша кеңес өткізеді. Сонымен қатар аудандарда кәсіпкерлер үшін көшпелі іс-шаралар ұйымдастырылады. Ал палата тарапынан кәсіпкерлерге оқыту семинарлары мен тренингтер өткізу, бизнес-жоспарлар әзірлеуге көмектесу, сондай-ақ салық салу және есеп беру бойынша консультациялық қолдау көрсетіледі.
Меморандумға қол қою аясында Halyk Bank-тің моноқалалардағы кәсіпкерлікті қолдау, сондай-ақ елімізде жеті жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Бизнестегі әйелдер» бағдарламалары да таныстырылды.
Кәсіпкерлер бұл шараға офлайн және онлайн форматта қатысты. Кездесу «сұрақ-жауап» сессиясымен аяқталып, қатысушыларға жеке кеңестер берілді.
Арайлым НҰРБАЕВА.