Тазалықтың екі айлығы басталды

27 наурыз бен 31 мамыр аралығында облыста елдімекендерді абаттандыру және санитарлық тазарту бойынша екі айлық жарияланды. Бұл шараның басты мақсаты—аумақтарды тазалау, көгалдандыру және өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту.
Облыс әкімі Асхат Шахаров тұрғындарды сенбіліктерге белсенді қатысып, туған өлкенің көркеюіне үлес қосуға шақырды.Екі айлық барысында апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, абаттандыру, көгалдандыру, көшелер мен аулаларды тазалау және тұрмыстық қалдықтарды шығару сияқты нақты іс-шаралар өткізіледі. Тазалық маусымында шағын сәулет нысандарын, аула аумақтарын, жаяу жүргіншілер жолдарын, аялдама павильондарын және жарнамалық құрылымдарды тазалау,ағаштарды санитарлық кесу, жаңа көшеттер отырғызу, қураған ағаштар мен бұталарды қалпына келтіру, заңсыз қоқыс үйінділерін жою, көпқабатты үйлер, су айдындары мен орман алқаптарының маңындағы аумақтарды тазалау, рұқсатсыз қоқыс тастаудың алдын алу мақсатында жеке сектор тұрғындарымен шарттар жасасу сияқты жұмыстар жүргізіледі.
Екі айлық аясында 20 наурыз бен 21 сәуір аралығында өтетін TazaLike экологиялық акциясы жоспарланып отыр. 29 наурызда «Мөлдір бұлақ» акциясы өткізілмек, яғни су айдындарының жағалаулары мен аумақтары қоқыстан тазартылады.
1 сәуір — Халықаралық құстар күніне орай, құстарға үйшік жасауға және орнатуға баса назар аударылмақ. 15 сәуір — Бүкілқазақстандық көшет отырғызу күнінде де облыс аймақтарында тал егу жұмыстары қолға алынбақ. 19 сәуір — «Таза аумақ» акциясы ұйымдастырылады, оның аясында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен оларға іргелес елді мекендер аумағы тазартылады. Сонымен қатар ең таза аула, көше, ауыл және шағын аудан номинациялары бойынша байқаулар өткізіліп, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылады.
Облыс әкімі тазалық пен тәртіп тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін атап өтті.
— Биыл көктем ерте келді. Қазір қала көшелері құрғап, сенбілікке шығатын уақыт жетті. Президент тапсырмасына сәйкес және «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ауқымды тазалау жұмыстарын жүргізу қажет. Екі айдың ішінде әрбір ауылды, көшені, үй маңындағы аумақтарды ретке келтіруге тиіспіз. Қала аумағын бірнеше секторға бөліп, оларды ұйымдар, кәсіпорындар мен жоғары оқу орындарына бекітеміз. Туған өлкені көркейту — баршамыздың ортақ міндетіміз. Көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінеді. Аймақтың дендрокартасына сәйкес жасыл желектер отырғызу жоспарланып отыр. Бұл — экологияны жақсартудағы маңызды қадам. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана өңірімізді таза, жайлы және көрікті ете аламыз, — деді облыс әкімі.
Арайлым НҰРБАЕВА.