Ұлттық спорт ұлықталған күн
Облыста бастау алған «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалі аясында «Салбурын — 2024» атты дәстүрлі аңшылық және ұлттық спорт түрінен турнир өтті. Іс-шараның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мамандары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, саятшылар мен садақшылар қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары ұлттық спорт түрін дәріптеуге бағытталған іс-шараның маңызына тоқталып, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Ұлттық «Сыбаға» фестивалі – жас ұрпаққа ата-бабамыздың бай мұрасын еске түсіруге бағытталған ауқымды жоба. Бүгінгі жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен қатысушылар келіп жатыр. Осы іс-шара аясында ұлттық мұраны дамыту және қазақ тазыларын баптаумеү айналысатын жерлестерімізді қолдау үшін арнайы қоғамдастық құру жоспарланып отыр. Бұл бастаманы іске асыру мақсатында жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөлінетін болады, — деп деді.
Жолдас Нұрланұлы осындай қоғамдастық құру ата дәстүрді насихаттап, Қазақстанның мәдени мұрасының бір бөлігі саналатын қазақ тазыларының бірегей тұқымын сақтап жүргендерге қолдау болатынын алға тартты.
Турнир ат әбзелдерін таныстыру, «құмай тазы» көрмесі, тазылардың жылдамдығы сыналатын «салбурын» жарысы, 700 метр қашықтықта тазылардың аң ұстау ептілігін көрсететін «шырға салу» бейгесі, құсбегілердің бүркіт салу кезеңі мен садақшылардың нысананы алыстан көздеп ату тәрізді сайыстарынан тұрды.
Аталған турнирге 25 садақшы, 7 бүркітші мен 50-ге жуық тазы қатысты.
А. НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.