Жаңалықтар

Заманауи медиа, пайдалы басқосу

Семинар

Облыстық ішкі саясат басқармасы мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Заманауи ақпараттық-коммуникация технологиялары» атты семинар тренинг өтті. Іс-шарада баспасөз қызметінің біліктілігін арттыру мақсатында шеберлік сағаттарын өткізді.

Семинар-тренингке облыстағы ҚХА құрылымдарының өкілдері, ақпараттық жұмысқа жауапты этномәдени бірлестік жетекшілері, БАҚ өкілдері қатысты.Онда спикерлер шешендік өнер, сөйлеу мәдениеті, қаржылық сауаттылық және SMM бағыты бойынша шеберлік сағаттарын өткізіп, тәжірибелерімен бөлісті.

Жиында сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешов қатысушыларға мұндай семинарлардың берері мол екенін айтты:

—  Елімізде этносаралық келісім мен өзара сыйластықтың, түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің бейбіт тіршілік кешуінің бай, тарихи тәжірибесі жинақталған. Ал осы ішкі тұрақтылыққа негіз болып отырған татулықты сақтап қалу — өскелең ұрпақтың міндеті. Сондықтан уақыт талабына сай қоғаммен байланыс орнату жолдарын кәсіби тұрғыда игеріп, дұрыс қолдану арқылы қоғамдағы этникалық имиджді қалыптастыра білуіміз қажет, — деді Әлібек Байнешев.

Қазақстан халқы Ассамблеясының тиімді қызметін қамтамасыз ету үшін ақпараттық жұмысты ұйымдастыру дағдылары мен баспасөз қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға бағытталған ашық диалог алаңында қоғамдағы коммуникацияны бірізділікке қою, қаржылық сауаттылықты арттыру тақырыптары кеңінен талқыланды.

Бұл — Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылым өкілдерінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан алғашқы семинар. Алдағы уақытта осындай бағыттағы пайдалы тренингтер жалғасын таппақ дейді ұйымдастырушылар.

—  Облыс бойынша 17 этномәдени бірлестік бар. Ассамблеяның негізгі  бағыты —  барлық этностық топты ортақ мақсатқа жұмылдыру. Өткізіліп жатқан іс-шара қатысушыларға коммуникациялық процестің ерекшеліктерін түсінуге және оларды әртүрлі этномәдени топтардағы адамдармен тиімді қарым-қатынас жасауға үйретіп, қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ заманауи мамандықтың бірі — SMM менеджері бағытын ілгерілетудің негізгі әдістері мен құралдарын оқытып, ресми әлеуметтік парақшаларды дұрыс жүргізудіңжолдары көрсетілмек. Қазір халық жаңалықтарды әлеуметтік желіден тиімді форматта оқығанды, көргенді ұнатады. Сондықтан бұл мамандықты игеру маңызды.Ассамблея алдағы уақытта да осы тәрізді игі іс-шараларды ұйымдастырады деп сенемін, — деді «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Гүлзат Шахбаева.

Коммуникациялық процестің ерекшеліктері менкөпшілік алдындасөйлеу мәдениеті турасында медиа-тренер, журналист Салтанат Оңғар өз тәжірибесімен бөлісті.

—   Кез келген адам сөйлей алады. Бірақ ойды ашық әрі еркін жеткізу оңай емесін бәрі біледі.Психологтердің зерттеуіне зер салсақ, адамдардың 95 пайызы көпшілік алдында сөйлеуден қымсынатын көрінеді. Жалпы көпшілік алдында еркін сөйлеу үшін алдымен дұрыс тыныс алу қажет. Одан бөлек дауыс ырғағы, дикция, темп, тембрмен жұмыс — сөйлеу дағдысын қалыптастырады. Бүгінгі шеберлік сағатында аудитория алдындағы қорқынышты жою тәсілдері, тыңдаушылардың назарын игеру әдістері, кері байланыс туралы да көптеген пайдалы мағұлматтар айтылды. Бұдан өзге жиналыстарда, форумдарда, келіссөздерде қалай сөз сөйлеу керектігі, өзін-өзі ұстау мәдениеті жайында да қатысушылармен бірлесе практикалық тұрғыдан тәжірибе алмастық, — деді ол.

Ал қатысушылар асыға күткен SMM мамандарының шеберлік сағаты қызықты өтті. Өздері күнделікті өмірде қолданатын қалта телефонынан табыс тауып, сапалы жұмыс істеуді үйренді.

—  Қазіргі таңда SMMменеджеріне сұраныс жоғары. Әлеуметтік желімен жұмыс істейтін, тәжірибелі, ақпаратты дұрыс жеткізетін адам SMMменеджер бола алады. Бірақ әлеуметтік желімен жұмыс істеуден бөлек, бұл салада адамдармен де жақсы қарым-қатынаста бола білген дұрыс. Қазір осы семинар-тренингке алпысқа жуық қатысушы ниет білдірді. Көпшілігін қызықтырған бағыт — осы сала. Себебі нарықта бұл мамандықты үйрететін жеке мамандардың сабақтарының бағасын кез келген адамның қалтасы көтере бермейді. Бүгінгі іс-шара ақысыз, тегін түрде өткізіліп жатыр. «Қалауын тапса қар жанар» демекші, заманға сай қажетті мамандықты үйреніп, қосымша табыс көзін тауып, жұмыссыз адамдар қатары азайса, мақсатымыздың орындалғаны, — деді облыстық Ассамблея жастары өкілдерінің төрағасы Зульфия Набиулина. Қатысушылар жұртшылық алдында қысылмай сөйлеп, әлеуметтік желіде контект жүргізудің құпияларын тегін алғанға дән риза.

Тәжірибелі мамандардың шеберлік сағатына қатысқаныма өте қуаныштымын. Көптеген пайдалы ақпараталдым. Облыстық этномәдени бірлестік орталығы қолға алған бұл жобаның берері көп, — дейді қалалық Корей қауымдастығының мүшесі Арсений Цой.

Айдана АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button