Жаңалықтар

Шетелдік ғалымдарға таныстырылды

Семинар

Алматыда «Алтын Орда және оның мұрагерлерінің арабжазулы эпиграфикасы»атты халықаралық ғылыми семинар өтті. Жиын аясында ғалымдарға «Абат-Байтақ» қорымының арабжазулы эпиграфикалық ескерткіштері» кітап-альбомы да таныстырылды.

Бұрынғы Алтын Орда мемлекетінің аумағында орналасқан тарихи аймақтардағы эпиграфиялық ескерткіштерді зерттеп жүрген ғалымдар бас қосқан семинардың ұйымдастырушылары — Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы мен біздің облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы.

Басқосу «Алтын Ордадан кейінгі қоғамның дәстүрі мен мәдениетіндегі сабақтастық пен өзгерістер (Батыс Қазақстан, Еділ-Орал, Дағыстан, Хорезм аймақтарындағы эпиграфикалық ескерткіштерді салыстырмалы зерттеу)»аттыжобаның аясында жәнеүш тілде өтті.

Жиында Қазақстан, Өзбекстан, Түркия және Ресейдің көне ескерткіштер мен оларда сақталған арабжазулы мәтіндерді зерттеп жүрген жетекші мамандары баяндама жасап,

Алтын Орда өркениеті орналасқан тарихи аймақтардағы мәдени дәстүрлер, сондай-ақ осы аймақтарда табылған эпиграфикалық ескерткіштер мен олардағы арабжазулы мәтіндерді салыстырмалы түрде зерттеу жайын талқылады. Олардың ішінде «Абат-Байтақ» қорымының арабжазулы эпиграфикалық ескерткіштері» кітап-альбомының авторлары — Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы бас директорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшірбек Мүминов пен Шығыстану институтының ғылыми қызметкері, арабтанушы Бағдат Дүйсенов те болды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали зерттеулер барысында кей жағдайда көне ескерткіштерге нұқсан келтірілетінін, оларды сақтау, қорғау талаптарының ескерілмейтінін сынға алса, Түркиядан келген ғалым Осман Қабадайы Қазақстан мен Түркияның құлпытастарын байланыстыра баяндама жасады.

Алтын Орда өркениеті орналасқан тарихи аймақтардағы эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеу бағытында соңғы жылдары жарыққа шыққан құнды еңбектердің бірі — «Абат-Байтақ» қорымының арабжазулы эпиграфикалық ескерткіштері» кітап-альбомы. Бұл — біздің облыс әкімдігінің тапсырысымен жарыққа шыққан еңбек. Мұнда сонау Алтын Орда дәуірінің сәулет ескерткіші орналасқан «Абат-Байтақ» қорымындағы кейінгі ғасырларға тән 240 құлпытастағы арабжазулы мәтіндер қазіргі қазақ әліпбиіне, сонымен қатар ағылшын және орыс тілдеріне аударылып, суреттерімен қоса берілген. Бұл көне қорымдағы құлпытастар — қазақтың тас қашау өнерінің де ғажап ескерткіштері қатарындағы жәдігерлер. Альбомда олардың төрт жағынан да түсірілген фотосуреттері бар.

Семинар барысында осы еңбектің халықаралық деңгейдегі тұсаукесері өткізіліп, шетелдік ғалымдарға таныстырылды.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button