Жаңалықтар

Ұстаздар — ұлттың зияткерлік қуаты

Облысымызға жұмыс сапарымен келген Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев білім беру саласының қызметкерлерімен кездесті. №1 Мәртөк орта мектебінде өткен кездесуге облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, облыстық және аудандық білім бөлімдерінің, арнаулы орта оқу орындары мен мектептердің басшылары, тәрбие ісіне жауапты мамандар қатысты.

Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында алға қойылған мақсат-міндеттер, оларды жүзеге асырудағы білім саласының, педагогтердің рөлі жөнінде сөз болды. Президент өз Жолдауында ұлт сапасын көтеру, еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру ісінде орта білім беру жүйесінің өте маңызды рөл атқаратынын атап көрсеткен еді.
Осы орайда жиында облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, Ақтөбедегі №78 мектеп-гимназияның директоры Жанар Сейітмағанбетова, Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің директоры Жеңісгүл Мұхамбетпайызова және Мұғалжар ауданындағы Қ.Жұбанов атындағы орта мектептің директоры Нұрбол Ибраевтар сөз сөйлеп, мектептердің бүгіні мен ертеңі, кәсіби бағдар беру және жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру, мұғалімдердің тәрбие ісіндегі белсенділігін арттыру мәселелері төңірегіндегі ой-пікірлерін ортаға салды.
ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жиынды қорытындылай сөйлеген сөзінде ұстаздардың мемлекеттілікті сақтау, ұрпақ тәрбиесі сынды ұлы мақсаттарға жанашырлығы ел болашағы үшін өте маңызды екеніне тоқталды. Президент кеңесшісі:
— Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында: «Ұстаздар — ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады» — деп атап көрсетті. Қазіргі күні жастарға әлеуметтік желінің, ақпарат тасқынының ықпалы зор. Осы жағдайда баршамыз тексерілген, сауатты ақпарат көздеріне мән беріп, жастарды да соған икемдей білуіміз керек. Жастар елдің ертеңіне сеніп өсуі керек, — деп, ұстаздар қауымын осы жолда ізденуге, еңбектенуге шақырды.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА. .

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button