Жаңалықтар

Жастар және Жолдау

Жолдау

Өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттерімен кездесті. Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген мәселелер туралы айтылып, жастардың пікірі тыңдалды.

Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, университет ректоры Лаура Қарабасова, университет ұстаздары мен студенттер қатысты. Жиында сөз сөйлеген Жолдас Батырхан Президент Жолдауының маңызды тұстарына тоқталып, Мәлік Отарбаевқа сөз берді.
— Мемлекет басшысының бұл Жолдауы — осы кезге дейінгі саяси реформалардың жалғасы іспетті құжат. Жолдау аясында Үкіметке жүзден астам тапсырмалар мен міндеттер жүктелді. Оның барлығы да дамуға бастайтын мақсаттар мен межелер. Біз томаға-тұйық емес, сырт елдермен алыс-берісі бар мемлекетпіз. Әлемдегі саяси жағдайлар біздің мемлекетке де әсер етеді. Қазіргі таңда әлемде экономикалық жағдайлар өзгеріс үстінде, кей елдерде тұрақсыздық байқалады. Бізге шекаралас мемлекеттерде де қақтығыстар болып жатыр. Соған қарамастан, еліміз даму жолында көштен қалмай келе жатыр. Біз әлемдік трендтен қалмауымыз керек. Президент биыл Атырау қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда үш мәселені ерекше назарға алды. Біріншісі — ынтымақ пен бірлік. Екіншісі — қоғамдық мәдениет, соңғысы — озық ойлы ұлтқа айналу. Жаңа Жолдауда осы мақсаттар көзделді, — деді М.Отарбаев.
Президент кеңесшісі биылғы көктем еліміздің кейбір өңірлеріне қиын тигенін, су тасқыны кезінде халқымыздың бірлігі мен ынтымағы көрінгенін атап айтты.
— Зардап шеккен аймақтарда қазір қалыпқа келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Биыл 14 облысты араладым. Павлодар облысында болған кезімде орыс әйел көзіне жас алып: «Қазақстан мемлекетіне бас иемін. Барлық қолдау, көмек үшін рақмет», — деп ағынан жарылды. Қазір осы жерде ел болашағынан үлкен үміт күтетін жастар отыр. Президент сапалы маман даярлау, еңбек адамын құрметтеу туралы ерекше айтты. Сіздер сапалы маман болуларыңыз керек, — деді Мәлік Нұржанұлы.
Алғысөзден кейін Президент кеңесшісі университет студенттері Ақбота Көптілеу мен Бақытжан Болатұлының Жолдауға қатысты баяндамаларын тыңдады. Олар Жолдаудан туындаған міндеттер әр салада қызу талқыланып, халыққа серпін беріп жатқанын айтты.
Іс-шара барысында университет ректоры Лаура Қарабасова сөз алып, білім саласындағы жетістіктерді жан-жақты айтып өтті. Жолдау жүктеген міндеттерге, ұстаздарға қойылып отырған талаптарға тоқталды.
— Президентіміз әділдік сөзін үнемі айтып келеді, өзі әділетті істі қалайды. Әділдік деген — мемлекеттің мүддесін жеке мүддеден жоғары қою. Сабақтастық — мемлекеттік дәстүрді жалғастыру, өрлеу — мемлекеттің тоқтаусыз дамуы.
Елде әділетсіздік болмауы үшін, ең алдымен, өзіміз әділ бола білуіміз қажет. Мемлекетке қызмет ететін азаматтар да әр істе әділдікті негізгі принцип деп қарауы керек. Сонда ғана біз әділетті Қазақстан — адал азамат қоғамын қалыптастыра аламыз,
Президент «Таза Қазақстан» акциясына ерекше мән беріп отыр. Біз осы бағытта сенбіліктер өткізіп, қаламыздың тазалығына өз үлесімізді қосып келеміз, — деді Лаура Қарабасова.
Кездесу барысында Мәлік Отарбаев жастарға қолдау білдіру Президенттің басты назарында екенін айтып, жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар туралы ақпарат берді. Жастармен ашық диалог құрған кездесуде белсенді студенттер Мәлік Отарбаевқа сұрақтарын қойып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Түстен кейін Мәлік Отарбаев Мәртөк ауданына барып, білім саласының өкілдерімен кездесті. Онда Президент Жолдауы және қоғамдағы өзекті мәселелер сөз болды.

А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button