Жаңалықтар

Президент кеңесшісі дін өкілдерімен кездесті

Руханият

Облысқа арнайы жұмыс сапарымен келген ел Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев С.Бәйшіев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында өңірдегі дін өкілдерімен кездесті. Жиынға олыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, қала және аудан имамдары қатысты.

Әуелі облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан өңірдегі дін саласына қатысты ақпарат берді. Оның айтуынша, өңірдегі 68 мешіттің 12-сі — облыс орталығында, қалғаны аудандарда орналасқан.

— Облыстағы мешіттерде барлығы 158 маман қызмет етеді. Қай салада да маманның рөлі жоғары. Әсіресе жастардың ел аумағында білім алуына күш саламыз. Осы саланы таңдаған 334 жастың 132-сі жоғары оқу орындарында, 202-сі отандық медреселерде оқиды. Сонымен қатар облыс әкімдігінің грантымен 43 жас білім алып жүр, — деді Жолдас Батырхан.
Одан соң өңірге арнайы іссапармен келген ел Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев дін қызметкерлеріне зайырлы елдің ортақ құндылықтары туралы айтып, дін қызметкерлерінің жаңа қоғамға сай білім-біліктілігін, рухани даму деңгейін арттыру мәселесіне тоқталды.

— Жыл сайын мешіт саны көбейіп келеді. Жалпы халқымыздың дінге деген көзқарасы өте жақсы. Ұлттық құрылтайдың отырыстарында Президентіміз дін туралы айтқанда, міндетті түрде өзінің көзқарасымен қатар, мемлекеттік саяси бағытқа тоқталады. Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Саяси плюрализмге ашықпыз, экстремизмнен, қарақшылық пен бұзақылықтан қашықпыз» деген ортақ қағиданы бүкіл қоғамның есіне салғанын білеміз. Мемлекет басшысы дін мәселесіне ешуақытта бейжай қарамайды. Өздеріңізге белгілі, Президентіміз Рамазан айында, Құрбан айтта халыққа ыстық ықыласын білдіріп, құттықтап жатады. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент боп сайланған күннен бастап Ақордада ауызашар берді. Кіші қажылыққа барып, еліміз үшін дұға еткенін де білесіздер, — деді Мәлік Отарбаев. Сондай-ақ Президенттің кеңесшісі өз кезегінде дін саласында, жалпы елімізде және шетелде жұмыс істеу тәжірибесі туралы айтты. Жергілікті діни қызметкерлерге театр, кітапхана, мұражай, концерт залы сияқты мәдени орындарға жиі баруға кеңес берді. Сонымен қатар әлеуметтік желілерден гөрі сенімді дереккөз саналатын мерзімді басылымдарға жазылуға шақырды.
— Кездесу орны ретінде кітапхананы таңдағанымыз бекер емес. Мұнда сіз жамағатпен әрі қарай жұмыс істеу үшін жеке білім қорын толықтыра аласыз. Өйткені уағыз айту кезінде кейде ұлттық құндылықтарды сіңіру үшін өз ақындарымыз бен жазушыларымыздың сөздерін келтірген дұрыс. Сонымен қатар мәдени нысандарға барып, жастарға үлгі көрсетуіміз керек, — деді Мәлік Отарбаев.
Кездесу соңында имамдар қойған сұрақтарына Президент кеңесшісінен жауап алып, ұсыныстарын да жеткізді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button