Медбикеге электровелосипед алып берді
Мәртөк ауданы Аққайың ауылының тұрғындары учаскелік медбике Диана Дәуренбекке тосын сый жасады.
Диана Аққайың ауылында 2021 жылдан бастап жұмыс істейді. Күн-түн демей ауырған жанның қасынан табылатын мейірімді медбикені жұртшылық ерекше құрметтейді.
— Диана — өзіміздің ауылдың қызы. Ауыл халқының барлығы жақсы көреді. Басымыз, ішіміз ауырса, Дианаға жүгіреміз. Ол күн-түн демей үйге келіп, бар ем-домын жасайды. Өте кішіпейіл, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын маман. Велосипед алып беру туралы ой аяқ астынан келді. Медбикеміздің велосипеді сынып қалып, жаяу жүргенін естідік. Күйеуім Ақылбек екеуіміз ақылдасып, жаңа велосипед алып беру туралы ойымызды ауылдастарымызға айттық. Бәрі бірден қолдай кетті. Дереу әлеуметтік желіден топ аштық. Әп сәтте ақша да жиналды. Сөйтіп, жолдасым екеуіміз қаладан электровелосипед алып келдік. Барлығымыз жиналып туған күні қарсаңында тосын сый қылып бердік, — дейді ауыл тұрғыны Бейбіт Құсайынова.
Ал Диананы ауылдастарының бұндай тосын сыйы ерекше қуантыпты. Қазір жаңа көлігімен ауыл ішіндегі шақыртуларға жүйткіп жүр.
— Жұмыста науқасты қабылдап отырғанмын. Бір кезде ауылдастардың бірі «сізді сыртқа шақырып жатыр» деді. «Кабинетке кірсін» десем, сыртқа шақырып қоймады. Аяқ астынан не болып қалды екен, аманшылық па деп атып шықсам, бір топ адам сыртта шар ұстап жиналып тұр. Әуелгіде тосылып қалдым. Сөйтсем, тұрғындар туған күнім қарсаңында мені қуантуға келіпті. Қатты толқыдым, ауылдастарыма ризамын. Велосипедім сынып қалып, қиналып жүрген едім. Себебі ауылда зейнеткерлер бар. Көбі үйлеріне шақырады. Ал велосипедпен тез бара қоямын. Соңғы кезде жаяу жүргенімді көрген ауылдастарым осылай тосын сый жасауды жөн көрген. Барлығына алғысым шексіз. Құрметтері үшін ризамын. Жаңа көлігім өте күшті. Әсіресе түнгі шақыртуға барғанда қиналмаймын, тез барамын, — деді медбике Диана ағынан жарылып.
Диананың үш баласы бар. Күйеуі вахталық әдіспен жұмыс істейді. Қазір ауылдық клубтың бір кабинетінде отырады. Биыл жаңа медициналық пункт салынып жатыр. Жалпы, Аққайың ауылында төрт жүзге жуық тұрғын бар.
Кәмшат ҚОПАЕВА.