Жаңалықтар

Үлескерлер нені білуі қажет?

Баспана

Облыста пәтер алу үшін миллиондаған қаржысын құйған салымшыларды сан соқтырып кеткен жарнамасы жер жарған компаниялар мәселесі әлі де өзекті. Жалпы пәтер алу үшін ақша салатын тұрғындар нені білуге тиіс? Құрылыс ұзаққа созылса, қалай әрекет ету керек?

Ақтөбеде үлескерлердің проблемасын шешу үшін биыл  «Ақтөбе құрылыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрылды. Серіктестік директоры Нағымжан Алдияров баспанаға қаражат салмас бұрын үлескерлер ескеруі керек маңызды мәселелерге тоқталды.

Үлескерлікпен пәтер алу «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы»  заңмен реттеледі. Бұл заң бойынша үлескердің ақшасын тарту үшін құрылыс компаниясына бірнеше талап қойылады. Біріншіден, бірыңғай оператордан кепілдік алады, яғни «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» акционерлік қоғамымен келісімшарт жасайды. Бұл кепілдік не үшін қажет? Құрылыс компаниясы банкрот болып, құрылысты  уақытында аяқтай алмаған жағдайда заң бойынша «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» қаржыландыруға міндетті. Екіншіден, екінші деңгейлі банк жобаға қатысады, яғни келісімшарт жасалады. Үшіншіден, компания көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасын тұрғызуы қажет. Осыдан кейін барып жергілікті атқарушы органға тіркеледі. Құрылыс компаниясы осы талаптарды орындағаннан кейін ғана үлескермен келісімшарт жасай алады. Сондықтан салымшылар пәтерге ақша салмас бұрын алдымен компанияның осындай құжаттары бар ма, жоқ па — соны сұрауы керек. Қазіргі таңда бар ақшасын компанияға салып, соңында сан соғып қалған үлескерлер көп. Бұл мәселемен   «Ақтөбе құрылыс компаниясы» айналысып жатыр. Егеркелісімшартта көрсетілген уақытта құрылыс аяқталмай ұзаққа созылып кетсе, тұрғындар ішкі істер органдарына ұжымдық арыз түсіреді. Арыз негізінде ішкі істер бөлімі тергеу амалдарын жүргізеді. Экономикалық және құрылыс бойынша сараптама қорытындысы шығарылып, қылмыстық іс сотқа жіберіледі. Сот үкімі шыққаннан кейін үлескерлер тұрғын үй құрылыс кооперативін құрып,  екінші рет сотқа шағымданып, құрылыс компаниясындағы активтерін қайтарып алады. Осыдан кейін «Ақтөбе құрылыс компаниясы» серіктестігіне хабарласады. Серіктестік  инвесторлар тартып, құрылыс мемлекеттің қолдауымен аяқталатын болады. Ал салымшылар ақшасын қайтарып алғысы келсе, бұл жағдайда да келісімшарт негізінде сот арқылы шешіледі,  — деді Нағымжан Алдияров.

Қазіргі таңда «Ақтөбе құрылыс компаниясы» серіктестігі  қала бойынша 11 жобаны қолға алды. Яғни құрылысы уақытында аяқталмай 4-5 жылға созылып кеткен 26 үйдің мәселесін шешумен айналысып жатыр. Мәселен, бүгінгі таңда«Каспий групп» ЖШС, «Алашорда»,«Сафина» тұрғын үй кешендеріне қатысты сот процестері басталған. Ал Әуе қалашығы ауданындағы  «Авиатор премиум», «Эксклюзив» тұрғын үй кешендерінің құрылысын жалғастыру үшін инвесторлардың қаражаты тартылды. Жалпы, жылдың аяғына дейін 14 үйдің құрылысы инвесторлардың көмегімен бітеді.

Сондай-ақ мамандар құрылыс компаниясын таңдаған кезде оның тәжірибесіне, нарықта қай уақыттан беріжұмыс істеп келе жатқанына назар аудару керектігін айтады. Қанша тұрғын үй салғанына, оның сапасы қандай екеніне мүмкіндігінше сараптама жасау керек. Бұқаралық ақпарат құралдарында шыққан ақпараттарға да назар аударған жөн. Сондай-ақ әлеуметтік желі қолданушыларының тұрғын үй компаниялары туралы да пікіріне құлақ асқан дұрыс. Себебі бұндай парақшаларда шынайы пікірлер жазылады. Сондай-ақ құрылыстың заңсыз не заңды жүргізіліп жатқаны туралы ақпаратты мемлекеттік сәулет-құрлыс басқармасынан білуге болады.  Аталған басқарма ғана құрылысты бастауға рұқсат береді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button