Жаңалықтар

Құрлық экожүйелерін қорғау

Экология

Құрлық — жер қабығының дүниежүзілік мұхит деңгейінен көтеріңкі ірі бөлігі. Оның шеткі аймақтары мұхит деңгейінен төменде жатыр. Жер бетінің төрттен үш бөлігін су алып жатса, ең маңызды төрттен бір бөлігін құрлық құрайды.

Құрлық экожүйесінің өзекті мәселесінің бірі — шөлейттену. Бұл— қазіргі уақытта әлемнің барлық елінің жер өнімділігіне және азық-түлік қауіпсіздігіне бірінші дәрежеде әсерін тигізетін ең маңызды жаһандық проблемалардың бірі. Айта кеткен жөн, алғаш рет шөлейттену мәселесіне жұртшылық назары 1968-1973 жылдары ауған еді. Ол кездері Сахара шөлінің оңтүстік аймақтары апатты құрғақшылыққа ұшырап, соның салдарынан халықтың едәуір бөлігі қырылып, ауыл шаруашылығы саласы толық құлдырады.

Бұл жағдай біздің елімізге де кері әсерін тигізді. Бірқатар өңірде жемшөп алқаптары жойылып, жануарлар қырылды.

Әлемнің саяси картасында Қазақстан аумағы Орталық Азия құрлығының 2 млн 725 мың шаршы шақырымын алып жатқанымен, әлсіз ылғалдылығымен және республиканың едәуір бөлігінде шөл және шөлейт аймақтардың таралуымен ерекшеленеді. Өкінішке қарай, бүгінде Қазақстан аумағының 66 пайызы шөлейттенуге ұшыраған.

Өз Жолдауында еліміздегі шөлейттену мәселесін шешудің маңызынатоқталған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде су ресурстарының жеткіліксіздігіне байланысты елімізде су үнемділігін жаңа технологиялар мен цифрландырудың көмегімен арттыру қажет екенін атап өтті.

Табиғи ресурстарды сақтап, үнемдеп, қалпына келтірумен айналысу қажет. Бұл бағытта Қазақстанда көлемді жұмыстар атқарылып жатыр.

2019 жылы еліміз бойынша ормандарды толықтыру көлемінің артқанын байқауға болады. 59,8 гектар алқапқа орман егу жоспарланғанымен, іс жүзінде 63,9 мың гектар жерге орман ағаштары егілген екен.

Трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласында белгілі бір елдермен ынтымақтастық орнату — Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің жұмысының басым бағыттарының бірі. 2019 жылы қазан айында Пекин қаласында өткен бірлескен комиссия отырысында су ресурстарына тараптардың экожүйелерін дамыту және сақтау мүдделерін кешенді ескеру туралы келісімге қол жеткізілді.

Құрлық экожүйесі адам өмірі үшін маңызды екенін ұмытпаған жөн. Оларды қорғау, тиімді пайдалану, қалпына келтіру — жас ұрпақтың болашағы мен өмір сапасының жақсы болуының кепілі.

Раббина АХАТАЕВА,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті

Экономика және бизнес жоғары мектебі студенті.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button