«Ақтөбе» — 100!Басты жаңалықтар

«Кедейден» басталған жол

Бүгін облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің жарыққа шыға бастағанына бір ғасыр, яғни 100 жыл уақыт толды. Газетіміз алғаш «Кедей» деген атпен жарыққа шығып, одан соң әр кездегі әкімшілік-аумақтық реформаларға, ел, өлке тарихындағы үлкен өзгерістерге байланысты атауы өзгеріп отырған. Газеттің облыстық мемлекеттік архивте сақталып қалған көне тігінділері соңғы бір ғасырдағы аймақ тарихының оқулығына пара-пар десек, қателеспейміз.

Облыстағы 100 жылдық тарихы бар жалғыз қазақ газетінің ұлт руханиятына қосқан үлесі қандай? Газеттің тарихында ізі қалған көрнекті тұлғалар кімдер? Газеттің 100 жылдығына орай қандай шаралар жоспарланып отыр? Ғасырлық мерейтой қарсаңында біз «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншинмен осы және басқа сауалдар төңірегінде сұхбаттастық.

— Алдымен, газеттің тарихына үңіліп, «Кедейдің» алғашқы саны оқырман қолына тиген кезеңнен бастасаңыз…

—Иә, бүгінгі облыстық басылымның ізашары «Кедей» газеті қалың оқырманға алғаш рет 1924 жылдың 7 маусымында жол тартқан болатын. Бастапқыда газет араб қарпіне негізделгентөте жазумен, екі бет қана көлемде және аптасына бір рет жарық көріп тұрды. Газет Ақтөбе губерниялық кеңесінің және партия комитетінің органы ретінде жарыққа шықты, мұны сол кезде халыққа түсінікті етіп, «Ақтөбе губерниялық советі һәм партия комитеттерінің тілі» деп көрсетіпті.

«Кедей» алғаш шыға бастаған кезінен көпшілік санасына жаңа заманның беталысын сіңіруге, халықтың сауатын ашып, мәдениетке үйретуге ұмтылған салмақты басылым болғаны аңғарылады. Сонымен бірге жұртшылықты жан-жақты ақпараттандыру бағытындағы «Қазақстанда», «Елден», «Жастар тұрмысы», «Ішкі хабарлар», «Сыртқы хабарлар» сынды тұрақты айдарлары даболды.

Ол кезде ұлттың жоғы көп еді, соның ішінде кәсіби мамандар да жетіспеді. Сондықтан алғашқы буын газетті үлкен қиыншылықпен шығарды. Бұл туралы «Кедей» газетінің тұңғыш жауапты хатшысы болған Кенжебай Назаралин өз естелігінде: «Кедей» газетінің бірінші саны 1924 жылдың жазында жарық көрді. Тырнақалды нөмірдің өзін әзер деп шығардық. Өйткені ол кезде білімді журналистер, әріп терушілер және баспахана қызметкерлері жоқ болатын. Оның үстіне қазақ тіліндегі әріптер жетіспей, Қазаннан алдырдық. Тәжірибесіздіктен де таяқ жедік», — дейді.

Жазушы Жиенғали Тілепбергеновтің бас редактордың орынбасары болып тағайындалуы газеттің жұмысына, мазмұнына жаңа серпін әкелді. Сондай-ақ белгілі ғалым Құдайберген Жұбановтың, «Еңбекші қазақтан» келген Кенжеғали Абдуллиннің ойлы мақалаларына үңіле отырып, газеттің іргетасы әуелден-ақ мықты қаланғанын түсінеміз.Газетте ауыл тілшілері жіберген хабарлар, мақалалар өте көп жарияланды. Оларға үнемі «Кедейдің» басқармасы атынан «Тілшілер не жазу керек?», «Тілшілер! Шаруа нені аңыз қылады, жазыңдар!» деген сияқты нұсқаулар беріліп тұрыпты.

1926-1929 жылдар аралығында «Кедей» газетін Жанұзақ Жәнібеков басқарды. Бұл тұста жаңа басылымныңбағытыбіршама айқындалып, журналистер де, ауыл тілшілері де жазуға төселіп қалған еді.Жалпы, атауынан көрініп тұрғандай, кедей табының мұңын мұңдап, жоғын жоқтау міндеті жүктелген басылым жалған ұраншылдыққа ұрынбай, тұтас ұлттың мүддесі үшін де қызмет ете білді.

Алдымен губерниялық, кейіннен округтік газет болған «Кедейдің» таралымы жылдан-жылға өсіп отырған. Газеттің осы алғашқы атауы 1930 жылғы тамыз айына дейін сақталып, сосын «Алға» болып өзгерді. Бұл, бір жағынан, сол тұстағы әкімшілік-аумақтық реформалармен байланысты болды: 1930 жылы бұрынғы округтер мен уездер таратылып, орнына аудандар құрылғаны белгілі.

Ал 1932 жылы наурызда облыстар құрылды, осы кезеңде біздің газеттің аты әуелі «Социалдық жол», сосын «Социалистік жол» болып өзгертілген. 1962-1965 жылдар аралығында Батыстағы облыстар біріктіріліп, өлке құрылуына байланысты, газеттің атауы «Батыс Қазақстан» болды. 1965 жылдан бастап облыстық деңгейдегі «Коммунизм жолы» атауымен шықты. 1990 жылғы 12 қазаннан бастап газет «Ақтөбе» атауын иеленіп келеді.

1974 жылы облыстық газеттің шыға бастағанына 50 жыл толуына орай еңбек ұжымы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

— Өңірдің тұтас бір ғасырлық шежіресі осы газетте еңбек еткен қаламгерлердің, тұрақты хат жолдаған авторлардың қолымен жазылып, бүгінде архив сөрелерінде қатталып тұр. Олардың ішіндекөптеген белгілі тұлғалардың, қазақтың танымал ақын-жазушыларыныңқолтаңбасы сайрап жатыр…

— Газеттің алғашқы сандарынан бастап-ақ белгілі заң қызметкері Мырзағұл Атаниязов, жазушы Жиенғали Тілепбергенов, тіл маманы Құдайберген Жұбанов, халық ақыны Әкімәлі Қаржауов «Кедейдің» штаттан тыс тілшілерінің қатарынан табылыпты. Ал газеттің алғашқы буын басшылары сапындағы Жанұзақ Жәнібеков, Кенжеғали Абдуллин, Тумыш Сарқожаев, Меңетай Жақсылықов, Мұқсым Қобдабаев, Құбаш Қожамұратов, Смағұл Мұқашев сынды қаламгерлер — жалпы ұлт баспасөзі, соның ішінде өңірлік журналистиканың қалыптасып-дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар.

Газетіміздің бетінде әр кезеңде Қуандық Шаңғытбаев, Мұхтар Құрманалин, Табыл Құлиясов, Тобық Жармағамбетов, Құрал Тоқмырзин, Қажығали Мұқанбетқалиев, Есенбай Дүйсенбаев, Мейірхан Ақдәулетұлы, Серікқали Байменше, Ертай Ашықбаев, Жақсылық Айжанов, басқа да елге танымал ақын-жазушылардың қолтаңбасы қалды.

Белгілі журналист Нұрқайыр Телеуов газетті 1965-1992 жылдар аралығында басқарса, одан кейінгі жылдарда Қуаныш Тектіғұлов, Идош Асқар, Әмір Оралбай, Қасымжан Байсадақов, Бауыржан Өтеулиев басылым тізгінін ұстады. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бері қарайғы кезеңде Мұрат Нұртаев, Таңатар Шаңбатыров, Кәдірбай Бекмағамбетов, Төлеміс Меңдіғалиев, Төребек Досқалиев, Смат Қабылбаев, Зейнолла Құлжанов, Марат Мырзағұлов, Әкімжан Оралбаев, Сағымбай Сембаев, Сексенбай Күлімбетов, Қуаныш Әлжанов, Әлімбай Ізбаев, Аманқос Орынғалиұлы, Жанғабыл Қабақбаев, Сатыбалды Сәуірбаев, Сағындық Ниянқұлов, Нұрмұханбет Дияров және басқа аға буын журналистердің есімі оқырман жадында жатталды.

— Осы газетте еңбек еткен жылдарда үш бірдей тарихи кезеңнің куәсі болдыңыз. Бұл кезеңдер де газет тарихының бір-бір бөлшегі. Сондықтан өз естелігіңізді де тыңдағымыз келеді…

— Мен газетке алғаш 1988 жылы корректор болып келдім. Бұл кеңес жұртшылығы үмітпен қараған қайта құрудың соңғы сұйылып, өтпелі кезеңнің қиындықтары бой көрсете бастаған тұс еді.Аптасына 5 рет шығатын газеттің жұмысы өте мазасыз. Материалдар линотип машинасы арқылы қолмен теріліп барып, беттеледі. Біздің жұмыс кабинетіміз — баспаханада. Қорғасын исі мұрын жарып тұрады. Газет түннің бір уағында дайын болады. Кезекшілікке келетін журналистермен бірте-бірте етене танысып, жақсы араласып кеттік. Тілші жетіспей қалған кездерде, олардың орнына сұхбаттарға, оқырмандардан түскен арыз-шағымдар бойынша зерттеу жүргізуге ықыласпен баратын едім. Сөйтіп, көп ұзамай редакцияның өзіне қызметке шақырылдым. Мұнда аға буын өкілдерінің өз ісіне адалдығына, сол кездегі редакциядағы қайнаған тірлікке куә болдым. Оқырманнан, әсіресе ауыл адамдарынан хаттар көп келетін. Қазір әлеуметтік желіде адамдар өз басына, қоғамда белең алған жайттарға қатысты ой-пікірлерін жазып, түрлі оқиғаларды баяндап жатады ғой. Ол кезде әлеуметтік желілер, ғаламтор жоқ. Содан да ма екен, өздерін толғандырған жайтты хатқа түсіріп, редакцияға жолдайтындар көп еді. Газет қызметкерлері әр хатпен танысып, жауабын жазып не нөмірге әзірлеп, арыз-шағым болса, оның соңынан ізденіп, ешқайсысын ескерусіз қалдырмайтын. Алдыңғы буын ағалар тақырып қоюға да шебер болатын. Бірде газетке «Інгенімнен айырылдым» деген тақырыппен ауылдағы оқырманнан келген хат жарияланды. Інгені жоғалып, таба алмай жүргенін айтып, көпшіліктен көмек сұраған. Оның артынан сол кісі тағы бір хат жолдапты. Інгенін іздеп жүргенде, астындағы аты да қолды боп кеткенін қынжыла жазыпты. Бұл хат газетке «Інгенімді іздеймін деп, мінгенімнен айырылдым» деген тақырыппен басылды. Ауыл-ауылдардағы малшылардан келген хаттар «Малшының мың да бір мұқтажы» атты арнайы айдармен берілетін. Бірі автолавкалар келмей, азық-түлікке тарығып отырғанын, екіншісі жайлаудан қыстауға көшіп келсе, үйінің терезелерін біреудің шешіп әкеткенін, осы секілді мұң-мұқтажын үзбей жазып жататын.

Баспахана ғимаратына кезекшілікке келіп-кететін мейірбан журналист ағаларды алғаш лездемеде көргенде, қатты шошығаным да есімде. Нөмірге шыққан немесе барғалы жатқан жарияланымдарды талқылап, пікір айтқанда, бірін-бірі аямай сынауға кірісті. «Сонша қатты кетіскендері несі екен?» деп ойладым. Сөйтсем, ол тек жұмыс барысындағы келіспеушілік болып шықты. Лездемеден шыққаннан соң түк болмағандай, жайма-шуақ әңгімелесіп, әдеттегідей араласып кете барады екен. Сын қанша қатты айтылса да, «газет дұрыс шықса екен» деген ниетпен айтылатынын, ол күнделікті жұмыстың бір бөлшегі екенін, оған бола бір-бірімен ренжіспейтінін кейіннен түсіндім.

Газетте жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы қызметтерін атқардым. Ұжымға әсіресе өтпелі кезең, яғни КСРО-ның ыдырау тұсындағы уақыт пен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық дағдарыс қиынға түсті. «Баспаханада қағаз жоқ» деген сылтаумен газеттің мүлде шықпай қалған кезі де болды. Сөйтіп қиналып жүргенде, облысқа жаңа басшы болып Шалбай Құлмаханов келді. Ол облыс активінің жиналысында: «Газет — елдің бүгінгі тұрақтылығына, ертеңгі болашағына ықпалы бар идеологиялық құрал. Ол неге тоқтайды?» — деп, осы мәселені бірден қолға алды.

Өтпелі кезең біраз жылға созылды. Газет шығып тұрғанымен, айлап қолға айлық тимеген уақыттар да болды. Бірақ журналистер де, оқырмандар да ертеңге үмітпен қарап, сол арқылы ел-жұртпен бірге көп қиындықты жеңіп шықты.

Керісінше, сол қиын кезде жаңа істер де қолға алынып жатты. Бір күні жұмыс барысымен бас редакторымыз Қуаныш Тектіғұловтың кабинетіне барсам, үлкен екі қорап тұр екен.Ол Наиф Камалов басқарған «Ақтөбемұнайгаз» ұжымының біздің газетке сыйға берген компьютерлері болып шықты. Мен осыларды бірден іске қосайық деген ұсыныс айтып,дереу ақылдасуға кірістік. Мәскеуден арнайы мамандар шақырылып,өзіміздің қызметкерлерімізді оқытып, алғаш газеттің компьютерлік орталығы ашылды. Бұрынғы көп бейнеттен арылып, заманға сай жаңа офсеттік тәсілмен жұмыс істеуге көштік.

— Газет әрдайым ел-жұртпен, қалың оқырманмен бірге келеді, бүгін де сол бағытынан тайған жоқ. Алайда дәстүрлі баспасөздің оқылымы азайып, таралымы кеміген қазіргі кездің жақсылы-жаманды өз ерекшеліктері бар ғой?

— Облыстық «Ақтөбе» газеті қазір бірнеше басылыммен қатар «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамына кіреді. «Ақтөбе Медианың» құрамында сондай-ақ облыстық «Актюбинский вестник» газеті, «Үш таған» журналы, арнайы сайттар мен YouTube арнасы бар. Жаңа медиа мен дәстүрлі БАҚ-тар арасында бәсекелестік күшейген қазіргі уақыттакүн тәртібіндегі көкейкесті мәселелерді көтеріп, оқырманмен байланысты нығайта түсу — ең маңызды міндет. Газет осы бағытта жұмыс істеп,өзінің артықшылығы — байыпты,салмақты қалпынан айнымай, өзекті мәселелерді жүйелі түрде жазып келеді. «Ақтөбе» газетінде білім, мәдениет, өнер, денсаулық, экономика, кәсіпкерлік,тағы да басқа тақырыптарда тұрақты арнаулы беттер де бар. Ауыл-елдің мұң-мұқтажын айтып, ой-пікірлерін жеткізетін «Оқырман» бетінің орны да ерекше.

Біздің оқырмандарымыздың басым бөлігі — ауыл жұртшылығы. Газетке жазылу барысында аудандағы күндер мен мәдени, тарихи-танымдық шаралардыдәстүрлі түрде өткізіп келеміз. Соңғы жылдары Ойыл, Байғанин, Шалқар, Мұғалжар, Темір, Ырғыз, Әйтеке би, Алға, Қарғалы, Хромтау, Мәртөк аудандарында өткен «Ақтөбе» газетінің күндері — осының дәлелі.

Бұл кездесулер барысында «Ең белсенді оқырман», «Ең жас оқырман», «Жанашыр оқырман», сондай-ақ Шалқар ауданында —қазақтан шыққан алғашқы тарихшы ғалымдардың бірі, профессорБекежан Сүлейменов, Ырғызда Социалистік Еңбек Ері Нұрқасым Бердіқұлов, Қазақстанның құрметті журналисі, филология ғылымдарының докторы, профессор Серікқали Байменше атындағы, Байғанин ауданында — кезінде республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Сұлтан Аманғосов, ұлағатты ұстаз Нұрман Қорбин, ғалым-дәрігер Қуандық Дүйсенов, көрнекті қаламгерлер Тобық Жармағамбетов, Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Есенбай Дүйсенбаев атындағы, Ойыл ауданында — екі мәрте республиканың Денсаулық сақтау министрі болған Ишанбай Қарақұлов атындағы, Темір ауданында даңқты әскери қолбасшы, генерал-лейтенант Жансен Кереев атындағы сыйлықтар белгіленіп, белсенді оқырмандарымызға тапсырылды.

Осының жүйелі жұмыстардың нәтижесінде «Ақтөбе» газеті өз оқырманын жоғалтқан жоқ, қазіргі таралымы 15 мыңға жетіп отыр.

—Газет өзінің ғасырлық мерейтойын қалай атап өтеді?

— Ең алдымен, мерейтой қарсаңында «Жүз жыл жылнамасы» айдарымен газет тарихын түгендеу қолға алынды.

Жуырда ақтөбелік альпинистер Тянь-Шань тауының Альтус шыңына шығып, «Ақтөбе» газетінің туын тігіп қайтты. Бұл да байырғы басылымның 100 жылдығына арналған мерейлі сәт болды.

Сондай-ақ мерейтой қарсаңында түрлі кездесулер, мәдени шаралар, спорттық сайыстар өткізу, «Жүз жыл жылнамасы» деген атауымен еліміздің астаналарына, соның ішінде ХХ ғасыр басындағы астанасы Орынборға, одан кейінгі Қызылорда, Алматы қалаларына, бүгінгі елордамыз — Астанаға арнайы экспедициялар ұйымдастыру жоспарланған.

Газеттің ғасырлық мерекесіне орай медиа-форум өткізуді де ойластырып отырмыз.Бұл жиынға еліміздің белгілі, тәжірибелі журналистері шақырылып, «Қазіргі заманғы журналистика және ұлттық баспасөз», «Дәуір үні және уақыт талабы» тақырыптарының аясында бүгінгі баспасөздің өзекті мәселелері талқыланатын болады.

Ардақты ақын, газетіміздің 100 жылдық шежіресінде із қалдырған қаламгер Есенбай Дүйсенбаевкезінде өзінің ұшқан ұясына арнап:

«Ақтөбе» боп тіреп қазір ат басын,

Айқара аштың әрбір үйдің қақпасын.

Бай боп, барша мұратыңа жеткейсің,

Қайта «Кедей» атанудан сақтасын!» — деп жырлаған екен. Біздің көкейіміздегі тілек те — осы.

Сөз соңында оқырманын тапқан газет өміршең болар дегендей, «Ақтөбе» газетінің жанашырларын да ортақ мерекемен құттықтап, оларға баспасөзбен берік байланысы, газетті сенімді серігі ретінде бағалап, бірге келе жатқаны үшін алғыс айтамын.

Сұхбаттасқан Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button