АуылБасты жаңалықтар

Құтты мекен — Құтикөл

Өңірімізде облыс орталығынан шалғай жатса да, тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған ауылдар бар. Сондай елді мекендердің бірі — Ырғыз ауданындағы Құтикөл ауылы. Мұнда ауызсу да, көгілдір отын да, интернет те бар. Елді мекенге ендігі керегі — жол…

Кәсіп ашқысы келетіндер көп

Былтыр Ырғыз ауданындағы бірнеше елді мекенде тұрғындар ауыл әкімін өздері сайлады. Соның нәтижесінде Құтикөлге де жас әрі іскер, еңбексүйгіш әкім келді. Абылай Спанов — осы ауылдың түлегі. Туған жеріне жанашырлықпен қарайтын азамат қазір ауылдың тұрмысын одан әрі жақсартуға барын салып жүр.

— Биыл әкім болып сайланғаныма бір жыл болды. Осы уақыт аралығында ауылды дамыту, көркейту бағытында жұмыс істеп жатырмын. Бүгінде Аманкөл ауылдық округінің орталығы Құтикөл ауылында 1119 адам тұрады. Шамамен 180-ге жуық түтін бар. Ауылымызда тұрғындарға барлық жағдай жасалған. Ауызсу да, газ да, интернет те бар. Орта мектебіміз 2013 жылы жаңадан салынды. Қазір мұнда 218 бала оқып жатыр. 2019 жылы ауылдық клуб үйі жаңадан бой көтерді, онда ауылдық модельдік кітапхана орналасқан. Клубымызда мереке және демалыс күндері тұрғындарға мәдени-көпшілік іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Ауылымызда өнерлі, талантты жастар көп. Бұдан бөлек дәрігерлік амбулатория, балабақша, өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Жалпы, елді мекенде жұмыссыздардың қатары жыл сайын азайып келеді. Кәсіпкерлікпен, мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындардың саны көбеюде. Бұл орайда «Ауыл аманаты» жобасының маңызы зор, — дейді Аманкөл ауылдық округінің әкімі.

Оның айтуынша, бүгінде елді мекенде 2354 ірі қара, 4722 қой-ешкі, 462 жылқы, 79 түйе, 302 тауық бар. Ауылда 16 шаруа қожалығы, 33 жеке кәсіпкер тіркелген. Былтыр ауылда «Ауыл аманаты» жобасы аясында екі монша ашылған. Сондай-ақ тұрғындарды азық-түлікпен, тұрмыстық заттармен қамтып отырған үш дүкен бар.

Ауыл тұрғындарының дені мал шаруашылығымен айналысады. Алған өнімін сатып, табыс табады. Сондай-ақ балық шаруашылығымен де шұғылданатындар бар. Былтыр ауыл тұрғындарының арасында 13 адам «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, өз жобаларын ұсынды. Бүгінде несиелерін алып, жаңа кәсіп бастап жатыр. Биыл да аталған жобаға он тұрғын құжаттарын тапсырды. Жуырда олар да несиелерін алып, кәсіптерін бастайды. Олардың арасында ірі қара, қой, жылқы өсірумен, сондай-ақ шаштараз ашқысы келетін тұрғындар бар. Қуаныштысы, 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алғысы келетін азаматтардың қатары көп. Ауылда жаңа кәсіп ашуға халықтың қызығушылығы мол, сұраныс та бар,— дейді Абылай Спанов.

Қазіргі таңда құтикөлдіктерді толғандырып отырған жалғыз мәселе — жол жайы. Аудан орталығы мен Құтикөл ауылының арасындағы 30 шақырым жолдың жөндеу көрмегеніне көп жыл болған. Былтыр осы жолға асфальт салуды бір мердігер ұйым өз мойнына алған. Алайда жұмысын аяқтамай, тастап кеткен. Биыл аталған жобаны реттеу жұмыстары қайта жүргізілуде. Жобаға қаржы аударылса, конкурс жарияланып, жол жөндеу жұмыстары басталады. Алайда бұл бағыттағы жұмыстардың нақты қай кезде басталатыны белгісіз. Ауыл әкімінің айтуынша, Ырғыз бен Құтикөлдің арасындағы жолға асфальт төселсе, тұрғындар жол азабынан құтылады.

— Бұған дейін ауылымызда үш көшеге асфальт төселген болатын. 2025 жылы тағы екі көшенің жолы жөнделеді. Былтыр балабақша да күрделі жөндеуден өтті. Бүгінде онда 50 шақты бала тәрбиеленіп жатыр, —дейді ол.

«Ақтөбенің» анықтамасы

Округ әкімінің сөзіне сенсек, Құтикөл ауылынан 15 шақырым жерде Құти деген көл бар, сол себепті бұлелді мекенҚұтикөл аталып кеткен. Ертеректе адамдар оңтүстікке сапарлап бара жатып, осы көлдің басына егін егіп, күзде қайтып бара жатып (батысқа қарай) сол егінді орып алған деседі.

Былтыр Құтидағы суды ұстап қалу үшін көл аумағына ұзындығы 2,9 шақырымдық бөгет салынған.

Несие алып, монша ашты

Құтикөл ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Талғат Жұбанышев былтыр «Ауыл аманаты» жобасы аясында монша ашқан. Бұл мақсатқа мемлекеттен бес жыл мерзімге 2,5 пайызбен 6,5 миллион теңге несие алған. Қазір сол монша ауыл тұрғындарына қызмет етуде.

— Ауылымызға заманауи үлгідегі, жайлы, таза монша қажет болды. Сондықтан бағдарламаға қатысып, несие алып, монша аштық. Қазір монша тұрғындарға қызмет етіп тұр. Сағатына — 600 теңге. Ауыл тұрғындарының бәрі риза. Кәсіпкер ретінде ауылымның дамып, көркеюіне өз үлесімді қосқаныма мен де қуаныштымын, — дейді ол.

Қазір Талғат Жұбанышев мұндакеліншегі екеуі кезектесіп жұмыс істейді. Моншаға аптасына алты күн бойы тапсырыс қабылдайды.

Бұдан бөлек кәсіпкер ірі қара, жылқы өсірумен де айналысады. Былтыр аудандағы «Ырғыз» кредиттік серіктестігі» ЖШС-нан 22 миллион теңге несие алып, 70 бас жылқы сатып алыпты. Бүгінде қожалығында 150 ірі қара, 70-тен астам жылқы, 5-6 түйесі бар.

— «Теламан» шаруа қожалығының базы Жарма мен Құтикөл ауылының ортасында орналасқан. Шаруашылығымызда 5-6 жұмысшы, екі трактор, бір «Газель» бар. Алдағы уақытта мал санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Құтикөлдің жері жақсы, құнарлы. Суы да мол. Мал шаруашылығымен айналысқысы келген адамға мұнда барлық жағдай бар. Тек бір мәселе — малшы табу қиын. Қазір ауылда жастар мал баққысы келмейді. Меніңше, малдың төлі, төрт түліктен алынатын өнім — нағыз берекенің көзі. Төлін, етін, сүтін сатып, табыс табасың, бір жағынан, бұл — табиғи таза өнім. Осыны жастар түсіне бермейді, — дейді шаруашылық басшысы.

Талғат Жұбанышев қазір моншамен қатар, ауылда азық-түлік дүкенін ашып, саудасын да дамытып отыр. Өзі жүк көлігімен қаладан тауар тасиды, тұрғындардан тапсырыс қабылдайды. Шаруасына тиянақты, еңбекқор, кәсібінен береке тауып отырған азамат қазіргі заманда ауылда өмір сүрген қолайлы екенін айтады.

«Ауыл аманаты» жобасына қатысып, монша ашқаныма қуанамын. Бұл да біз сияқты ауыл азаматтарына мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау деп білемін. Ауылымызда осы бағдарламаға қатысып, жаңа кәсіп бастап жатқандар жетерлік. Сондықтан осы жобаны жүзеге асыруға еңбек сіңірген азаматтарға алғысым шексіз. Лайым еліміз аман, халқымыз тыныш болсын! — дейді кәсіпкер.

Айта кету керек, кейіпкеріміз бүгінде отбасында төрт бала өсіріп отыр. Ол балаларын осы кезден бастап адал еңбек етуге тәрбиелеп жатқанын айтады. Еңбекқор, жан-жақты жігіттің алға қойған жоспары көп.

Ер-тоқым жасап, қамшы өреді

Құтикөл ауылының тұрғыны, қолөнер шебері Назарбай Бөлекбаевқолы қалт етсе ер-тоқым жасап, қамшы өреді. Ол он күннің ішінде ат әбзелдерін түгел жасап беретінін айтады. Шебер ер-тоқым жасауға ағаш, темір мен киіз, сондай-ақ қатты мата қолданатынын айтады.

Ердің үзеңгісін, ауыздығын темірден, жақтауын ағаштан жасаймын. Ал тоқымға ескі киіздерді қиып, жапсырамын. Сыртынан қатты, әдемі матамен қаптаймын. Он күннің ішінде бір адамның тапсырысын жасап беремін. Бір ер-тоқымды 20 мың теңгеге сатамын. Жалпы, менің мұндай ұлттық бұйымдар жасауға деген қызығушылығым көп жыл бойы қалыптасты. 1990 жылдары кеңшар тараған соң, жұмыссыз қалдым. Ұзақ жылдар бойы бұрынғы «Коминтерн» кеңшарында слесарь болып жұмыс істегенмін. Содан қолым бос болған соң ат әбзелдерін жасауға бет бұрдым. Онда да ауыл ішінде, көрші ауыл тұрғындарынан ғана тапсырыс аламын, — дейді шебер.

Назарбай Бөлекбаев қамшы жасауға қолданатын шикізаттарды Орал қаласынан алдырады екен. Ал қамшының сабын тобылғыдан жасайды. Тобылғыны ауыл маңынан жинап әкеледі. Ол бір қамшыны 4-4,5 мың теңгеге сатады.

— Қамшы ертеден-ақ қазақ халқының тұрмыстық бұйымы болып саналған. Мал шаруашылығында қой қайырып, жылқы айдаған қамшыны кезінде аталарымызжауына қарсы қару ретінде де пайдаланған. Осындай атқаратын қызметтеріне және жасалу үлгісіне қарай қамшы бірнеше түрге бөлінеді. Ал мен жасайтын қамшы — сабы тобылғыдан жасалатын, мал қайыруға арналған қамшы. Сондай-ақ тапсырыс түссе, ноқта, тұсау, шідер, жүгенді де жасап беремін, — дейді кейіпкеріміз.

Қолөнер шебері бүгінде 100 мың теңгеден астам зейнетақы алатынын айтады. Алған қаржысына шикізат сатып алады. Кейде жақсы табыс табады, кейде тапсырыс аз түседі. Қалай десек те Назарбай аға бос отырмайды. Мүмкіндігі болса інісі Асанға көмектесіп, жылқы бағады. Ағайындылардың ортақ «Бөкен» атты шаруа қожалығы бар. Құрылғанына көп болмаса да, мұнда жылқы саны жетерлік.

Ұлттық бұйымдарды кәсіп етіп, табыс тауып отырған ауыл азаматының ісі— көпке үлгі. Бүгінде 4 баладан бес немере сүйіп отырған ол болашақта атакәсіпті ұрпақтарына үйрететінін айтады.

Р.S. Бүгінде Құтикөл ауылының тұрғындары баспасөзге белсенежазылады.Ырғыз ауданы бойынша облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетіне ең көп жазылатын — Аманкөл ауылдық округі. Мәселен, Құтикөл ауылының өзінде  122 отбасына облыстық газет тұрақты түрде «келіп тұрады». Ұзақбай  Құлымбетов, Телжан Шонанұлы, Тел Жаманмұрынов сияқты қазақтың белгілі тұлғалары дүниеге келген топырақтың азаматтары рухани іс-шараларға да белсене араласады.

             Данагүл ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button