Жаңалықтар

Балалар музейге барды

Экскурсия

Су тасқыны салдарынан эвакуациялық пункттерде тұрып жатқан отбасылардың балаларына көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі мен облыстық тарихи-өлкетану музейіне экскурсия ұйымдастырылды.

Алдымен балалар Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейіне экскурсия жасап, қазақтың батыр қызы Әлияның өмірінен сыр шертетін деректермен танысты. Музей қызметкері Әсемгүл Асқарқызының айтуынша, осындай іс-шаралар ұлттық болмысымызды танытуға мүмкіндік береді.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, айтып келмейтін апат салдарын бірге жеңуге күш салып жатырмыз. Әсіресе үйін су басқан тұрғындардың балаларына көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында №14, №36 қазақ орта мектептерінің оқушыларына арнап экскурсия өткізілді. Алдағы уақытта осындай мазмұнды танымдық сағаттар мен экскурсиялар оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай ұйымдастырылмақ, — дейді ол.

Одан соң Ақтөбе жоғары гуманитарлық және Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технология колледждерінің жатақханасындағы эвакуациялық пунктерінде орналасқан 70-ке жуық бала облыстық тарихи-өлкетану музейіне келіп, экспонаттармен танысты.

—  Экскурсия барысында музей қызметкерлері Данагүл Әзім мен Нұрия Сәрсенова музей қорындағы құнды жәдігерлермен таныстырды. Әсіресе балалар кесеқап, торсық, кебеже секілді ескі бұйымдарды қызыға тамашалады. Мұндағы жәдігерлер — еліміздің байлығы, кейінгі ұрпаққа қалатын мұрамыз. Сондықтан мұндай іс-шараның келешек ұрпаққа берері көп. Экскурсия мамыр айының 5-іне дейін жалғасады, — дейді экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Айзагүл Ермекқызы.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button