Пікір

Нақты шаралар мен сенімді қолдау

Раиса БАЙЛИЕВА, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты:

— Елдегі қазіргі жағдай кім-кімге де оңай болмай тұр. Тасқын судың зардабын облыс жұртшылығы да тартып жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев табиғи апатқа байланысты жариялаған Үндеуінде: «Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады. Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы — азаматтардың амандығы», — деді.

Мемлекет басшысы еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланғанын айтты. Оның ішінде Ақтөбе облысы да бар.

Қазіргі таңда күрделі жағдайға байланысты аймақта жергілікті атқарушы органдар мен бірлескен құрылымдардың арқасында нақты іс-шаралар атқарылып жатыр. Халық қалаулысы ретінде біз де өз тарапымыздан үйлерін, аулаларын су басқан сайлаушыларымызға шама-шарқымызша көмектесіп жатырмыз. Ақтөбе қаласындағы №6 сайлау округі бойынша екі саяжай учаскесі су астында қалды. Бұл — Жарық ауылы мен 41-разъездегі саяжай аумағындағы үйлер. Осы үйлердің тұрғындарына азық-түліктей, заттай көмек беріліп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз Үндеуінде тасқын судан зардап шеккен бірде-бір адамның ескерусіз қалмайтынын айтты. Бұл осындай жағдайға тап болған әрбір тұрғын үшін дәл қазіргі сәтте алдағы күнге деген үлкен сенім мен мемлекеттің шарапатын сезінудегі мықты қолдау деп білемін.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button