Пікір

Жастар қашанда қолдайды

Нұрлыбек МУСИН,

облыстық жастар ресурстық орталығының

басшысы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев cу тасқыны болмаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Бұл жұмыстарға тұрғындар мен еріктілерді тұрақты түрде тарту маңызды екенін атап өтті. Облысымызда 8500-ге жуық ерікті су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесіп жатыр. Ендігі кезекте тасқын су шайған жолдарды ретке келтіру мен тазалық жұмыстарына еріктілерді, «Жасыл ел» еңбек жасағының жастарын, жастар ұйымдарының мүшелерін жұмылдыруды жоспарлап отырмыз.

Тұрғындардың кейбірі жеке тұрғын үйлерінің аулаларын уақтылы тазартпайды. Соның салдарынан арықтар қоқыстармен бітеліп қалады. Тазалық бәрімізге керек. Сондықтан әрқайсысымыз тазалықты өзімізден бастауымыз керек. Осы аптада алғашқы сенбілікті ұйымдастырып, Сазды су қоймасы мен арықтарды күл-қоқыстан тазартуды жоспарлап отырмыз. Тасқын судың беті қайтқан соң, Қарғалы су қоймасынан бастап қаламыздағы ірілі-ұсақты өзендерде «Таза қала — таза жағалау», «Бұлақ көрсең, көзін аш» секілді акцияларды ұйымдастырмақпыз.

Президенттің айтуынша, елді мекендер мен қоғамдық демалыс орындарын күтіп-баптау әкімдер қызметін бағалаудың тағы бір өлшемі болмақ. Жалпы, өңірлердің басшылары қалаларды лайықты және тартымды жағдайда ұстау мәдениетін енгізуі керек. Сондықтан тек жастар ғана емес, барша қала тұрғындарын тазалық жұмыстарына белсенді қатысуға шақырамын.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button