Пікір

Ортақ міндетті сезіну жауапкершілікті арттырады

Нұрбол ЕРЖАНОВ,

Алға ауданының әкімі.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес

Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес — ең өзекті мәселенің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей, біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр. Сондықтан Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі — осы індетпен күресу.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда.

Заңдылықтың сақталуында мемлекеттік қызметкерлер өзгелерге үлгі болуы керек. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу туралы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды, жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтқанда, қоғамдағы ізгіліктің барлығы адалдықтан бастау алады», —  деген болатын.

Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстарға және осы тұрғыдағы құқықбұзушылықтарға бой алдыруының түрлі себептері бар. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқықбұзушылыққа немқұрайдылық танытуы, кәсіби дағдыларының жетіспеуі жеке басының ғана қамын ойлауы да сыбайлас жемқорлыққа алып келеді. Сондай-ақ кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын орындауда ынта танытпауы, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлыққа жол беруі мүмкін.

Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына  әкеледі. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуге тиіс.

Алға ауданы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жоспарлап, оның талапты мәселелерінің тапсырмаларын атқаруға өзге мекемелер мен органдарды міндеттейтін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы» тұрақты түрде жұмыс жасайды. 2023 жылы аталған комиссияның жоспарлы түрде 4 отырысы өткізіліп 16 мәселе қаралды.  Онда білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, құқық қорғау органдары, қала және ауылдық округ әкімдіктерінің жұмысы, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және көші-қонға қатысты жайлар қамтылды.

Комиссия отырысында барлық бөлімдер, қала және ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау, прокуратура, денсаулық және білім бөлімі қызметкерлерінен бөлек, мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестік мүшелері және кәсіпкерлік өкілдерінің қатысуына да кең мүмкіндіктер берілді. Азаматтарға арналған ашықтық принципін қалыптастыру мақсатында аудан азаматтарымен тікелей байланыста болып, олардың мұң-мұқтажын білу үшін аудандық бөлім басшыларымен ай сайын инстаграм желісі арқылы тікелей эфир кездесулері жасалды. Өткен жылы бұл бағытта әлеуметтік желіде 94 кездесу өткізілді. Есеп бойынша тікелей эфирде әртүрлі салада 600-ден астам сұрақ қойылып, оған толыққанды жауап берілді. Тікелей эфирдің қаралымы — орташа есеппен 100-110 адам.

Сонымен қатар 2023 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы 16 бейнеролик аудан әкімдігінің әлеуметтік желісіндегі (alga_aqparat) және 35 ақпараттық жарияланым бөлімдердің әлеуметтік Instagram парақшаларында жарияланды.

Жергілікті «Жұлдыз-Звезда» газетінде жиырмадан астам тақырыптық мақала жарық көрді. Қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында «Алға-Жылу» КМК коммуналдық мекемесінің түбіртектерінің кері бетіне «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» және «Азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға қатысуы» жөніндегі жадынамалары орналастырылып, бүгінге дейін 10 358 хабарлама таратылды.

Алға қаласы әкімдігінің ғимаратында «Әкімдік – азаматтар үшін» қызметі жолға қойылған. Сонымен қатар бұл ғимаратта халыққа қызмет көрсету орталығы, жұмыспен қамту, мәдениет, жылжымайтын мүлікті тіркеу орталығы, нотариусмекемелері жұмыс жасайды. Бестамақ, Қарағаш ауылдық округі әкімдік ғимараттарында «Сервистік әкімдік» жұмыс жасауда.

Бюджет қаражатының игерілуінде ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында барлық мемлекеттік мекеме қаражаттары «Ашық бюджет», жергілікті әкімдік сайттарында жарияланып, ай сайын қаражат қозғалысы көрсетіліп отырады.

Жүргізіліп отырған жұмыстардың нәтижесінде 2023 жылы сыбайлас жемқорлық жағдайлары орын алған жоқ.

Әрине, сыбайлас жемқорлық бір күнде емделетін сырқат емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаға зиянын тигізіп, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Сонда ғана ел дамуына үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button