Денсаулық

ЭКО денсаулыққа зиян ба?

Ілкіде қоғамда ерлі-зайыптылардың сәби сүйе алмауына тек әйел кінәлі деген пікір басым болды. Кейінгі кезде ғана оның қате екеніне көпшіліктің көзі жете бастады. Медицина саласындағы ғылымизерттеулер нәтижесіндегі стастистикаға сүйенсек, бүгінде әйел адамдар мен ер адамдардың бедеулігі бірдей деңгейде.   

Ақтөбедегі жасанды ұрықтандыру орталығы осы мәселелерді шешуге көмектеседі. Былтыр осы орталықтың көмегіне сүйенген әйелдердің  ішінде 200-ден астам ана сәбилі болған.

«АҢСАҒАН СӘБИ»: ҚАНША КВОТА БӨЛІНДІ?

«Балалы үй — базар»… Алайда бүгінде елімізде сәби сүйе алмай отырған шаңырақтардың саны көбейіп барады. Облыста бедеулік диагнозы қойылған 1500 әйел есепте тұр. Мемлекет осы мәселені озық технологиялардың арқасында шешудің жолын қарастырып жатыр. Облыстық перинаталды орталықтың ішіндегі жасанды ұрықтандыру бөлімі 2017 жылдан бастап жұмыс істейді. Ал 2021 жылдан бастап орталық «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы тегін ЭКО (экстракорпоральды ұрықтандыру) қызметін көрсетеді.

Орталықтың бас директорының орынбасары, медицина ғылымының кандидаты, акушер-гинеколог,  репродуктолог  Светлана Есенаманова биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы өңірге 319 квота бөлінгенін айтты.

Аталған бағдарлама бойынша төртінші жыл қатарынан жұмыс істеп жатырмыз. 2021 жылдан бастап биылға дейін 947 отбасы квота бойынша экстракорпоральды ұрықтандыру емін алды. Жалпы, ЭКО-ға бедеулік диагнозы қойылған әйел ғана жүгінеді. Яғни ерлі-зайыптылар бір жылдың ішінде сәби сүйе алмаса және барлық терапиялық ем-домнан да нәтиже болмаса, жасанды ұрықтындыру көмегіне жүгінеді. Бір қуантарлығы, жыл сайын өңірге бөлінетін квота саны өсіп келеді. Мәселен, алғашқы кезде бес квота бөлінсе, кейін көбейді. Ал қазір жыл сайын 300 квота шамасында бөлініп отыр. Бұрын әйелдер квотаға ілігу үшін ұзақ уақыт кезекте тұрса, қазір бір жылдың ішінде емін алады, — дедіСветлана Есенаманова.

КВОТА ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА БЕРІЛМЕЙДІ?

Светлана Есенаманованың айтуынша, тегін квота бәріне бірдей беріле бермейді. Оның да талаптары бар. Бедеуліктің өзі ерлер мен әйелдердің денсаулығына қарай бөлінеді. Оған ең алдымен әйелдердің жатыр түтіктерінің өтімсіздігі және эндокриндік факторлар жатады. Мұны анықтау үшін экстракорпоральды ұрықтандыру мамандарына жүгініп, кеңес алуы керек.

Ерлі-зайыптының екеуіне, яғни ерге де, әйелге де бедеулік диагнозы қойылғаннан кейін ешқандай медициналық ем-дом нәтижесін бермесе,оған тек қана ЭКО көмектеседі. Алайда квота бәріне бірдей берілмеуі мүмкін. Сондықтан алдымен әйелдің денсаулығы тексеріліп,толық зерттеу жүргізіледі. ЭКО-ға жүгінетін әйелдің овариальды резервіжақсы болуға тиіс. Овариальды резерв дегеніміз — әйелдерге туғаннан бастап берілетін аналық жасушалардың қоры. Аналық жасушалар қоры әйелдің жасы ұлғайған сайын азая береді. Сондықтан оны тексеру маңызды. Осы тексерістен кейін ғана қорытынды жасалып, комиссия қарайды.Егер овариальды резервітөмен болса, ол әйел квотаға ілікпей қалуы мүмкін. Сондай-ақ ауыр соматикалық ауруларына байланысты қарсы көрсеткіштер болса, қатерлі ісікпен ауырса, квота берілмейді, — деді акушер-гинеколог.

Дәрігер сәби сүйгісі келетін отбасылар бедеулік диагнозы қойылғаннан кейін көп жағдайда уақыт өткізіп алатынын айтады. Ал уақыт өткен сайын —  әйелдің жасы ұлғайған сайын овариальды резерві төмендеп кетеді.

35 жастан кейін әйелдің де, ердің де денсаулығында өзгерістер болады. Осы жастан бастап овариальды резерв төмендейді. Сондықтан біз неғұрлым ерте қимылдау керектігін ескертеміз. Алайда әйелдердің көпшілігі 37, тіпті 42 жастан кейін ЭКО-ға келеді. Әлгі айтқанымдай, бұндай кезде жасанды ұрықтандырудың өзі көмектеспеуі мүмкін. Жас ұлғайған сайын асқынулар көп болады. Сондықтан перзент сүйемін деген отбасы уақыт өткізбей,ЭКО-ға неғұрлым ерте келгені жөн, — деді Светлана Есенаманова.

Жасанды ұрықтандыруға қатысты көпшілік арасында түрлі пікір бар. Мәселен, «ЭКО жасатқаннан кейін қатерлі ісік ауруы туындауы мүмкін» деген дәлелденбеген ақпаратқа сенетіндер бар. Тіпті  құтыда өмірге келген баланың денсаулығына да күмәнмен қарайтындар да көп. Ал дәрігерлер бұндай ақпараттарды жоққа шығарады.

—ЭКО жасамас бұрын әйелдің денсаулығы жан-жақты тексеріледі. Созылмалы ауруы болса, емделеді. Тексеру кезінде қандайда бір күмәнді жағдай болса, сараптама қорытындылары дұрыс болмаса, қажетті мамандарға жолдама беріледі. Яғни әйел толық тексеруден өтеді. Егер әйел қатерлі ісікпен ауырған болса, оған ЭКО жасатуға кеңес бермейміз, яғни ауру өршуі мүмкін. Ал ЭКО-дан кейін қатерлі ісікке шалдығады деген — қате түсінік. Ондай жағдай болған жоқ,  — деді Светлана Есенаманова.

Жолдаманы кім береді?

Жасанды ұрықтандыру жолымен сәби сүю үшін квота алғысы келген жұптың ең алдымен медициналық сақтандыруы болуы керек. Содан кейін тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханасына өтініш білдіре алады. Ол үшін бедеулік бойынша диспансерлік бақылауда тұруы қажет. Ең бастысы, іріктеу талаптарына  сәйкес келсе болғаны. Толық медициналық зерттеуден өткен соң, жергілікті емхана ерлі-зайыптыны облыстық перинаталды орталықтағы гинеколог-репродуктологтарға жібереді.Міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде ЭКО қызметін тек қазақстандық ерлі-зайыптылар ғана ала алады. Олар ЭКО-ны қай орталықта жасататынын өздері шешеді. Қазақстанда ЭКО жасайтын 19 орталық бар. Ерлі-зайыпты осының бірін таңдайды.

P.S.Экстракорпоралды ұрықтандыру әдісі еліміздегі бала сүю бақытына қолы жетпей жүрген отбасылардың мәселесін түбегейлі шешпегенімен, бірқатар шаңырақта сәби күлкісінің естілуіне септігін тигізеді. «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша соңғы екі жылда 250-ге жуық отбасы перзент сүйген.

ЕҢБЕК ДЕМАЛЫСЫ КЕЗІНДЕ МӘМС МӘРТЕБЕСІ САҚТАЛМАСА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорындағылардың мәліметінше, жазда және қараша айында 30 күннен артықеңбек демалысына шығатындар қорға жиі хабарласады екен. Әсіресе мұғалімдер мен дәрігерлер мәртебелерін қалпына келтіру жолдарын көп сұрайтын көрінеді. Олардың айтуынша, мекеме бухгалтері демалысқа кеткен айға ғана жарна төлеп, келесі айда берешек қалыптастырған. Мұндай жағдайда не істеу керек?

«МӘМС туралы» Заңға сәйкес сақтандырылған мәртебесін алу үшін өткен немесе алдағы 12 айға төлем болуы керек. Ал ол үшін ай сайын үзбей жарна төлеп тұру қажет.

Егер бір айда жарна төленбесе, ол сақтандырылмаған болып есептеледі. Сол себепті жұмыс беруші қажет төлемдерді үзбей төлеу керек. Егер еңбек демалысы 30 күннен артық болса, МӘМС жарналары мен аударымдары әр айға жеке-жеке төленуі керек.

Еңбек кодексінің 90-бабының 1-тармағына сәйкес демалыс күндерін есептеу кезінде әр айдың күнтізбелік күндері ескеріледі. Тиісінше, аударымдар мен жарналар әр айға есептеледі. Еңбек демалысы бір айдан асса, МӘМС төлемдерін кезеңдер бойынша бөлу қажет. Яғни еңбек демалысы күндерін есептеу кезінде әр айдың күнтізбелік күндері ескеріледі. Сондықтан аударымдар мен жарналар әр айға түсуі керек.Осылайша демалыс бірнеше кезеңді (бір айдан астам) қамтыса, МӘМС төлемдерін кезеңдер бойынша бөлу қажет.

Бұл алгоритм 1С бухгалтерия бағдарламасында іске асырылды. Бұл ақпаратты қызметкерін ұзақ демалысқа жіберетін жұмыс берушілер назарға алуға тиіс.

Егер төлем қате жасалса, еңбек демалысына шыққан барлық айларға жарна төленбесе, жұмыс беруші қате төленген аударымдар мен жарналарды қайтарып, жоғарыда көрсетілген алгоритмге сәйкес төлем жасай алады.

Төлемдерді қайтару тәртібімен Қор сайтына кіріп танысуға болады («МӘМС-ГИД» бөлімі, ары қарай «Пациенттер үшін» — «Қате немесе артық төленген аударымдар мен жарналарды қайтару қалай жүзеге асырылады?»).

Бұдан бөлек жұмыс беруші ұзақ еңбек демалысына шыққан қызметкер үшін ең төменгі жалақы мөлшерінің 5 пайызы мөлшерінде дербес төлеуші ретінде МӘМС жарналарын төлей алады (2023 жылы — айына 3500 теңге).

Естеріңізге сала кетейік, 1414 байланыс орталығы қоңырауларды сағат 9.00-ден 21.00-ге дейін қабылдайды, ал баламалы байланыс арналары арқылы өтініштерді тәулік бойы қалдыруға болады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button