Денсаулық

ДӘРІГЕРЛЕР КЕҢЕС БЕРДІ

Дүниежүзілік денсаулық күніне орай облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдас-тыруымен «Менің денсаулығым, менің құқығым»  атты акция өтті. Іс-шара барысында қала тұрғындарына жалпы тәжірибелі дәрігер, психолог, жастар денсаулығы орталығының мамандары тегін медициналық кеңестер берді.

Қала тұрғындары жылжымалы медициналық кешенде арнайы электрокардиография аппаратына түсіп, флюорографиялық тексеруден өтуге мүмкіндік алды. Одан бөлек жастар флешмоб пен түрлі акциялар ұйымдастырды.

Дәрігерлер үшін бұл іс-шараның маңызы зор. Акцияны өткізудегі мақсатымызқала тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Ауқымды іс-шараға №1,6,7 қалалық емхананың, облыстық психикалық денсаулық орталығының, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігерлері атсалысты. Денсаулық күнінде қалалық емханаларда ашық есік күні өткізіліп, нашақорлықтың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ тұрғындарға жылжымалы медициналық кешен Орталық стадион, Шығыс базары, «World class» фитнес клубы маңайында қызмет көрсетті, — дейді №6 қалалық емханасының жанынан ашылған «Жас дәурен» жастар денсаулық орталығының алдын алу әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бөлімінің аға медбикесі Бағдагүл Ділманова.

№7 қалалық емхананың жалпы тәжірибелі дәрігері Жанна Жұмағазинаның айтуынша, көктем мезігілінде тұмауратып қалатындар жиі кездеседі екен.

Бүгінде медицина саласында вирусты аурулардың алдын алудағы ең тиімді әдіс — вакцинация екенін айта кетейін. Вакцина эпидемиологиялық ахуалды тұрақты ұстап тұруға септігін тигізеді. Вакцинациядан бөлек, иммунитетті көтеру үшін дұрыс тамақтанып, дәрігердің тағайындауы бойынша дәрумен қабылдаған жөн, — дейді дәрігер.

Салауатты өмір салтын ұстанатындар арасында 78 жастағы қала тұрғыны Жауғаш Әжіғалиев те бар. Оның айтуынша, спортпен шұғылдану — адамның иммунитетін күшейтіп, дертке қарсы тұруға септігін тигізеді екен.

— Спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанамын. Скандинавиялық жүріспен айналысқаныма біраз жылға жуықтады. Бұл спорт түрі адамның дене бітімін жақсартып, денені түзу, жинақы ұстауға септігін тигізеді. Және қан тамырлары мен жүрек-қан тамырларының жұмысын жақсартады. Қарапайым жүрістен бұл жүрістің айырмашылығы өте көп. Бұл жүрісте жылдамдық маңызды емес, жүріп келе жатып тынығып, жаттығулар жасауға болады. Осылайша адам өзін төзімділікке, шапшаңдыққа үйретеді. Сондықтан әрдайым артық салмақтан арылып, сергек жүру үшін осы спортпен айналысамын, — дейді ол.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button