Білім

ТАБЫС ФОРМУЛАСЫ

Бұл ұғым адам өміріндегі бақытты сәттер мен жетістіктерге, оның ішінде мұғалім мамандығының өлшеусіз қызметіне байланысты айтылады деп ойлаймын, өйткені ұстаздық ету — өзгенің бақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау. Мынау дөңгеленген дүниеде адам тәрбиелеуден асқан абыройлы іс, ардақты жұмыс жоқ. Қандай мамандық иесі болмасын, ұстаздың алдынан өтіп, ұстаздан білім, тәлім-тәрбие алады.

Ұзақ жылдық педагогикалық іс-тәжірибемде мені «Оқушыларымды өз пәніме қалай қызықтырамын? Мамандықта адамның табысын не анықтайды?» деген сұрақтар жиі толғандыратын.

Педагогикалық білімім мен іс-тәжірибемді, кәсіби біліктілігімді жетілдіруден әсте жалықпадым. Алғашқы еңбек жолымды бастаған Қорғантұз орта мектебінде мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, ұстазым болған Аманбай Ысқақов ағай: «Қырық бес жыл мұғалім болсаң да, қырық бес минутыңа үлкен дайындықпен кел» деген сөз бар, «жақсы мұғалім болғың келсе, өмір бойы оқисың», — деген болатын. Өз мамандығыма деген сүйіспеншілігім мен ұстазымның сөзі қатар қабысып, өмір бойы ізденумен, үйренумен келемін. Өз шеберлігімді шыңдау мақсатында бірнеше кәсіби байқауларға қатыстым: «Жыл мұғалімі», «Жыл сынып жетекшісі», қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері олимпиадасы, тәрбие саласы жетекшілерінің байқауы, «Жыл директоры», тағы басқа кәсіби байқаулардан үйренгенім көп болды. Жарыстарға қатысу барысында жан-жақты ізденіп, ой-өрісімді кеңейте отыра, сан түрлі ғылымдардың терең негіздерін үйрене келе, шебер болуға тырысып, әдістемелік жиынтығы бар өз шығармашылық шеберханамды құрдым.

Менің табысым — оқушыларымның жетістігінен көрінеді, олардың оқуда, өмірде әрқайсысы өз орнын қателеспей табуында деп білемін. Мен үшін ең бастысы: өз пәнін жетік білетін, шәкірттерінің интеллектуалды, шығармашылық қабілеттері зор, креативті, жаңашыл болуға ұмтылған, іскерлік қарым-қатынас құра білетін, шәкірттерін табысты болуға үйрететін маман болу еді. Біраз жылдан соң тәжірибем толысып, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне ұсынылдым, кейін мектеп директоры болып ауылда, одан кейін қалада жұмысымды жалғастырдым.

Менің табысым туралы бұл ойым бірте-бірте өзгере бастады, жұмысыма деген қанағатсыздық байқалды. Қанша білімді болсаң да, мектеп жұмысына жаңашыл идеяларыңды енгізу үшін уақыт қажеттілігін түсіндім. Біліммен қатар, психологиялық байланыс, педагогтердің кәсіби потенциалдық мүмкіндіктерін анықтау, олардың кәсіби құзыреттілігін көтеру, ынтымақтастық қарым-қатынас, сонымен қатар шыдамдылық табысқа жетудің алғышарты деп таптым, өйткені Қорғантұз орта мектебінде директор болып алғаш қызметімді бастаған уақытта мектепке өзгеріс енгізгім келіп, мектепті дамытудың жаңа жоспарын жасадым, бірақ басымдықтар бойынша жаңашыл бастамаларды жүзеге асыруда кедергілер болды.

Іскерлік қарым-қатынаста табысқа деген маңызды қадам — қол астыңда жұмыс істейтін адамдарға ашық болу, әділдік көрсету және ықыласты көзқараста болу, адамдардың кемшін тұстарынан бұрын жақсы жақтарын бірінші көруге тырысу.

№2 мектеп-гимназия директоры болып жұмыс жасап жүрген уақытта тәжірибемде көзім жеткені — әдістемелік жұмыстарға өзім ғана басшылық жасамай, кәсіби мүмкіндіктеріне қарай әріптестеріме сенім артып, табыстау болды. Бұл жағынан маған педагогикалық шеберлік орталығының жоғары деңгейін оқып, біліктілігімді көтеруім оң ықпалын тигізді.

2013 жылдан бері мектеп басшысы болып қызмет атқарып келемін. Заманауи басшының табысты болу критерийлеріне жаһандық ойлау, ұлттық код, білім берудегі тенденциялар, жағдайлар мен көрсеткіштер, кедергілер мен қиындықтарды шеше білу, көшбасшылық, мінезді тұлға, креативтілік, құрмет, сенім, әлеуметтік жауапкершілік, ұжымдық рух, инновация, ұжымды табысқа жетелеу сияқты кәсіби ізденістерді жатқызамын. Ал директордың құзыреттілік моделі стратегиялық ойлау, басқарушылық құзыреттілігі, адамдарды басқару, мүдделі тараптармен қарым-қатынас, жеке құзыреттілік, цифрлық құзыреттілік, зерттеу құзыреттілігі дер едім. Одан кейін білім беру ұйымының жаңа моделін таңдау, білім беру ұйымының жаңа миссиясын, стратегиялық мақсаттарын әзірлеу, ұзақ және қысқа мерзімді перспективада білім беру ұйымы дамуының болашақ сценарийлерін болжау, бағалау, жаһандық нормативтік құжаттарды білу (балалардың, мұғалімдердің құқықтары туралы ережелер және тағы басқа), білім беру ұйымының қаржылық моделі және жан басына шаққандағы қаржыландыру — жүйелі жүріп отыратын процесс. Бұл процестерді ұтымды ойластыру басқару қызметінің табысқа жетелейтін маңызды сатыларының бірі деп есептеймін.

Мектептің ең басты міндеттерінің бірі — білім сапасын көтеру, ал білім сапасын көтерудің тиімді жолы — мұғалімнің кәсіби шеберлігін арттыру. Қай салада болмасын, ондағы жұмыстың нәтижесі сапамен өлшенеді. Сапалы оқыту және өздігінен оқып, білім алуға баулу негізінде ғана оқушылардан парасатты азамат тәрбиелеп шығаруға болады.

Қоғамдық өмірдің барлық салаларында, соның ішінде, білім беру саласында жүріп жатқан демократияландыру, жаңа технологияларды енгізу, компьютерлендіру бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыруға жол ашты.

Білім беру жүйесіндегі қайта құрулардың негізгі субъектісі — мұғалім. Сапаны көтерудегі ең өзекті мәселелердің бірі — мұғалімдерді даярлау және кәсіби шыңдау мәселесі болып отыр. Жаңа заман мұғалімі «дайын» білім көзі ғана болмай, оқушылардың танымдық іс-әрекетінің ұйымдастырушысы және үйлестірушісі бола білуі, білімнің құндылық ретіндегі сипатына терең мән беруі, нәтижеге бағытталған білім беруде жаңа жолдар мен әдістер табуға дағдыланған маман болуы қажет. Білім сапасын арттыруда жаңа технологиялар — тек педагогтің мүмкіндігін күшейтетін құрал, бірақ ол мұғалімді алмастыра алмайды. Білімнің сапалы болуы тікелей мұғалімге, оның білім дәрежесі мен іздену шеберлігіне байланысты. Қазіргі мектепке шығармашылық ізденіс қабілеті дамыған, жаңа педагогикалық технологияларды жете меңгерген, мамандық шеберлігі қалыптасқан мұғалімдер қажет. Ол бір уақытта педагог-психолог және оқу үрдісін ұйымдастырушы технолог бола білуі керек, яғни педагогикалық менеджмент – білім беру процесін басқарудың кешенді принципі мен технологиялық тәсілдер, ол тек білім мекемелеріне тиімді басшылықтың творчестволық потенциялын көрсетіп қана қоймай, педагогтер мен білім алушыларға да өзіне тән міндеттер ауқымын жүктейді.

Мұғалімге қойылған талаптарға қарасақ, конкурстық негізде жұмысқа алу, конкурстық негізде квалифи-кациялау жүйесі енгізілді. Уақыт талабынан туындаған бұл әдіс білім сапасын арттырудың бір жолы — мұғалімнің жоғары квалификацияға ие болуында, бәсекелестікке қабілеттілігінде.

Мектептің жұмысын жақсарту үшін келесі басымдықтарды анықтадым: мектеп жұмысына ата-аналардың, мектеп қызметкерлерінің, басқа да тәуелсіз ұйымдардың қатысуын қамтамасыз ету, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыру мақсатында сабақтарды өткізу технологияларын өзгерту, оқушылардың оқуға ынтасын арттыру мақсатында бағалау жүйесінің оңтайлы әдіс-тәсілдерін сабақ үрдісінде пайдалануды жетілдіру. Осы мақсатта «Отбасы мен мектеп бірлігі — болашақ ұрпақ тірлігі» атты ата-аналар апталығы ұйымдастырылды. Аталған апталықта кедергілерді шешуге қол жеткіздік. Оның бірі — ата-аналардың тоқсан соңында балаларының білім сапасына көңілі толмауы болатын. Тәрбие апталығына ата-аналарымыз өте белсенді атсалысты, себебі апталықтың ата-ана мен оқушыға пайдасы туралы жарнамасы күшті болды.

Әншейінде келтіре алмай жүрген ата-аналар жаппай сабаққа қатысып, балаларының сабақ үлгерімін өз көздерімен көріп, қадағалау, бақылау жауапкершіліктері артты.

Ата-аналарымыз сыныптан тыс іс-шараларға — топтық талқылаулар, рөлдік ойындар, жобалық әрекет, зерттеу жобалары, модельдеу, оқыту ойындары, дебаттар мен форумдарға қатысып, мектеппен бұрынғыдан да тығыз байланыс орнады. Апталық жалпы ата-аналар жиналысымен қорытындыланып, мектеп әкімшілігі тарапынан көптеген ата-аналар марапатталды. Мақсатты ұйымдастырылған әрбір іс-шараның мектеп жұмысын өрістетудегі маңызы зор.

Мектептегі педагогикалық кеңес — мектепті басқаратын ең жоғарғы орган. Онда оқу-тәрбие жұмыстарындағы мәселелер және оларды шешу жолдары қарастырылады. Педагогикалық кеңестерді әртүрлі интерактивті форматта өткізіп келемін. «Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі — сапалы білім берудің негізі» тақырыбында жаңа форматтағы педагогикалық кеңес өткіздім.

Педагогикалық кеңес үш бағыттан тұрды. «Жаңашыл ұстаз — шығармашыл тұлға кепілі» бағытының мақсаты — мұғалімнің құзыреттілігін арттыру. Әр кафедраға ресурстар ұсынылып, өз мамандықтары бойынша макет немесе сабақта қолданатын көрнекілік жасау ұсынылды. Жұмыс жасалу барысына уақыт беріліп, мұғалімдер өз іскерлік дағдыларымен макеттер жасап, таныстырды. Кәсіби біліктіліктерін пайдалана отырып, заман талабына сай шығармашыл мұғалім ретінде қолдарында бар ресурстармен сабаққа көрнекіліктер жасау шеберліктерін көрсете білді және пәндік бағдарламалармен байланыстыра отырып қорғады.

Екінші бөлім ұйымдастырушылық бөлім деп аталды. Оның тақырыбы — «Креативті сұраққа — креативті жауап» тренингі. Мақсаты — мұғалімдердің ой-ұшқырлығын анықтау.

Үшінші бөлім «Сапалы білім — болашаққа салынған инвестиция» тақырыбында жүргізілді. Мұнда «Салауатты мектеп» әлеуметтік жобасының жүргізілу барысына тоқталып, тоқсан қорытындысы, білім сапасы, спорт секциялары мен үйірме жұмыстарының жүргізілу деңгейі, патриоттық тәрбиенің жүргізілу барысы, мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары мен оқушылардың өмір қауіпсіздігі мәселелері сөз болды.

Белгілі ағартушы, қазақтың қоғам қайраткері Жүсіпбек Аймауытов: «Бала бүкіл әлемге, өзгенің және өзінің өміріне білім жүзімен, саналы ақыл көзімен қарай білсе, түпкі мақсат — осы», — деген. Біз баланың қазір мектеп партасында алған білімін болашақта пайдалана алуына, келешекте жетілуіне мықты негіз салуымыз керек. Оқушылардың білімі, тәртібі, іскерлігі мұғалімнің жасаған қызметі арқылы анықталады.

Биыл Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың қатысуымен өткен «Заманауи мектепті басқару: трендтер және болашақ» тақырыбындағы мемлекеттік мектеп директорларының республикалық форумына қатысып, үлкен әсерде оралдым. Оқу-ағарту министрі білім сапасын одан әрі арттыруға негізделген бес бағытқа тоқталды. Атап айтқанда: менеджментті нығайту және басшылардың кадрлық резервін қалыптастыру, педагогтерді даярлау және қайта даярлау тәсілдерін жетілдіру, оқу бағдарламаларын жаңарту, инфрақұрылымды кешенді жақсарту, сапаны бағалаудың ұлттық жүйесін трансформациялау.

«Табысқа жетудің бірден-бір жолы және басты құралы — сапалы білім. Осы бес бағыттың әрқайсысы отандық білім жүйесін заманға сай жақсартуды көздейді. Бұл ретте саналы және прогрессивті ұрпақты тәрбиелеуге қабілетті мұғалімдерге сенім артылады», — деді министріміз.

Әлемдік кеңістіктегі мектептердің қатарына өту, білім саласын дамыту — Мемлекет басшысы талап етіп отырған міндеттердің бірі. Бұл мақсатқа жету үшін жаңашылдық, өзгеріс қажет. Бұл тек бізден ғана емес, педагогтер мен ата-аналардан да күтілетін үлкен жауапкершілік.

«Қанша білсең, ізден тағы, тағы да, білікті адам жетер тілек, бағына» деп ғұлама Баласағұн айтқандай, табысты мектеп — жарқын болашағымыздың кепілі, олай болса, қазақ елінің болашағы білікті ұстаз бен білімді жастардың қолында.

 

Гүлнәр ҚАЛДЫБАЕВА,

Шалқар қаласындағы №4 жалпы орта білім

беретін мектебінің директоры.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button