Басты жаңалықтарСу тасқыны

ШЫМКЕНТТЕН ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК КЕЛДІ

Бүгін су тасқынынан зардап шеккен ақтөбеліктер үшін Шымкент қаласынан 10 тоннаға жуық гуманитарлық көмек келді.

— Ақтөбе облысы аумағында болған табиғи апат қабырғамызды қайыстырды. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерден бірнеше ауылдардың суға кеткенін көріп жатырмыз. Еліміздің батыс өңіріндегі бауырларымыз төтенше жағдайға тап болған соң, қарап отыра алмадық. Ұлттық волонтерлік желіден әр өңірге аса қажет заттардың тізімін алып, іске кірістік. Екі күннің ішінде қажет заттарды жинап, жолға шықтық, — деген Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Қайыржан Бөкенбаев дәл осындай жүк көліктерін тасқын сумен алысып жатқан Батыс Қазақстан облысына да жібергендерін айтты.
Гуманитарлық көмек «Анаға тағзым» орталығында қабылданып жатыр. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ләззат Оразбаева бұған дейін Түркістан, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда облысы және Алматы қаласынан гуманитарлық көмек келгенін айтты.

— «Анаға тағзым» орталығында жан жақтан келген көмек қабылданып, сұрыпталады. Кейін осы жерден жүк көліктеріне тиеліп, көмек қажет аудандарға жөнелтіледі. Бүгінге дейін гуманитарлық көмек Ойыл, Қобда, Ырғыз, Мәртөк аудандарына жіберілді. Ал су тасқынынан зардап шеккен ақтөбеліктер құжатын алып, «Анаға тағзым» орталығына емес, Алматы ауданы әкімдігіне (ЕХРО 2017) ғимаратына барса, қажет заттарын ала алады, — деген ол бүгінгі таңда азық-түлік пен гигиеналық құралдар қорының жеткілікті екенін айтты.
— Қазір шатырлар мен қапшықтарға, сондай-ақ моторлы қайық, мотопомпаларға сұраныс көп түсіп жатыр. Әлі құм қаптау үшін 100 мыңның үстінде қапшық керек, — деді Ләззат Оразбаева.
Айта кетейік, «Анаға тағзым» орталығына келген жүкті қабылдап алу, сұрыптау жұмыстарын ақтөбелік еріктілер мен студенттер атқарып жатыр.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button