Спорт

ҚАУІПТІ ӘРІ ҚЫЗЫҚТЫ ЖЕКПЕ-ЖЕК

Облыста түрғындар арасында бұқаралық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Ұлт денсаулығын нығайту — басты міндеттердің бірі. Осы орайда «Еркін күш» кәсіби жауынгерлік клубының аға жаттықтырушысы Айбек Шоқпытовпен, ММА жауынгерлік аралас жекпе-жек федерациясының спортшыларымен сұхбаттасып, жауынгерлік аралас жекпе-жек спортының дамуы мен келешегі туралы білген едік…

Бүгіні мен болашағы

А.Шоқпытовтың айтуынша, Ақтөбеде бұған дейін жауынгерлік аралас жекпе-жек түрлері бойынша спортшылар шынығатын арнайы орталық болмаған.

Өңірімізде 2012 жылы «Атлант» спорт кешенінде «Еркін күш» кәсіби жауынгерлік клубы ашылып, облыстық жауынгерлік аралас жекпе-жек федерациясының басшысы қызметіне Жандос Жаңабай тағайындалды. Мұнда 5 жаттықтырушы жұмыс істейді. Спорт клубында 15-тен астам әуесқой спортшы жаттығады. Кәсіби спортшыларымыз да бос уақытын спорт кешенінде өткізіп, жастарға жекпе-жектің  тактикаларын үйретеді. Клубқа жасөспірімдер 15 жастан бастап қабылданып, 16 жастан бастап жарыстарға жіберіледі. «Еркін күш-kids» клубындағы балаларды Манас Сұлтан жаттықтырады. Сондай-ақ қаламызда белгілі ММА шеберлері Райымбек Орынбай, Қайрат Ршатов жеке мектеп ашып, жастарды жекпе-жек түрлеріне баулып жүр.

Қазір UFC төрінде өнер көрсетіп жүрген Шавкат Рахмонов, Жалғас Жұмағұлов, Сергей Морозов сынды батырларымыз халықаралық жарыстарда топ жарып жүр. Олардың бұл жетістіктері — кейінгі буын жастарға үлгі. Елімізде әлемдік деңгейдегі аралас жекпе-жектің әлеуеті мықты. Біздің жастық кезеңде қызығатын орта, промоушен болмады. Есейе келе бойдағы күш-жігеріңді бағыттайтын орта керектігін түсіндім. Тәжірибе жинақтап, 1987 жылдан бері ММА жауынгерлік аралас жекпе-жек түрлері бойынша жастарды жаттықтырып келемін, — дейді Айбек Шоқпытов.

Кейіпкеріміздің шәкірттерінің жеңіп алған медальдары мен кубоктары да баршылық. Ол жаттықтырған спортшылардың дені — қара белбеу иегерлері. Оның айтуынша, мәдениет және спорт министрлігі ММА шайқасында белбеу жеңіп алған спортшыларды әуесқой немесе кәсіпқой спорт түріне қарамастан, әлем чемпиондарымен теңестіреді екен. Мәселен, панкратионнан Дәурен Ермеков пен Гойти Дазаев екі дүркін әлем чемпионы атанса, Нұрбек Қабдрахманов пен Құндияз Сағындықовалар әлем чемпионаттарында ел мерейін асқақтатты. Олардың бапкері Айбек Шоқпытов панкратион мен аралас жекпе-жектен бөлек, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағына ие болды.

Жаттықтырушы Манас Сұлтан «Атлант» спорт кешеніндегі «Еркін күш-kids» клубында бастауыш топты жаттықтырады.

Бұл спортта сайдың тасындай іріктелген сайыпқырандар сайысқа түседі. Мен 11-17 жас аралығындағы спортшыларды жаттықтырамын. «Атлант» спорт кешенінде жастарға жауынгерлік аралас жекпе-жектен бөлек, грэпплинг, қоян-қолтық ұрыс түрлері бойынша жаттығулар өткізіледі. Жастарды шапшаң қимылдауды қажет ететін спорт түрімен айналысып, оны кәсіби деңгейге көтеруге шақырамын. Спорт кешенінде жекпе-жектің грэпплинг, панкратион, ММА жауынгерлік аралас жекпе-жек түрлері бойынша спортшыларды жарыстарға дайындаймын. Өзім 16 жастан бері аралас жекпе-жек түрлерімен шұғылданамын. Нәтижелі еңбектің арқасында шәкірттерім жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Былтыр Ресейдің Троицк қаласында өткен жарысқа қатысқан алты спортшымыздың төртеуі чемпион атанса, қалған екеуі күміс және қола жүлдені қанжығасына байлады. Биыл аралас жекпе-жектен Азия және әлем чемпионаттарына қызу дайындалып жатырмыз. Дүбірлі додаларда спортшыларымыздың жеңіс тұғырынан көрінуі үшін тынбай еңбектенеміз, дейді Манас Сұлтан.

Оның айтуынша, көпшілік қауіпті санайтын жекпе-жектің мынадай өзіндік артықшылықтары бар екен:

Күресе білу үлкен қабілеттілікті талап етеді. Уақытының біраз бөлігін жаттығу залында өткізетін адамдардың иммунитеті мықты болады. Себебі күн сайын жаттығу адам бойындағы жағымсыз энергияларды шығарып, күні бойы сергек жүруіне сеп болады. Аралас жекпе-жектің ережесі бойынша қарсыластардың бірі екіншісін құлатып, соққының астына алады. Ұрыс қарсыластың бірі жеңілгенге дейін жалғасады. Жаттығу залына балаңызды апармас бұрын толық медициналық тексерістен өткізгеніңіз абзал. Себебі денсаулығы мықтылар ғана айқас алаңына жіберіледі, — дейді ол.

Спортшылар не дейді?

Динара АЯПОВА, ММА жауынгерлік аралас жекпе-жектен Қазақстан чемпионаттарының үш дүркін чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері:

 Мен бұл спорт түрімен 15 жасымнан бері айналысып келемін. Облыстық, республикалық, әлемдік турнирлерде жеңімпаз атандым. Ендігі мақсатым — осы жылы өтетін Азия және Әлем чемпионаттарында жеңімпаз атану. Қазіргі уақытта сәуір айының ортасында өтетін Қазақстан чемпионатына дайындалып жатырмын. Алғашында жекпе-жек спортына қатысуыма ата-анам қарсы болды. Алайда менің жеңісті сәттерімді көргенде жетістігіме қуанып, рұқсатын берді. Өткен жылы Белград қаласында аралас жекпе-жектен өткен әлем чемпионатында 56,7 келі салмақ дәрежесінде испаниялық София Альварес Вакасты 19 секундта жеңдім. Сөйтіп, финалдық айқаста Карина Сисеновамен белдесіп, қола жүлдегер атандым. Айбек Шоқпытов, Азамат Мархабаев секілді жаттықтырушыларымыздың еңбегі зор. Олар әрдайым мені қолдап, жеңіске деген құлшынысымды арттырып отырады.

Ақжан БАЙЗАҚ, ММА-дан спорт шеберлігіне үміткер:

— Менің спортпен айналысуымдағы басты мақсат — денсаулығымды нығайту. Жауынгерлік аралас жекпе-жек спортымен айналысқалы қорғанудың түрлерін, қарсыласыма соққымен жауап беру тәсілдерін үйреніп жүрмін. Қазір ересектер тобында жаттығамын. Салмағымды әрдайым бақылауда ұстап, салауатты өмір салтын ұстанамын. Биыл «Alash Pride» турниріне қатысамын. Жекпе-жек спорты адамның ойлау қабілетін шыңдап, тез шешім қабылдауға үйретеді.

Амандық АЗАНҒАП, жас спортшы:

ММА жауынгерлік аралас жекпе-жек спортымен айналыса бастағаныма бір жылға жуықтады. Манас Сұлтанның тобында жаттығамын. Достарымның осы спортпен айналысқанын көріп, жауынгерлік аралас жекпе-жек түріне деген қызығушылығым арта түсті. Ата-анамның рұқсатын алып, осы спорт түрімен шұғылдануды бастап кеттім. Аралас жекпе-жекте жеңіске жету үшін күш-жігер, ынта және айлалы әрекет керек. Ең бастысы, бос уақытын спорт залында өткізетін жеткіншектер зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстайды. Сондықтан спортқа құлшынысы бар жастарды жекпе-жекпен айналысуға шақырамын.

P.S. Маңғыстауда аралас жекпе-жек кезінде 17 жастағы спортшы алған жарақатынан қайтыс болды. Осыдан кейін ел арасында «ММА-ды жабу керек» деген секілді пікірлер айтылды. Алайда ережесі мен міндеттемелерін дұрыс орындаса жекпе-жектен келетін қауіп жоқ дейді бапкерлер. Тек жарысқа қатысушы, ең алдымен, медициналық тексерістен өткені жөн.

 

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

ВРЕЗКА: Сіз білесіз бе?

Аралас жекпе-жектен алғашқы айқас 1976 жылы аты аңызға айналған боксшы, атақты Мұхаммед Әли мен жапондық Кандзи «Антонио» Инокидың арасында өткен. Алғашында екі спортшы аралас жекпе-жектің ережесімен өнер көрсетпекші еді. Жарысқа екі күн қалғанда жапон спортшысына тек бір тізесі партерге тигенде ғана аяқпен тебуге рұқсат етілді. Жалпы, ММА, жауынгерлік жекпе-жек спортынан алғашқы халықаралық деңгейдегі жарыс 1993 жылы Америка Құрама Штаттарында өтіп, спорттың бұл түріне деген жаңа көзқарас қалыптасты. Спорттың аса қауіпті түрі саналатын аралас жекпе-жек майталмандарының алаңда алған соққыдан көз жұмған кездері де болған. Мысалы, 2007 жылы Сэм Васкес есімді спортшы жекпе-жекте алған жойқын соққыдан нокаутқа түсіп, ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Миына қан кеткен спортшы екі күннен кейін көз жұмды. Дейтұрғанмен қазір жауынгерлік аралас жекпе-жектің де өзіне тән ережелері жасалып, заман ағымына сай түрленген. Аралас жекпе-жектің басты ерекшелігі жекелеген спорт (күрес, бокс, муай-тай, джиу-джитсу) түрлерінің барлық айла-тәсілдерін қолдануға болады.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button