Жаңалықтар

Несие мен несібе

Индира ӨТЕМІС,

«Ақтөбе»

Ойтүрткі!

…Кешкілік автобус тоқтап қалған соң, қала сыртындағы ауылға қарай жүргінші жинап тұрған таксиге отырдым. Іші қараңғылау әрі менің көлік танығыштығым да жоқ болғанмен, қымбат мәшине екені бірден-ақ аңғарылады. Әсіресе кеңдігіне қуандым.

Алайда көлік орнынан қозғалған соң қолына телефонын алып, біреуге қоңырау шалуға көшкен жүргізуші жас жігіттің әңгімесіне қарағанда, бұл қымбат көлік оған біраз машақатқа түсіп тұрған сияқты. Айына бірнеше жүз мың теңгелік несиеге алынған дүние екен. «Ертең несие төлейтін күнім еді, ақша жеткізе алмай отырмын. Жақында жақсы тапсырыс алғанымды білесің ғой. Иә, иә, сол жақта… Әзірге қарыз бере тұр», — деп келеді.

Біреудің несиесінде нем бар? Көңілімді басқа жаққа аударыпәлеуметтік желілерді қарауға кірісіп едім, бұл «жерде» де алматылық әріптесім Айнаш Есалының «Кредитпен келген келіндер» деген жазбасына тап болдым. Мынадай оқиға баяндалыпты: біреудің баласы үйленіп, ұлан-асыр той жасайды. Сөйтсе, келіні айына 400 мың теңгелік несиемен келген болып шығыпты. Мұнда да алынған дүние — қымбат көлік. «Арзанын ала тұр» деген әке сөзін қызы бар болғыр тыңдамапты. Ақыры сол несиенің кесіріненекі жас ажырасып тынған.

Таксиден түсіп те, осы оқиғаларды ойлап келемін…Егер бұл жастардың көздегені әйтеуір көлік міну ғана болса, жағдайлары осылай ушығар ма еді? Бірақ олар жай көлік мінуге емес, қайткенде басқалардан кем қалмауға, тіпті асып түсуге тырысқан сияқты?Әлде іштей нақты бір адаммен бәсекеге түсті ме екен?

Халықтың несиесі айдан айға көбейіп барады. Өткен жылдың сәуірінде елімізде несиесі бар адамның саны — 7,9 миллион, ал олардың мойнындағы жалпы несие сомасы 15 триллион теңге болған екен. Биылғы қаңтардағы мәліметтер бойынша, «несиелі» азаматтардың саны 8,4 миллион болған, ал жалпы несие сомасы 18 триллион теңге деген көрсеткіштен бір-ақ шығыпты. Несиесі бар ер адамдар банкке қарызыбойынша айына орта есеппен 102 мың теңге төлем төлесе, әйел адамдар 86 мың теңге төлейді екен. Бұл айырмашылық ер адамдардың, негізінен, пәтер, көлік секілді ірі мүлікке несие алатынымен түсіндірілсе керек.

Көптеген сарапшылар несие алудың жиілеуін жалақының аздығымен, бағаның күннен-күнге артуымен байланыстырады және мұны жоққа шығару қиын. Айлыққа дейін шағын несие алуды әдетке айналдырғандар да бар. Кей отбасылар баланы мектепке даярлау, киіндіру үшін де несие алыпты. Әсіресе қалаларда қарапайым тұрғындарға ипотекалық несиесіз баспана алу мүлде мүмкін емес.

Қаржылық сауатсыздық, несиені тегін ақша секілді көру, «3 жылдан кейін бұл заттың бағасы бәрібір өсіп кетеді» деген секілді түсініктер де банктен үстемемен қарыз алуға итермелейді.

Дегенмен осының барлығынескере келгенде де, қазақстандықтардың банктер мен микроқаржы ұйымдарынан алған 18 триллиондық қарызының бір бөлігін қажетсіз сән-салтанатқа, басқадан асып түсуге дегенбәсекелестіккеұрынған несиелер құрайтынына ешкім таласа алмас. Әсіресе жастар жағы көрпеге қарай көсілу керектігін түсіне бермейді. Қанағат бұрын жақсы қасиет саналса, қазір дамуға, жақсы өмір сүруге кедергі секілді қабылданатын болды. Сөйте келіп, көпшілігіміздің алмақтың да салмағы болатынын, несие мен несібенің арақатынасын сақтау керектігін ұмытқан сияқтымыз…

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button