Жаңалықтар

Кішіқұмның перзенті

Кішіқұмды қоныстанған елді мекендер, негізінен, теміржол бойын қуалай орналасқан. Сондықтан да бұл беткейдің адамдарының негізгі мамандығы теміржолшы болып келеді де, өсіп келе жатқан балалары да көбіне ілгерінің ізімен жүреді. Бір ерекшелігі, үлкендері қыстың суығында, жаздың ыстық аптабында ауа райының қиыншылықтарын бастан өткере жүріп, ауыр балғаларын сартылдатып, жол қауіпсіздігі үшін уақытпен санаспай, қара жұмыста шыңдалса, балаларының осы салада жоғары білім алғанын, яғни кішігірім болса да тізгін ұстағанын қалайды.

Тоғыз деп аталатын станцияда туып-өскен Төлбай Садықовтың да тағдыры осылай қалыптасты. Әкесі Сәңкібай жол қараушы болып еңбек етті. Теміржолшының балалары әдетте жол бойын жағалап өседі. Олар үшін батыстан шығысқа, шығыстан батысқа үздіксіз ағылып өтіп жататын пойыздардың келу кестесі мен тоқтап тұру уақытына дейін мәлім болып тұрады. Кейде жөндеу жұмыстарымен кідіріп қалатын әкелеріне шешелері шүберек қалтаға салып берген ас-суын жеткізіп беру де олар үшін таңсық емес. 

Анасы Шүрегей үнемі үй шаруасында болып, ері мен балаларының жағдайын жасап, таңның атысы, күннің батысы тыным таппай, дастарқанын берекелі етіп ұстап, шаңырақты шуақты етіп отырған. Осында жарасымды отбасында дүниеге келген тұңғыш перзент Жалғас Садықов өңірге белгілі заң қызметкері болды. Ол Шалқар аудандық сотының төрағасы болып үш мерзімге тағайындалды. Абыройлы еңбек етті, тура билік жолымен әділдік орнатудағы ұстанымымен ел құрметіне бөленді.

Ағайынды Жалғас пен Төлбайдың арасында үш қыз бала бірінен соң бірі дүниеге келіп, шетіней берген екен. Шүрегей ана көңілі қобалжып, әрі-сәрі күй кешіп жүргенінде Ақмолда деген әулие аян беріп, «Қызым, уайымдама, ұл туасың, атын Төлбай қойғайсың» деп ишара жасапты дейді.

Осылай дүние есігін ашқан Төлбайдың соңынан Жанар, Айгүл атты қарындастары ереді. Бұл екеуі де ұзақ жыл ұстаздық етіп, бүгінде құрметті еңбек демалысына шықты.

Осындай ортада өскен Төлбай мектеп бітірген жылдар елдегі бір мамыражай, жайбарақат кезең саналатын. Ол Ташкент теміржол инженерлері институтына оқуға түсіп, оны 1976 жылы аяқтағаннан кейін мамандығы бойынша теміржол саласында жұмыс істеп жүрген кезінде, сол мезгілдің тілімен айтсақ, азаматтық борышын өтеу үшін армия қатарына алынып, бір жыл жауынгерлік сапта шыңдалып келеді.

Армиядан оралған соң Шалқар аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Жаңабай Ділманов оны жастар одағына қызметке шақырады.

«Ауданның жастар жетекшісінің қабылдауына толқып кірдім. Аққұбаша келген еңселі, жайдары жүзді азамат орындығынан тұрып, бері қозғалып, созған екі қолымды жылы шыраймен алды. Отырғаннан кейін өте қарапайымдылық танытып, туған жерімді, оқыған мектебімді, жоғары оқу орнынан алған мамандығым туралы сұрады. Болашағым жөнінде көзқарасымды білді.

Содан кейін аудандық комсомол ұйымдары туралы қызықты әңгімелер айтып, «қалай, аудандық комсомол комитетіне жұмысқа келесің бе?» — деп сұрады. Мен ойланып қалдым. Ол: «екі күн ойлан, сосын хабарыңды бер! Егер келіссең, аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы болып қызмет жасайсың», — деді. Бұл 1978 жылдың қаңтар айының соңғы күндері болатын», — деп еске алады сол күндерді ол.

Жас комсомол қызметкері елдегі елеулі науқан — мал шаруашылығын  дамытуға, ғасыр құрылысы атанған Байкал-Амур теміржол магистралын салуға жастарды тарту ісіне байланысты ұйымдастырылып жатқан шараларға белсене қатысады. Сол кезеңдерде Шалқар ауданы көптеген көрсеткіштер бойынша облыста ғана емес, республика деңгейінде алдыңғы қатарда болатын.

Комсомол мектебінен өткен ол аудандық партия комитетіне нұсқаушылық қызметке келіп, көп ұзамай ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалады. Бұл кезде отыздың үстіне енді ғана шыққан еді. Партиялық жұмыстарды үйлестіру, кадрларды іріктеу, орналастыру, тәрбиелеу ісімен шұғылданатын бұл жауапты бөлімде ол өзінің іскерлік, біліктілік қабілетін танытады. Облыстық партия комитеті оны болашағы бар маман деп бағалап, 1988 жылы Алматы жоғары партия мектебіне оқуға жібереді. Бұл саяси мектепті үздік бітірген Төлбай Сәңкібайұлы Шалқар аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланады.

Уақыт өзгерді. Кеңестер Одағы тарқап, Коммунистік партия өз күшін жойды. Бастапқыда басшылық қызметтерге жаңа кадрлар тартыла бастады. Бұл кезде отыздың нақ ортасынан енді көтерілген Төлбай Сәңкібайұлы заман ағымына қарай қозғалыстар жасау керектігін тез ұғынды. Нарықтық қатынастар, экономикалық дағдарыстар іс басына білікті азаматтар келуі қажеттігін талап етті. Әуелгіде аудандық мекемелердің бірінде қатардағы қызметкер болған ол арада көп уақыт өткізбей, сатылап қайтадан көтеріле бастады. Оның ұйымдастыру қабілеті, өмірлік тәжірибесі, білімі мен білігі бағаланып, аудан әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

Халықпен жұмыс істеу қашанда оңай болған емес. Ол үшін ел мұқтажын терең түсіну, қандай сәтте де олардың ортасынан көріну, күрделі мәселелердің түйінін шешуге икемділік, жақсы істерге жетелей білу дағдысы қажет. Осы қасиеттердің бәрі де бойынан табылғандықтан Төлбай Сәңкібайұлының көпшілік арасында беделі де жоғары болды, сөзі де өтімді еді. Сол кезеңдерде бірқатар ортақ шаруалар осындай түсіністік нәтижесінде оңтайлы шешіліп жатты. Ол қай жерде қандай кемшілік орын алса, ең алдымен, соның түп-тамырын, неден туындағанын анықтап, содан кейін шешілу жолдарын қарастырады.

Ел келешегіне қатысты мемлекеттік бағдарламалар, басқа да түйінді мәселелерді жұртшылыққа ұғынықты етіп жеткізуде де оның өзіндік әдіс-тәсілдері қалыптасқан болатын. Ауылдық жерлерде болғанда негізгі бағыттарды қарапайым тілмен, жергілікті шаруаға үйлестіріп, нақты мысалдармен байланыстырып түсіндіреді.

Кім-кім де туған жерге қызмет етуді абыройлы міндет, мойындағы парыз іспетті сезінеді ғой. Ол Мұғалжар тауларынан басталып, сонау шеті Арал теңізіне дейін жалғасатын, мына беті Доңызтауға жетіп жығылатын Шалқар ауданының экономикасының дамуына, әлеуметтік мәселелерінің шешімін табуына біркісідей қызмет етті. Былайынша айтқанда, қандай да ел мүддесі жолындағы шаруаларда аянып қалған жері жоқ.

Бүгінде Төкең — бір әулеттің үлкені, өзіне қараған ағайынның ақылшысы. Өмір жолында көпті көрген, көп жайды көңіліне түйген оның жас буынға берер тәлімітағылымы, үйретері аз емес.

Ол өмірлік серігі Роза апамен бірге ұрпақ өсіріп, олардың әрбір жетістігіне қуанады бүгінде. Өздері берген тәрбиенің жемісін көріп отырғанына мақтаныш сезімі билейді бойларын. Роза апа ұзақ жыл мектепте мұғалім болып еңбек етті, шәкірттерге жақсы жол сілтеді.

Олардың үлкені Ақнұр төл басы, үнемі жандарында болады. Одан кейінгі Ақгүлі — облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы, Гүлбақыт — Астанада жол компаниясының бас есепшісі, Найманбай — Шалқар ауданы әкімі аппаратында кадрлар бөлімінің басшысы, кенжесі Нұргүл облыстық көлік инспекциясында қызмет атқарады. Балаларының өзара сыйластығы, бір-біріне деген құрметі ата-ана жүрегіне жылылық орнатады.

…Уақытта тоқтам жоқ. Сонау еліміз тың игеру кезеңі деп дүбірлеткен жылдары дүниеге келген Төлбай бала бүгінде жетпіс атты биіктің жалынан ұстап, ақсақалдық ауылына бет алды. Әке-шешенің арқасында қатарынан қалмай ержетті, білім алды, мамандық игерді. Шаңырақ көтеріп, ұрпақ өсірді, немере сүйді. Былай қарағанда, тұстастарымен бірге жайлы ғұмыр кешкендей.

Бірақ кейде ойланып отырса, оларды осындай күнге жеткіземін деп ілгері ұмтылған, қандай да қиындықтарға мойымай, маңдайын суық ызғарлы желге тосқан алдыңғы буынның көрмеген азабы жоқ секілді көрінеді.

Осыдан біраз жыл бұрын облыстық «Ақтөбе» газетінде анасы Шүрегей Жармағанбетқызының «Ашаршылық жыл еді» атты естелігі жарық көрген. Сол жазбаларға бүгінде жиі көз жүгіртіп, аяулы анасының отызыншы жылдардың қақпанынан қалай құтылып шыққанына таңғалады. Енді сондай сынақ келер ұрпақтың алдынан шықпаса екен дейді.

Кейде жүрек тебіренісінен жыр жолдарын ақ қағаз бетіне төгіп тастайтыны бар. Осындай бір әсермен:

Ауылдың ақсақалы, әжелері

Жазып қойған хаттай еді шежірелі.

Ата-анамыз, солардың арқасында

Азамат болып жүргеніміз бүгіндері,—деп ішкі сырын білдіріп отырады кей-кейде.

Төкең бүгінгі белесінде де сирек, ылғи да көпшілік ортасынан табылады. Жастар арасына түсе қалса, ғибратты әңгімелер айтады, өткеннің өнегесін таратады. Бір мезгіл шежіреге көңіл бөледі. Ата-бабадан жеткен салт-дәстүрді насихаттайды.

Қоғамдық шаруалардан да тыс қалмайды. Облыстық «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ақтөбе қалалық ұйымының жұмысына белсене араласады. Қазақ тілінің шынайы жанашыры. Қысқасы, елдікке, бірлікке бастайтын бағыттардың белсенді қолдаушысы.

Үлкендіктің үлгісі деген, сірә, осындай игі қадамдардан бастау алатын болса керек. Ал Төлбай аға осы жолды берік ұстанып келеді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button