Жаңалықтар

Ауыл тұрғындарының мәселесін тыңдады

Мәртөк ауданына қарасты Қаратоғай және Жайсан ауылдық округтерінде Amanat партиясы Ақтөбе облыстық филиалының жылжымалы қоғамдық қабылдауы өтті. Онда ауыл тұрғындарының мәселесі жан-жақты тыңдалды.

Жұмыс тобының құрамында партияның республикалық қоғамдық қабылдау бөлімесінің консультанты Сағындық Жылқыбаев, партияның облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Майра Алдиярова, партияның Мәртөк аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ануар Искарин, аудандық мәслихаттың төрағасы Талғат Көлкебаев және бірқатар жергілікті атқарушы органның өкілдері болды.
Қоғамдық қабылдау барысында Қаратоғай ауылының тұрғындары елді мекен іргесіндегі республикалық маңызы бар жолға қосылатын ауылішілік жолдың жайын көтерді. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асқар Ғаббасовтың айтуынша, бүгінгі таңда аудандық бюджет қаражаты есебінен жобалау сметалық құжаттар әзірленіп жатыр.
Қаратоғайлықтарды алаңдатып отырған тағы бір мәселе – ауыл тұрғындарының қолдағы малын жаятын жайылымдық жерлердің тапшылығы. Тұрғындар ауыл іргесіндегі шұрайлы жерлердің барлығын шаруа қожалық иелері иемденіп алғанына наразы. Аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысы Аманғос Сасырауов мәселені назарға алып, жерді қайтару бойынша жұмыстар жүргізілетіндігін айтты.
Шекаралық аймақта орналасқан Жайсан елді мекен тұрғындары үшін теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған өткел мәселесі өткір болып тұр. Күрмеуі күрделі түйткіл жылдар бойы шешімін таппай келеді. Ал бұл теміржолдың үстімен тәулігіне 24 пойыз жүріп өтеді. Күніне 500-ден астам адам ауылдың арғы беті мен бергі бетіне қатынау үшін теміржолды кесіп өтуге мәжбүр. Бұл мәселе «AMANAT» партиясының да, жергілікті әкімдіктің де назарына алынды.
Жұмыс тобы көтерілген мәселелердің шешімі табылғанша бақылауда ұстайды.

Меңтай Бектұрсынова.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button