Жаңалықтар

140 адам көшіріліп, 5 жолаушы құтқарылды

Өткен тәулікте ауа райының қолайсыздығына байланысты облыс аумағында 5 республикалық және 4 облыстық маңызға ие автокөлік жолы жабылды.
Авариялық құтқару жұмыстарына ТЖД, полиция бөлімі мен жергілікті атқарушы органдардан жалпы саны 135 адам және 67 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 140 адам қауіпсіз аймаққа көшіріліп, 5 жолаушы құтқарылды.
Авариялық құтқару жұмыстары облыстың бірқатар аудандарында жүргізілді.
7 ақпан күні Самара-Шымкент тасжолының 806-шақырымында Шымкент-РФ-Новотроицк бағытындағы жолаушылар автобусы бұзылып, ішінде 68 адам қалып қойғаны туралы ақпарат келіп түскен. Дереу көліктегі Тәжікстан Республикасының 68 азаматы «Нұрай» кемпингке орналастырылды.
Сондай-ақ сәрсенбі күні құтқару қызметіне жолдың жабылуына байланысты Самара-Шымкент тасжолының 965-шақырымындағы («Маяк» кемпингі маңында) жолаушылардан хабарлама түскен. Құтқарушылардың арқасында Өзбекстан Республикасының 56 азаматы Қарабұтақ орталық мешітіне орналастырылды.
Ақтөбе облысы ТЖ департаменті өз өмірі және жақын адамдарының өміріне қауіп төндірмеу үшін облыс тұрғындарына келесі ережелерді сақтауды ұсынады.
Қысқы сапарға шықпас бұрын:
– Ауа райы болжамын мұқият оқып шығу керек;
– Қозғалыс үшін қандай жолдар жабылуы мүмкін екенін анықтап алу міндет.
(Ақпаратты 112 құтқару қызметінің телефоны бойынша, сондай-ақ Darmen мобильді қосымшасының көмегімен нақтылауға болады).
– 112 қызметінен ресми дауылды ескерту алған кезде елді мекендерге бармау керек және жолаушылар елді мекендерден шықпауы тиіс.
– Көлікті төтенше жағдайда аман қалуға мүмкіндік беретін өте қажет заттармен жабдықтау керек. Яғни:
– отын қоры бар канистр (кемінде 20 л) және сұйық құюға арналған ыдыс;
– шай термосы және азық-түлік қоры;
– жылы киімнің қосалқы жиынтығы.

Ең бастысы, автомобиль техникалық жарамды күйде болуы қажет.
Ауа райының күрт нашарлауына байланысты тұрғындарға көмек көрсету мақсатында жедел штаб құрылып, жедел желі байланысы қосылды.
Жедел желінің байланыс телефоны: 54-85-24.
Ақтөбе облысының ТЖ департаменті азаматтарға ауа райының өзгеруін қадағалауға, ауа райының нашарлауы және автожолдарда автокөлік қозғалысына шектеулер енгізу кезінде жолға шықпауға кеңес береді.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button