Жаңалықтар

Президент министрлер мен әкімдерге: Қағазбастылық, көзбояушылық дегенді доғару қажет

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайта жасақталған Үкіметтің кеңейтілген отырысында өткен жылдың табысты болғанын атап өтті.

«Жалпы, өткен жыл еліміз үшін табысты болды деп айтуға болады. Әрине, шешімін таппаған өзекті мәселелер әлі де бар. Сондықтан, еліміздің сапалы дамуы үшін тиісті шешімдерді қабылдауымыз қажет. Біз алдағы уақытта жаңа экономикалық бағдармен жүреміз десек, Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс. Ұлттық экономиканы өркендету үшін жаңа идеялар және ұзақ мерзімге арналған жүйелі ұстаным қажет. Біз еліміздің даму қарқынын күшейтуіміз керек. Экономиканы әртараптандырып, шетелден көбірек инвестиция тарту қажет. Үкіметтің басты міндеттерінің бірі – экономикалық қызмет субъектілерінің бәріне бірдей жағдай жасау. Экономикаға жаңа серпін беру үшін Үкімет кәсіпкерлермен, инвесторлармен толыққанды серіктес ретінде тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппарат барынша тиімді және үйлесімді жұмыс істеуі керектігін де айтты.

«Қағазбастылық, көзбояушылық дегенді доғару қажет. Осындай жағымсыз үдерістердің кесірінен жұрттың реформаға және Әділетті Қазақстанға деген сенімі азаяды. Жоғарыдан тапсырма берілгенін, азаматтардан арыз түскенін немесе жағдайдың нашарлап кеткенін күтіп отырмау керек. Бастама көтеріп, дербес жұмыс істей білу қажет», – деді Президент.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button