Тағзым

Өз кезеңінің өнегесі

Тағылым

Отызыншы жылдардың басында дүниеге келген ұрпақтың еншісіне есін жиып, етегін жауып үлгермей-ақ көптеген қиындықтарды бастан өткеру, сан түрлі сынақпен бетпе-бетпе келу тағдыры жазылған сияқты.
Шәуен Елмағамбетов те осындай жолдан өткен адамдарың бірі еді. Бәлкім, сол кедергісі мол кезеңдердің әсері болар, ол елу екі-ақ жыл өмір сүрді. Бірақ артында жақсы атағы қалды.
Шалқар жұрты оны ұлағаты мол ұстаз, кісілігі мен кішілігі қатар жүретін ілтипат иесі, білімі мен білігі ұштасқан азамат деп ұғынды.
Оның өмірбаяны мейлінше қысқаша сипаттама ауқымына сиып-ақ кетеді. Шәуен Елмағамбетұлы 1931 жылы дүниеге келген. Қуғын-сүргінмен басталып, арты соғысқа ұласқан күрделі жылдардың аумағында, яғни 1937-1947 жылдары Шалқар қазақ орта мектебінде білім алады. Содан кейін төрт жылдай өзі түлеп ұшқан білім ұясында өзінен кейінгі ізбасарларына сабақ береді. Уақыт өте келе жоғары білім қажеттігін ұғынып, Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетіне оқуға түседі. Сөйтіп, диалектикалық және тарихи материализмнің оқытушысы мамандығын алып шығады.
Дипломды жас маманды өзінің туған жерінде бірден оқу ісінің меңгерушісі етіп қызметке қабылдайды. Арада бес жыл өткенде 496 теміржолшылардың балаларын оқытатын мектептің директоры болып тағайындалады. Оның кейінгі жиырма екі жыл ғұмыры Шалқар мектеп-интернатының директоры қызметіне арналады.
Бүкіл қажырлы еңбегін жас буынға жақсы жол көрсетуге арнаған ұлағатты ұстаз 1974 жылы «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі», 1980 жылы «КСРО ағарту ісінің үздігі» белгілерімен марапатталады.
* * *
Кім-кімнің де ғұмыры балалық кезден бастау алады. Өз тұстастарының көпшілігі секілді, оның өмір есігін ашқаннан көргені қиындық. 1932-1933 жылдары әкесі Елмағамбет ірі бай әрі болыс деп тұтқындалып, Сібірге — итжеккенге, Владивостокқа жер аударылады. Маңдайдан сипар әке алақаны болмаған балақанның жүзі төменшіктеп өсетіні анық қой.
Елмағамбетті Владивостокта ауыр жазаға тартып, атуға бұйырғанын онымен бірге сотталған Медіресін Тереков айтып келеді. Ол жолдасын өз қолымен шапанына орап, жерлеген екен.
Әкелері ұсталып кеткен соң балалары — Әбділда мен Қыюаш, Зағи мен Қамаш қудалаудан сескеніп, фамилияларын өзгертеді. Бірі — Тасыров, бірі — Жылқыбаев, тағы бірі Елемесова болып кетеді.
* * *
Қазақта «Көзкөргендер сөйлесін!» деген тағылымды сөз бар. Сондықтан да Шәуен аға туралы оның замандастарының естеліктеріне назар аударып көрелік.
1968-1975 жылдары облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі болған Ниетжан Берікұлы сол кезеңдер туралы былай толғанады: «1963 жылы жазда Шалқарға жол түсіп, құрылысы күрделі жағдайда, қиындықпен қолға алынған мектеп-интернат жұмысын көруге тура келді. Мектеп директоры Шәуен Елмағамбетов уыздай жас жігіт екен, өте сыпайылығымен облыс адамдарын бірден өзіне тартып алды. Бірақ құрылысты жүргізушілермен тілдескенде айбындылық танытты. Ол құрылысшылардың кемшіліктері мен қателерін қатты сынағанымен, өзінің де міндетті істерін жасырған жоқ.
Ол 1967 жылы мұғалімдердің бүкілқазақстандық ІV съезіне делегат болып қатысты, ал 1970 жылы республикалық конференцияда «Жаңа бағдарламаларға көшу туралы» өз мектебінің тәжірибесін байыпты баяндап берді».
Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, білім беру ісінің ардагері Нағашыбай Ердәулетұлы жас кезінде Шалқар өңірінде еңбек еткен. «Негізінде, ол ақжарқын, ақкөңіл, жақсылығы мол, жаманшылығы жоқ, ешкімге болмасын демейтін, қолдан келген көмегін беретін, қолы ашық, қонақшыл жігіт еді» деп пікірін білдіріпті арада қаншама жыл өтіп кетсе де берігіректе жазылған естелігінде.
Ардагер ұстаз, ұзақ жыл өзі де мектеп басқарған Дәулетжан Қыдыров ағамыз: «Шәуен ағамыздың бір ерекшелігі — қай кезде де өзін қарапайым ұстайтын, артық сөз айтпайтын, әр нәрсеге де байыппен қарайтын. Менмендік, өркөкіректік, біреуге үстемдік жасау дегендер ол кісіде атымен жоқ еді» деп оның жақсы мінезіне тәнті болады.
Білім беру ісінің үздігі Құлыбек Сүйеубаев өзін Шәуен Елмағамбетұлының жас кезінде директордың орынбасары қызметіне шақырғанын айтады. «Орта мектепте істеген тәжірибем бар маған бұл жұмыс алғашқыда қиындық келтірмейтін сияқты болып көрінді. Жүре келе олай емес екенін білдім.
Мұғалімдердің біразының жасы сол кезде елуден асқан екен. Шәкең маған олардың көпшілігі жалғызілікті жандар екенін айтып, ол кісілерге ерекше қарым-қатынас жасау қажеттігін баса ескертті. Бұл адамгершілік қасиетті ту еткен асыл жанның адамдарға деген жанашырлығы еді…», — дейді ол.
Шынында да, мектеп құрылысы салынып жатқан кезде Шәуен-директордың бел шешпестен, аяғына керзі етік киіп, таңнан кешке дейін құрылысшылар арасында жүретіндігін көпке дейін елдегілер сүйіспеншілікпен айтып жүреді екен. Ол араласып, үнемі басы-қасында жүрген мектептің оқу корпусы пайдалануға берілген кезде сәнділігі сондай — көпшілік «Шалқар университеті» деп атап кетіпті. Басшының іскерлігі мен талапшылдығы арқасында мектеп-интернаттың базасы жыл сайын нығайып, темір және ағашпен жұмыс жасайтын шеберхана, ғылым мен техниканың соңғы жаңалықтарына негізделген пән кабинеттері іске қосылған.
Оқушылар сапалы білім алумен бірге, каникул кезінде тәрбиешілерінің бастауымен Ресей қалаларына саяхатқа барып тұрған.
Мектеп ауласындағы жайқалған теректер директордың өзі сонау Ленинград қаласынан әдейі алып келген көшеттерден көктеген екен.
Енді ұлағатты ұстаздың шәкірттері кімдер еді деген сауалға жауап ізделік. Шалқар тораптық теміржол ауруханасын, кейін Батыс Қазақстан теміржолы басқармасының медицина саласын басқарған Жұбаныш Бимағанбетов, аудандық кеңес атқару комитетінде қызмет атқарған Балтабай Тағаев, Қостанай теміржол бөлімшесінің бас инженері болған Сәбит Алдоңғаров, Шалқардың теміржол мекемесіне қарасты байланыс және белгі беру дистанциясының ұзақ жыл тізгінін ұстаған Шәймерден Мәуметов, педагогика ғылымдарының кандидаты, белгілі ғалым Сәбетбай Елубаев, журналист Әкімжан Оралбаев, ауыл шаруашылығы инженері Саудағазы Есбосынов, өндіріс инженерлері Жайлаубай Қосбармақов, Жұматай Шамбаев, міне, осылай жалғаса береді оның тәлім алған түлектері. Өкінішке қарай, осы азаматтардың да бірқатары өмірден өтіп кетті, енді олардың ғұмырын, өзара сыйластығын ұрпақтары лайықты жалғастыруда.
Әке тағылымы, ең алдымен балаға, яғни өз перзентіне үлгі. Арыстанбек Шәуенұлы әкесінің өзіне кішкентай кезінен берген тәлімін былайша сағынышпен қағазға түсіріпті: «Әкем жастайымнан мені білімге баулыды. Әрқашан маған «басыңа жина!» деп айтатын. Әлі есімде, оқушы кезімде ол маған әйгілі француз жазушысы Жюль Верннің шығармалар жинағының бір томын оқы деп берген, сосын мен қызығып бүкіл жиырма томын оқып шыққанмын. Әкеме еліктеп, басқа да қызық, философиялық мағынасы мол кітаптарды да оқығанмын. Сол кезде өзіміздің қазақша басылымдармен қатар, сонау Мәскеуден шығатын «Огонек», «Знание сила», «Вокруг света», «За рубежом», «Здоровье» сияқты журналдарды алдыратын, мен де оларды әкемнен қалыспай оқитынмын».
Енді Шәуен ағаның отбасының шырайын келтірген жақсы жар, ұл-қыз өсірген ардақты ана, өзі де ұстаз Сәбира апа туралы бірер сөз.
Сәбира Қалжанова бастапқыда Ақтөбе педагогика институтының физика-математика факультетінде білім алып, кейін институт жабылған соң оқуын Қызылордада жалғастырады. Оны бітірген соң Шалқар қаласындағы 496 теміржол мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып қызметке алынады. Ол өзінің міндетті қызметімен бірге, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Ақтөбеде, Алматыда өткен мұғалімдер конференцияларына бірнеше дүркін делегат болып қатысады. 1980 жылы облыстық мұғалімдер конференциясында оның «Нашар оқитын оқушылармен жұмыс жүргізу» тәжірибесін мектептерге тарату туралы қаулы алынады, көп ұзамай ол аға мұғалім дәрежесіне лайық деп табылады.
Ұлағаты мол ұстаз ана өз балаларын да тәрбиелі, өнегелі етіп өсіреді. Шәуен ағаның шаңырағын көркейткен перзенттерінің үлкені Арыстанбек, оған жалғас Қорғанбек, Артықбек, екі қызғалдағы — Арай мен Айнұр бүгінде өздері де бір-бір отбасының иесі болып, ұрпақтарын жалғастыруда.
Сәбира апа өмірден ерте кеткен азаматының орнын жоқтатпай, балаларын бір белеске шығарды. Бүгінде немере-шөберелерінің қызығын көруде. «Бәрі де Шәуеннің ғұмырының жалғасы ғой» деп тәубе етеді.
* * *
Жақсының артында ізгілікті ізі қалады. Ол із жылдар өтсе де, уақыт айналып келсе де көнермейді, көмескіленбейді.
Шәуен Елмағамбетовтің өнегелі өмір жолы туралы 2013 жылы Ақтөбедегі «А-Полиграфия» баспаханасынан елдің белгілі азаматы, білім беру саласының үздігі Бекет Есенжоловтың жетекшілігімен «Шалқардың Шәуені» атты естеліктер жинағы жарық көрді.
Үлгілі ұстаз, үлкен парасат иесі болған Шәуен ағаның есімі алғы күндерде де ұмытылмайтын болады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button