Жаңалықтар

Бәріміз бір уақытпен жүреміз

Дөңгелек үстел

Amanat партиясы облыстық филиалының кеңсесінде еліміздің бірыңғай уақыт белдеуіне көшу мәселесіне қатысты дөңгелек үстел өтті. Облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінованың төрағалығамен өткен жиынға облысқа арнайы іссапармен келген Сауда және интеграция министрлігінен және уақытты есептеу жөніндегі жұмыс тобы мүшелерімен қатар, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, басқарма өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. 

Бұл мәселе өткен жылдың күзінен бері жан-жақты талқыланып келеді. Еліміз UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуіне көшу бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, қазіргі таңда осы бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы қоғам белсенділерінің, сонымен қатар осы бағытта жұмыс істеп жатқан зерттеушілердің пікіріне сәйкес елімізде бірыңғай уақыт белдеуіне өту бойынша оң пікірлер, қолдау бар. Әрине, бұл өңір арасында ғана уақытты бірыңғай жүйеге келтіріп қана қоймайды, сонымен қатар экономикалық белгілі бір мәселелерді шешуге ықпалын тигізбек, — деді Бұлбұл Елеусінова.

Делегация мүшелерінің облысқа жасаған сапарының мән-маңызына тоқталған  Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев:

— Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу мақсатында жұртшылықты ақпараттандыруға және бұл бағыттағы негізгі мәселерді түсіндіру үшін Ақтөбеге келдік. Өздеріңіз білетіндей, ел аумағында бірыңғай уақыт белдеуі туралы Үкімет қаулысына өзгерістер енгізілді. Осыған сәйкес еліміздің батыс аймағынан өзге өңірлерде биыл 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні сағат 00.00-де жергілікті уақыт 1 сағат артқа ауыстырылады. Осылайша еліміздің барлық өңірі UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді, — деп бұл шешімнің мақсатын қысқаша түсіндіріп өтті.

Оның айтуынша, бірыңғай уақыт белдеуіне көшу бюджеттен ешқандай қаражатты талап етпейді.

Біз бұл тұрғыда мемлекеттік органдармен, әуе, теміржол сияқты өзге де құрылымдармен жиын өткіздік, барлығына алдын ала ескертілді.Жұмыс жүргізу уақытын сәйкестендіру — олардың функционалды міндеті. Сол сияқты банк жүйесі де синхронды түрде жұмыс жасайтын болады. Біздің тарапымыздан тек ақпараттандыру жұмыстары ғана жүргізіліп жатыр. Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу барлығымызға тиімді болмақ. Мәселен, біз Астанада отырып жергілікті жердегі әріптестерімізді іздейміз. Ал оларда жұмыс таңғы сағат 9.00-де басталады. Біз хабарласқанымызда олар үйлерінде немесе жолда келе жатады. Алайда олар бізге жауап беруден бас тарта алмайды әрі біздегі уақытпен өтетін жиынға қатысуға тиіс. Ал кешкілік олар жұмыста болғанда, бізде жұмыс уақыты аяқталады. Бұл — дұрыс емес. Егер осының бәрін үйлестіруге мүмкіндік болса, мемлекеттік органдар, банк жүйесі, бизнес саласы және басқалардың да жұмыс жасауына ыңғайлы болар еді, — деді Қуаныш Елікбаев.

Делегация мүшелері осы аптада еліміздің 5 аймағында бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты ақпараттандыру жұмыстарын жүргізбек. «Сапарымызды Ақтөбеден бастадық. Бұдан әрі Жамбыл, Алматы, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарына барамыз. Шығыс Қазақстан облысының үш ауданында болып, халыққа түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстарын жүргіземіз, — деді министрлік өкілі.

— Ақтөбеге жасаған сапарымызда ішкі нарықты қорғау жөніндегі ахуалдық штабтың үйлестіруші органы ретінде басқа құрылымдардағы әріптестерімізбен Ресеймен шекаралас «Жайсаң» кеден бекетінде болдық. Онда біз тауарларды әкелуді бақылаудың тиімділігіне талдау жасап, мониторинг жүргіздік. Жарақтандырылу, ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау пункттерінің, құжаттамалық және физикалық тексеру жүргізудің қалай жұмыс істейтінін өз көзімізбен көріп қайттық. Барлық ұсынымдар алдағы уақытта Үкіметке жолданатын болады, — деді Қуаныш Елікбаев.

Дөңгелек үстел отырысында бірыңғай уақыт белдеуіне көшу мәселесін 22 жылдан бері зерттеп жүрген биотехнолог, ғалым ҚуатӘмір:

Қазіргі таңда Қазақстан территориясында 4 уақыттық белдеуі бар. Ол — UTC+3, UTC+4, UTC+5 және UTC+6. Нақтырақ айтсақ, UTC+3 (Батыс Қазақстан) пен UTC+6 (Шығыс Қазақстан) уақыт белдеулері ел территориясының шет аймақтарына аздап қатысы бар. Қалыптасқан жағдайға байланысты қазіргі таңда UTC+6 уақыт белдеуін еліміздің жартысынан көп бөлігіне жасанды жолмен тартып, созып қойған. Ол табиғи уақыттық белдеу болмағандықтан, адамдардың түн ұйқысы табиғи уақытқа сай келмей, бір сағатқа кеміп тұр. Бұл — Астана, Шығыс Қазақстан сияқты еліміздің өзге өңірлеріне тән құбылыс. Бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің еліміз үшін экономикалық тұрғыдан да, адам ағзасына да оң әсері бар. Ұйқы — адам ағзасындағы маңызды процесс. Енді бұл өзгеріс адам ағзасына қалай әсер етеді? Адамның ағзасына ұйқы не үшін керегін бәріміз білеміз. Өйткені осы уақытта адам ағзасы өзінің регенеративтік процестерін өткізіп, демалады. Бірақ адам баласы UTC+6-да ұйықтайтын болғандықтан, оның түнгі уақыты бір сағат қысқарып отыр. Былайша айтқанда, регенеративті процестер бір сағатқа кем өтіп жатыр. Соны ғылыми тұрғыда қарастыратын болсақ, 1 сағат дегеніміз — ол күн сайын бірінің үстіне бірі қабаттаса беретін проблема. Бұл 30-40 жылда үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Сондықтан біздің елде обыр, инфаркт, инсульт, суицид, тіпті ажырасудың көбеюіне де осы мәселе әсер етеді. Көпшілік бұл мәселенің ажырасуға қандай қатысы бар екенін сұрап жатады. Ол адамның психоэмоционалды жағдайына тікелей әсері бар. Бұған жай ғана мысал келтірейік. Мәселен,сіз қалыптасып қалған өміріңізде 7-8 сағат ұйықтайтын болсаңыз, соны бір апта бір сағатқа қысқартып көріңіз. Бір аптада сіздің психоэмоционалдық жағдайыңыз күрт өзгереді. Әрине, ол жақсы жағына қарай өзгермейді. Осы процесті бірыңғай уақытқа қарай көшіру, демек, өзінің табиғи белдеуіне көшіру адам азғасына тікелей оң әсерін тигізеді, — деп түсіндірді.

Дөңгелек үстел отырысында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры Әсет Қалиев, облыстық мәслихат депутаты Сергей Вишняк тақырыпқа байланысты өз ойын ортаға салды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button