Жаңалықтар

Сапалы өнім және қауіпсіздік

Көшпелі отырыс

Сауда және интеграция министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаевтың төрағалығымен өткен ахуалдық штабтың көшпелі отырысында отандық тауар өндірушілерді қолдау, ішкі нарықты арзан және сапасыз импорттан қорғау мәселелері талқыланды.

Жиынға мемлекеттік мекемелердің өкілдері мен жергілікті тауар өндірушілер қатысты.

— Мемлекет басшысының өткен жылғы Жолдауындағы ішкі нарықты, оның ішінде мемлекеттік бақылаудың қолданыстағы құралдарын қолдана отырып, арзан және сапасыз импорттан қорғау мәселелері жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында бүгінде министрлік жанында ахуалдық штаб жұмыс істейді. Осы штабтың бастамасымен былтыр еліміздің барлық өңірінде тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық ұйымдар мен ұлттық сараптама орталығының өкілдері импорттық сүт өнімдерін, құс еті мен шұжық өнімдерін, ірімшік, сары май мен күнбағыс майын іріктеп, сараптамаға ұсынды. Жалпы саны 200-ден астам ет, шұжық, сүт, басқа да өнімдер зерттеліп, 40-қа жуық тауардан тамақ өнімінің қауіпсіздік нормативтерінің бұзылуы анықталды. Осы тұрғыда біз биыл да барлық облыста зерттеу жұмыстарын жүргізетін боламыз, — деді Қ.Елікбаев.

Сауда және интеграция министрлігінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары, әдеп жөніндегі уәкіл Болат Танабергеновтің айтуынша, былтыр  елімізде тамақ өнімдерінің сәйкестігі туралы 83 декларацияның күші жойылған.

Былтыр жыл соңында ішкі нарықтың және отандық өндірушілердің, тұтынушылардың құқығын қорғауға бағытталған «Сапалы өнім» әлеуметтік жобасын іске асыру жөніндегі жол картасы бекітілген. Осы жол картасына сәйкес биыл республика бойынша барлық өңірде тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Соның нәтижесінде елімізде отандық брендке айналатын өнімдер қатары көбеймек.

Биыл жалпы құны 200,0 миллион теңгеге техникалық ерекшеліктер әзірленді. Алдағы уақытта еліміздің барлық өңірінде осы жоба аясында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс іске асырылады. Бұл бағыттағы конкурсты өткізу осы жылдың бірінші тоқсанына жоспарланып отыр. Қазіргі таңда тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша жұмыстарға үкіметтік емес секторды тартып, оларға мемлекеттік гранттар беру мәселесі қаралып жатыр, — деді ол.

 Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button