Жаңалықтар

Балабақшаға барды…

Қоғамдық кеңес

Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері Ақтөбе қаласындағы балабақшаларға мониторинг жүргізіп, құжаттарын қарап, ас блогының жұмысымен танысты. Егер қандай да бір олқылық анықталған жағдайда тиісті мекемелерге ұсыныс хаттар жіберілетін болады.

«Ақтөбе» газетінің тілшілері қоғамдық кеңес мүшесі Қуантқан Әлімов бастаған мониторингтік топпен бірге бірнеше балабақшаға барды.

Кеңес мүшелері алдымен Некрасов көшесі,188 мекенжайында орналасқан «Инаят» балабақшасының жұмысымен танысты. Біз барғанда балалар таңғы асын ішіп алып, тәрбиешілерімен бірге танымдық ойын ойнап жатыр екен. Бүгінде «Инаятқа» 69 бала барады. Мектепке дейінгі ұйымның меңгерушісі Торғын Миранованың айтуынша, биыл ашылғанына бес жыл болатын балабақшада балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалған.

Топ мүшелері бірден өз жұмыстарына кірісті. Бірі балабақшаның құжаттарын, енді бірі мейірбикенің қағаздарын қарап, балаларға тамақ дайындалатын бөлменің тазалығы мен тоңазытқышта тұрған тамақтардың жарамдылық мерзімін тексерді.

«Инаяттан» шыққан соң мониторингтік топ Некрасов көшесі, 220 мекенжайындағы «Кәусар» бөбекжай-балабақшасына барды. Бұл орталықтың жұмысы 2020 жылы басталған. Бүгінгі таңда мұнда мемлекеттік тапсырыс аясында — 75 бала, ал коммерциялық топта 19 бала мектепке дейінгі білім мен тәрбие алып жатыр.

Бұл жерде де кеңес мүшелері балаларға сабақ өтетін орынды, ұйықтайтын бөлмелерін, ас дайындайтын бөлме мен мейірбикенің кабинетін қарап шықты.

Айта кетейік, екі балабақшаның да айналасы темір қоршаумен қоршалып, іші-сырты бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Мұндағы жұмыс барысын көзімен көрген топ мүшелері ата-аналар чатына қосылып, олардың тарапынан қандай шағымдар бар екенін сұрапбілді.

— Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда әлеуметтік желіні ашсаң, балабақшадағы неше түрлі оқиғалар мен ата-аналардың шағымын көресің. Осындай жағдайларды болдырмау, алдын алу мақсатында облыстық кеңес мүшелері қаладағы балабақшалардың жай-күйімен танысып, мониторинг жүргізіп жатыр. Бақылау жұмыстары бекітілген алгоритмге сай жүргізіледі. Біздің мақсатымыз — біреуді сынап-мінеу емес, керісінше, қателіктерін анықтап, ескерту. Егер мониторинг кезінде үлкен олқылық анықталса, тиісті мекемелерге ұсыныс жібереміз. Әрі қарайғы жұмысты сол сала бойынша құзіретті органдар жүргізетін болады, — деді облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, комиссия төрағасы Қуантқан Әлімов.

Айта кетейік, бүгінде облыста 46 068 бала тәрбиеленіп жатқан 605 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның — 385-і мемлекеттік мектепке дейінгі мекеме, 220-сы —  жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар.

Қоғамдық кеңес мүшелері мүмкіндігіне қарай, қаладағы барлық балабақшаға баруды жоспарлап отыр. Мәселен, Қуантқан Әлімов бастаған топтың алдында қаладағы 53 мектепке дейінгі мекеменің жұмысымен танысу міндеті тұр.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button