Тағзым

Аман Төлеевті еске алды

Ресейдің белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың қадірлі перзенті Аманкелді Молдағазыұлы Төлеевтің өткен жылдың қараша айында Кемеровода сексен жасқа қараған шағында дүниеден өткені бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарланған болатын.

Көнекөз қариялардың айтуынша, оның әкесі Молдағазы Ақтөбе облысындағы Кенжалы өзенінің бойында дүниеге келген. Кезінде заман ағымына қарай өзінің тұстастарымен бірге Түрікменстанға қоныс аударған екен.

Жақында ақтөбеліктерАманкелді Төлеевті еске алып, оның рухына Құран бағыштаған тағылымды іс-шара өткізді.

Аманкелді Молдағазыұлы Жаңасібір теміржол инженерлері институтын, Қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген. Еңбек жолын 1964 жылы Кемерово облысында теміржолшы болып бастады. 1967 жылдан бастап осы салада бірнеше лауазымды қызметтердееңбек етіп, Новокузнецк бөлімшесінің басшысына дейін көтеріледі. Одан кейін Кемерово облыстық партия комитетінде бөлім меңгерушісі, Кемерово теміржолының бастығы болды. 1990-1993 жылдары Ресей Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Кемерово облыстық халық депутаттары кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Ресей Федерациясының ТМД елдерімен қарым-қатынас министрі қызметі тізгінін ұстады.

1997 жылдан бастап ұзақ уақытКемерово облысының губернаторы болды. Үш рет РФ Президенттігіне кандидат болып тіркелді.

Ресейдің, Украинаның, Қазақстанның, Беларусьтің, Моңғолияның көптеген орденімен марапатталған.

Аманкелді Төлеев өмірінің соңғы жылдарында Кузбасс облыстық кәсіптік білім беруді дамыту институтының ректоры болды, қоғамдық істерге белсенді араласты. Осыдан екі жылдай уақыт бұрын қазақстандық бір топ азамат арнайы Кемеровоға барып, Аманкелді Молдағазыұлына сәлемдесіп қайтқан еді. Сол топтың құрамында болған ақтөбелік кәсіпкер Жанат Айтпағанбетов елге белгілі қоғам қайраткерінің баспадан жаңадан шыққан «Преодоление» атты автобиографиялық повесін ала келген болатын.

Ақтөбедегі ас беру шарасына Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облысынан да арнайы өкілдер келіп қатысты.

Жиында ашып, сөз сөйлеген қоғам белсендісі Естай Жайлыбай Аманкелді Төлеевтің өмірбаянына қысқаша шолу жасап, оның есімі қазақ халқы үшін мақтанышқа айналғанына, көзі тірісінде Қазақстан Республикасының «Достық» орденімен, «Астана» медалімен марапатталғанына тоқталды.

Ас беру барысында осында әдейі келгенбелгілі кинорежиссер, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Сергей Әзімов, еңбек ардагерлері Түрікпенбей Айжарықов, Бердіғали Әйтпембетов,  облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова тағдырдың жазуымен сыртта жүрсе де, ата-баба мекеніне бүйрегі бұрып тұрған үлкен тұлғаның азаматтық келбеті, қайсар мінезі, өз ұлтын мақтан тұтатын патриоттығы туралы айтты.

Басқосуда Кемерово облысының қазіргі губернаторы Сергей Цивилевтің «Біздің облыста тұтас бір дәуір Аман Гумирұлымен байланысты: ол облысты шахтерлер Транссібір теміржолындағы қозғалысты бөгеп, рельстерді жапқанда басқарып, дағдарыстан алып шыққан еді. Кузбасс тұрғындары Аман Төлеевті өз қызметінде әрқашан халықтың мүддесін бірінші орынға қоятын нағыз халықтың губернаторы ретінде еске алады», — деген сөзі жұртшылыққа айтылды.

Ынталы топ мүшелері өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге болатын Аманкелді Төлеевтің есімін ұлықтауға байланысты жұмыстар алда да жалғасатынын айтты.

Нұрмұханбет ӘБДІЛДАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button