Жастар

Лудоманияға қарсы жастар Ақтөбеде бас қосты

Пікірталас

Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қолдауымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің және «Заман біздікі» интеллектуалды элиталар одағының ұйымдастыруымен «Қоғам дерті: Лудомания. Қаржылық пирамида» атты пікірталас турнирі өтті.

Қазіргі қоғам дертімен күресу, құмар ойынының құрығына ілінбеудің алдын алу және студенттер арасында пікірсайыс қозғалысын дәріптеу мақсатында өткен шараның ашылуына облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов қатысты. — Лудомания, қаржылық пирамида — бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі. Бұл — маскүнемдік пен нашарқорлықтан кейін тұрған қоғам дерті. Бұл жағдай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да бақылауында тұр. Көптеген азаматымыз осынау дерттің құрбаны болып жатқанын айтқан Президент өткен жылы қаржы пирамидасын жарнамалағандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін құжатқа қол қойды. Сондай-ақ мұның алдын алу үшін қоғамда түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Бүгінгі ұйымдастырылып жатқан шараның жастар үшін маңызы зор. Турнир қатысушыларына сәттілік тілеймін, — деді ол. Бұдан соң университеттің басқарма төрағасы-ректор Лаура Қарабасованың сәлемін жеткізіп, құттықтау сөз сөйлеген проректор Есбол Мұханбетқалиев турнирге қатысушы оқу орындарының басшыларына Алғыс хат табыстады. Зияткерлік сайысқа Алматы, Шымкент, Тараз, Ақтау, Атырау, Орал, Қостанай және Ақтөбе қалаларынан келген 34 команда қатысты. Турнир нәтижесі бойынша 1-орынды ақтөбелік «Соңғы нүкте» фракциясы жеңіп алды. 2-орынды Шымкент қаласынан келген «Фемида» иеленсе, 3-орынды Батыс Қазақстан облысынан келген «БПФ интеллект» фракциясы алды. Сонымен қатар мектеп оқушыларынан құралған жастар лигасының финалы өтті. Жеңімпаз фракция — «Speak out time». Бұл ойында «Ордабасы» командасы финалға шықты. Турнирдің «Үздік спикері» — Темірлан Есенов, «Үздік төрешісі» — Биболат Алпысбайұлы, «Үздік гиді» — Альфия Абу. Республикалық турнир жеңімпаздарына ақшалай жүлде табысталды. Сонымен қатар ойыншыларға ынталандыру сыйлықтары берілді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button