Жастар

Жастар мемлекеттік Гимнді шырқайды

Заманай ҚАЙНАРҰЛЫ,

облыстық жастар ресурстық орталығының орынбасары.

Былтырдан бастап 25 қазан — араға бір мүшел салып, Республика күні ретінде қайта тойланды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Заңға қол қойып, Республика күніне Ұлттық мереке мәртебесі берілді. Бұл күн тарихымызды біздің, өскелең ұрпақтың санасынан жойып алмау үшін керек. Себебі дәл осы күні Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданып, біз өзімізді дербес республика ретінде әлемге таныта бастадық. Яғни тәуелсіздігімізді алуымызға дәл осы күні күшіне енген декларация себеп болғанын естен шығармауымыз керек.

Бүгінде егемен еліміз дамудың даңғыл жолына түсті, Әділетті Қазақстанның  жаңа экономикалық моделіне көштік. Бұл орайда, жастар — елдің басты байлығы. Сондықтан жастарға үлкен үміт артылып отыр.

Қазір елімізде жастардың түрлі салада еңбек етуіне кең қолдау бар. Ақтөбелік жастар да тәуелсіздік жылдарында көптеген жетістікке қол жеткізді. Жақында  Республика күніне байланысты облыстық деңгейде өткізілген «Келешек» жастар кеңесінің слеті облыс жастарының әлеуетін анықтау, қолдау және дамыту, алдағы міндеттер мен мақсаттарымызды айқындауға бағытталды.

Биыл жастар арасында бұл күннің маңыздылығын арттырып, мәнін айшықтай түсетін іс-шаралар жоспары жасалды. Соның бірі — «Electronic sports games-2023» облыстық виртуалды спорттық шарасы.  «Болашақ — жастардың қолында» тақырыбында өтетін облыстық пікірсайыс турнирі де Республика күнімен орайластырылып өткізілетін болады. «Қыран елім — Қазақстан»  патриоттық акциясы аясында барлық аудан жастары бүгін, яғни 17 қазан күні жаппай мемлекеттік Гимнді орындап, патриоттық шығармаларды челендж ретінде жолдамақ.

Мемлекетіміздің ел ретінде нығая түсуіне біздер — жастар — бұрынғыдан да белсенді болуымыз қажет.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button