МерекеПікір

Бұл күн — елдігіміздің айғағы

Ерболсын КӨБЕКОВ,

Благодар орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі.

Ақтөбе қаласы, Кеңес Нокин ауылы.

Республика күні ұлттық мереке мәртебесін алып, қайта оралғанына екі жыл толды.

Мерекелер күнтізбесіне енген 25 қазанкездейсоқ таңдалған мереке емес.

Тәуелсіз еліміздің тарихында 1990 жылы 25 қазан «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданған тарихи күн болатын. Бұл — еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат ретінде айтулы дата болып тарихта қалды.

Декларацияда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Сонымен қатар алғаш рет ел аумағының тұтастығы мен қазақ халқының және басқа да ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысты қалыптастыру әрі нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілген болатын.

Республика күні «ұлттық мереке» болып алғаш рет 1995 жылы 18 қазанда жарияланған еді. Алайда ғұмыры ұзаққа бармады: алты жылдан кейін бұл мәртебесінен айырылып, «мемлекеттік мереке» санатына өтті. 2009 жылы сәуірде «Мерекелер туралы» Заңға өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес Қазақстанда Республика күні аталып өтпейтін болды.Былтырмаусым айында Ұлытауда өткен алғашқы құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қазан — Республика күнін «ұлттық мейрам» ретінде қайтаруды ұсынды. «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», — деген болатын Президентіміз.

Міне, содан бері елде ұлттық мейрам ретінде екінші рет атап өтілетін Республика күні — елдігімізді қадірлейтін, тарихи санамызды жаңарта түсетін ұлық мереке. Сондықтан да біз аталған мереке қарсаңында мемлекетіміздің дамуына баға беріп, келешегіне сеніммен қарауға күш аламыз. Мемлекетіміздің рухани өркендеуі үшін де бұл күннің мәні зор демекпін.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button