МерекеПікір

Азаттық айтыспен қауыштырды

Айбол САҒЫНЖАНҰЛЫ,

халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы

Хромтау аудандық филиалының төрағасы.

Республика күні — ел егемендігінің алғашқы қадамы. Тәуелсіздіктің тұсауы 25 қазанда кесілді десе де болады. Бір мүшел бойы атаусыз қалған бұл датаныңқайта ұлттық мереке мәртебесін алғанына қуаныштымын.

Тарихтан 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «ҚазССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданғанын білеміз. Сол күн — азаттық аңсаған халқымыздың көкірегінде үміт отын оятып, ғасырлап күткен арманының шынға айналғанын сезіндірген дата. Содан бері халқымыз жоғалтқанын іздеп, қауышуда. Қайта қауышқан өнердің бірі — айтыс. Қасиетті өнерге бала күнімнен құмартып,көк жәшіктің алдына телміріп, сөз өнері «серкелеріне» еліктеп, айтыстарды жаттап өстім. Талай мәрте туған топырағым — Байғанин ауданының атынан додаға түсіп, аудан намысын қорғадым. Кейін Хромтау өлкесінің Никельтау аулына қоныс аударып, ұстаздықпен айналыса бастадым. Әрине, басым көпшілігі өзге ұлт өкілдерінен құралған ауылда төл өнерімізді насихаттап, халықтың қызығушылығын ояту оңайға түспеді. «Еңбек етсең — емерсің» дегеннің растығына осында жүріп көз жеткіздім. Бірнеше жыл төгілген маңдай тердің арқасында Әзиза Мәлікова есімді оқушым облыстық айтыстарда топ жарып, күні кеше Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш топырағында өткен «Жыр алыбы — Жамбыл» атындағы республикалық дәстүрлі оқушылар айтысына қатысып келді. Жүлделі орынға ілікпесе де, біле-білгенге оның осы деңгейге жеткенінің өзі жеңіспен тең. Өйткені Әзиза Мәлікова — ширек ғасырдан астам уақыттан кейін аудан намысын республика деңгейінде қорғап тұрған, кіндік қаны Хромтау топырағына тамған айтыскер ақын. Бұл — тәуелсіздіктің жемісі! Бұл — тәуелсіздік тарту еткен бақыт!

Тәуелсіздік төл өнеріміздің өшпеуіне есік ашып берді. Біздің міндет — бабалар арманын асқақтатып, егемендігімізді баянды ету жолында аянбай еңбек ету.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button