Денсаулық

LVAD жүрек жұмысын реттейді

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Жүрек ауруларының алдын алу және емдеу» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында кардиолог мамандар жүрек ауруларының алдын алу жолдарын түсіндірді.

Брифингте облыстың штаттан тыс бас кардиологі Ирина Гусева бұрын Жүрек күні қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтетінін, алайда 2011 жылы оған тұрақты күн — 29 қыркүйектің тағайындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл маңызды дата Дүниежүзілік жүрек федерациясының бастамасымен ХХ-ХХІ ғасырлар тоғысында пайда болды. Бұл идеяны Дүниежүзілік денсаулық сақтау қауымдастығы мен ЮНЕСКО қолдаған. Бүгінде Жүрек күні әлемнің жүзден астам елінде аталып өтіледі.

— Бұл күннің маңызы жоғары. Сондықтан атаулы күні ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл күні тек дәрігерлер мен медицина қызметкерлері, ғалымдар ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері де жүрек ауруынан болатын өлім-жітімнің  алдын алу және емдеу шараларына өзіндік үн қосады. Әрине, бұл ауруға байланысты өлім-жітім көрсеткішін төмендету үшін қарапайым әдіс-тәсілдерді күнделікті пайдаланудың маңызы зор. Өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары пандемияның салдары, инфекциялық аурулардың өршуі жүрек-қан-тамыр ауруларын одан әрі қоздыратыны белгілі. Бұл бағытта  2019 жылы отыз жылдай зерттеу жүргізілген үлкен жұмыс аяқталды. Бұл жұмысқа 204 ел қатысқан. Зерттеу нәтижесінде инфекциялық емес ауруларға қатысты себептер анықталды. Ол үшін 87 қауіп факторы талдауға алынған. Әйелдер арасында жүрек ауруына қатысты өлім-жітімнің негізгі себебі ретінде артериялық қан қысымы, одан әрі қант диабеті, семіздік сияқты факторлар анықталды. Ал ерлер арасында жүрек ауруларына қатысты өлім-жітімнің бірінші себебі — шылым шегу. Екінші орында жоғары артериялық қан қысымы аурулары анықталған, — деді И.Гусева.

Күйзеліс, ұйқының бұзылуы, ағзадағы халестерин мөлшерінің төмендеуі де аталған аурудың көрсеткіштерін жоғарылатады.

— Қазіргі күні елімізде жүрек ауруларын хирургиялық емдеу жолы жақсы дамып жатыр. Статистика бойынша жүрек ауруларына байланысты өлім-жітімніңкөбеюі адамдардың өз денсаулығына салғырт қарауынан деп ойлаймын. Сондықтан тұрғындарға бұл ауруға бейжай қарамауды сұраймыз. Егер кім-кімде жүрек жетіспеушілігіне қатысты проблема туындаса, уақытында медициналық қызметке жүгінуі қажет, — деген кардиолог дәрігер Ардақ Абдуллаева жүрек ауруларын емдеуге қатысты пайдаланылып жүрген LVAD аппаратының мүмкіндіктеріне тоқталды. «Бұл хирургиялық ем саналады. Аталған аппараттың ішкі және сыртқы компоненттері бар. Нақтырақ айтсақ, сорғы жүректе немесе жүректің сол қарыншасының жанына орнатылады және қанды қолқаға бағыттайтын түтікпен жалғанады. Бұл кабель трансмиссиясы деп аталады. Жүрек ауруларына байланысты жиі-жиі стационарлық ем алушылар үшін осындай аппараттардың арқасында қазір көмек көрсету жолдары кеңінен дамыған», — деді кардиолог.

Спикерлер брифингте журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button