Жастар

Қайырымды қаланың жастары

Облыстық статистика департаментінің мәліметінше қазір Ақтөбе қаласында 14 пен 35 жас аралығында 165 мыңға жуық жас тұрады. Осы азаматтар үшін түрлі шара мен кездесулер ұйымдастырып, оларға мемлекет тарапынан  қандай жеңілдіктер берілетінін, кәсібін қалай бастауға болатынын айтып кеңес беретін  орталық барын біреу білсе, біреу біле қоймас.

Бұл жолы қала жастарының бастамаларын қолдап, оларға кез келген бағытта ақпараттық-әдістемелік көмек көрсетіп жүрген жастар ресурстық орталығының жұмысымен танысып қайттық. Біз қойған сауалдарға қаланың жастарға жауапты орталығының басшысы Нұрсұлтан Қожабеков жауап берді.

Ақтөбе қаласының жастар ресурстық орталығы Қаныш Сәтбаев көшесі, 16Б мекенжайында орналасқан. Жастар бос уақытында осы жерге келіп шығармашылықпен айналысуға болады.

— Орталықта Coworking залы бар. Бұл жерге жастар кез келген уақытта келіп, емтиханға дайындалып, дипломдық жұмыстарын жазуларына болады. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Интернетке қосылған компьютерлер, түрлі шара өткізуге арналған проекторлар бар. Барлығы тегін, — дейді орталық басшысы.

Кітап оқығанды жақсы көретін жастар үшін кітап бұрышы жасақталған. Мұнда қазақ әдебиетінің классик жазушыларының шығармалары мен әлем әдебиетінің үздік туындылары қойылыпты.

Сондай-ақ орталықта шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисін ойнауға мүмкіндік бар. Гитара, домбыра үйренгісі келетіндерге де есік ашық.Коворкинг орталығы сағат 9.00-21.00-ге дейін жұмыс жасайды.

Ақтөбе қаласының жастар ресурстық орталығы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мәселелері бойынша психологиялық, заңгерлік, құқықтық кеңес беруді, жастардың бастамаларын қолдауды, оларды әлеуметтік қолдау мақсатында жобаларды жүзеге асырады. Биыл жыл басынан бері орталықтың ұйымдастыруымен 192 шара өтіпті. Оған қаладағы 20 мыңға жуық жас қатысқан.

— Жастардың бойында патриотизмді қалыптастыруға арналған шаралардан бөлек, олардың арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, құқықтық сауатын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған жұмыстар жүргіземіз. Сондай-ақ жастарды жұмысқа орналастырып, кәсіп бастауына қолдау көрсету де біздің орталықтың басты міндеттерінің бірі, — дейді Нұрсұлтан Қожабеков.

Әңгіме барысында Нұрсұлтан Қожабеков қалада қайырымдылық десе, ішер асын  жерге қоятын жастардың баршылық екенін айтты. Орталық мамандары ондай жастармен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Әрі олар тарапынан түскен идеяларды әрқашан қолдайды.

— Біз мүмкіндігі шектеулі жастар арасында түрлі байқаулар мен кештер ұйымдастырып тұрамыз. Сондай сәттерде қасымыздан табылатын ерікті жастарымыз бар. Ал қыс айларында «Жас келсе — іске» акциясы аясында ауласын қалың қар басып қалған қарт кісілерге барып қолғабыс етеміз. Ал әбден күн суытып, қар түскенше «Жастар — Елге!» кешенді іс-шарасы аясында «TAZA ALEM» волонтерлік бағыты бойынша экологиялық акциялар өткіземіз, — деді Нұрсұлтан Қожабеков.

Жастар ресурстық орталығы пробация қызметінде есепте тұрған жастармен де жүйелі жұмыстар жүргізіп тұрады. Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен  бірлесіп аталған санаттағы жастарды тұрақты жұмысқа орналастыру және қоғамдық, мәдени-спорттық шараларға белсене қатыстыру көзделген.

— Есепте тұрған жастардың арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстатып,  қоғамға бейімдеу мақсатында Астана, Алматы аудандары пробация қызметтерінің ортақ меморандумы аясында үстел теннисінен турнир өткіздік. Сондай-ақ «Әлия» мемориалды музейіне саяхат ұйымдастырдық. Музейдегі ең құнды экспонаттар — батыр қыздың майданнан жазған хаттары, Кеңес Одағының Батыры атағы берілгені туралы Грамотасын көрген жастар ерекше әсерге бөленді, — дейді орталық басшысы.

Жалпы, биыл жастар арасында салауатты өмір салты мен рухани құндылықтарды насихаттау бағытында 10 іс-шара өткізу жоспарланған.«Салауатты ұрпақ — ұлт болашағы» ұранымен шағын футболдан, волейбол мен баскетболдан жарыстар ұйымдастырылып тұрады.

Отбасы құндылықтарын дәріптеу, отбасы институтының мәртебесін арттыру жастардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында «Отбасы — бақыт мекені», «Үлгілі келін» байқауларын, сондай-ақ қаладағы жас отбасылар арасында «Ынтымақты отбасы» атты эстафеталық сайыс өткізді.

Орталық басшысы жыл соңына дейін әлі бірнеше шара өткізу жоспарланып отырғанын айтты.

Қазір Ақтөбедегі колледж студенттері дәстүрлі «Вена балын» өткізуге дайындалып жатыр. Ал жыл соңында «Жыл үздігін» анықтайтын болады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button