БілімМереке

Ұстаз мерейі — ел мерейі

Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет.

Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауынан.

ЕҢ ҚАДІРЛІ МАМАНДЫҚ

Ұлт болашағын тәрбиелеуде ұстаздардың орны ерекше. Мемлекет тарапынан мұғалімдер мерейін көтеру, педагогтер мәртебесін арттыруда көптеген игі іс атқарылып жатыр. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының басым бағыты да осы — педагог біліктілігін арттыру. Мереке қарсаңында мемлекет тарапынан педагогтерге көрсетіліп жатқан қолдау туралы нақтырақ білмек ниетпен облыстың бас педагогі, облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанды әңгімеге тартқан едік…
— «Алты алаштың баласы бас қосса, төр — мұғалімдікі». Педагогтің қоғамдағы орнын Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев осы бір-ақ ауыз сөзге сыйғызған. Расында, ұстаздар қандай құрметке де лайық. Жыл сайын үздік педагогтерді анықтау мақсатында республикалық, облыстық конкурстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға қомақты қаражат беріледі. Мысалы, 11 жылдан бері елімізде «Үздік педагог» конкурсы ұйымдастырылып жатыр. Аталған байқаудың республикалық кезеңінің жеңімпаздары 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде марапатқа ие болады. Тиісті марапаттар өңірлік деңгейде де қарастырылады. Биылғы қорытынды әзірге шыға қойған жоқ. Осы уақытқа дейін біздің облыстағы 48 педагог республикалық кезеңнің жеңімпазы атанды. Білім шаңырақтары арасында Мақсот Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаты бірінші орынға ие. Аталған мектепте 4 педагог — Мейрамгүл Нұрбаева (2013 жыл), Гүлназ Мыңжасарова (2018 жыл), Балия Жолаева (2020 жыл) және Гүлзат Жолаева (2022 жыл) үздік атанды, — дейді Жайық Исаұлы.
Ақтөбе қаласындағы мектептерден 24 педагог, Хромтау ауданынан 2 мұғалім республикалық «Үздік педагог» конкурсының жеңімпазы атаныпты. Темір, Алға, Қарғалы, Қобда, Байғанин аудандарында бір-бірден үздік бар. Ал Мәртөк, Шалқар, Ойыл, Әйтеке би, Ырғыз, Мұғалжар аудандарында байқау жеңімпаздары мүлде жоқ екен.
Бұл байқауда колледждер оқытушылары да бақ сынайды. Жалпы колледждердегі үздіктердің үлесі — 10 педагог. Үздігі көп оқу ордасы — Ақтөбе Жоғары политехникалық колледжі. Аталған колледжде 6 оқытушы үздік атанған.
Облыстық тамыз кеңесінде де бір топ педагогтің мерейі өсті. Бұл күні «Орта білім беретін үздік ұйым» конкурсының жеңімпаздары да марапатталды.
— Білім сапасы жоғары мектептерге қолдау көрсетуді мақсат еткен «Орта білім беретін үздік ұйым» гранты биыл оныншы рет ұйымдастырылды. Жыл сайынғы гранттың жалпы көлемі — 800 еселенген айлық есептік көрсеткіш (56 миллион теңге). Биыл Ақтөбе қаласынан және 9 ауданнан жалпы 16 білім шаңырағы сынға түскен болатын. Нәтижесінде Әл-Фараби атындағы 21мектеп-гимназия (15 млн теңге), облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-лицейі (11 млн теңге),Шалқар ауданындағы 2 мектеп-гимназия (9 млн теңге), Ақтөбе қаласындағы 10 мектеп (7 млн теңге), Хромтау орта мектебі (7 млн теңге), 3 Алға қазақ мектебі (7 млн теңге) грант иегері атанды, — дейді Жайық Сұлтан.
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап педагогтердің жалақысы жыл сайын кезең-кезеңімен 25 пайызға артып келеді. Осылайша 2023 жылы мұғалімдердің жалақысы екі есеге, яғни 171 мың теңгеден 343 мың теңгеге (2019 жылы педагогтің орташа айлық жалақысы — 171 мың теңге, 2020 жылы — 223 мың теңге, 2021 жылы — 259 мың теңге, 2022 жылы — 300 мың теңге) дейін көтерілді.
— Сондай-ақ облыстың білім беру қызметкерлеріне жергілікті ерекшелік белгісі — «Ақтөбе облысының үздік педагогі» төсбелгісі, «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» құрметті атағы үшін де 300-500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы сыйақы төлемдері тағайындалды. Қазір 26 педагог облыстық деңгейге құжаттарын тапсырды. Айта кету керек, «Үздік педагог» республикалық байқауының облыстық деңгейінің жеңімпаздарына 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы қарастырылып отыр, — дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, облыс педагогтерінің 69 пайызы біліктілік санатын көтеріп, лауазымдық еңбекақысының 30-50 пайызы көлемінде үстемеақы алып отыр.
Біздің облыста 403 мектеп бар. Онда 19 756 педагог еңбек етеді. Оның ішінде: 4547 педагог-модератор, 4467 педагог-эксперт, 4090 педагог-зерттеуші, 101 педагог-мастер. Ескі санаттағы педагогтер үлесі: 2-санатты педагог — 570, 1-санатты педагог — 573, жоғарғы санатты 313 педагог бар.
Облыс бойынша 2021 жылы — 4102, 2022 жылы 7173 педагог біліктілік артыру курсынан өтті.
1 қыркүйектен бастап мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілерінің жалақысы тағы 30 пайызға артты.
Мемлекет тапсырмасына сәйкес Президенттік Жастар кадрлық резервінің үлгісі бойынша «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» кадр резервіне іріктеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 14 (4 орыс тобы, 10 қазақ тобы) директордың орынбасары курстан өтуде. Нәтижесінде кадрлар резервіне алынған тұлғалар басшылық лауазымға тағайындалатын болады.
P.S. 6 қазан күні Ақтөбе қаласында «Ұстазға тағзым» атты мерекелік шара өтеді. Бұл күні 20 педагог облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталады. Сондай-ақ ұстаздарға «Ақтөбе облысының үздік педагогі» төсбелгісі, «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» құрметті атағы табыс етіледі.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button