Денсаулық

Тұмауға қарсы егу басталады

Әдетте күз айларында суық тиюден асқынатын түрлі вирусты инфекциялар «бас көтереді». Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша, биылғы эпидемиялық маусымда тұмау вирусының A (H1N1), A (H3N2), В түрінде Victoria желісіндегі Austria штамдары таралады деп күтіледі.

Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз жиынында алдағы тұмау маусымына әзірлік барысы жөнінде сөз болды. Жиынға облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаева және облыстың штаттан тыс бас инфекционисі Мейрамбек Құрманғазин қатысты.

Деректерде айтылғандай, биылғы бастапқы 8 ай ішінде облыста жедел респираторлық вирусты инфекциялар бойынша 121 503 жағдай тіркеліпті, олардың 74 528-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған. Тұмауға шалдығу оқиғаларының саны — 30, оның 18-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген.

Жедел респираторлық вирусты инфекциялар мен тұмау адамнан адамға күнделікті тұрмыстық қарым-қатынастан бөлек, ауа арқылы да таралып, жұғатыны белгілі. Ауру әдетте жедел түрде басталып, белгі береді:  бірнеше сағат ішінде дене қызуы 39-40 ºС-қа дейін көтеріледі, бас айналу, әлсіздік, буындар мен бұлшық ет ауырсынуы пайда болады. Кейде бірнеше күнге дейін белгі бермеуі де мүмкін, әйткенмен бұл инфекциялар, әсіресе тұмау орталық жүйке жүйесін, жүрек-қан тамырларын зақымдап, өкпенің қабынуына (пневмония) ұласып кетуімен өте қауіпті, оның соңы тіпті қайғылы жағдайларға да соқтыруы мүмкін.

Сондықтан мамандар тұмаудың алдын алу шараларына, соның ішінде вакцина алуға мән беру керектігін баса айтты. Тұмауға қарсы вакциналау науқаны әдеттегідей 1 қазанда басталып, 15 қарашаға дейін жалғасады.

Биыл тұмауға қарсы иммундау жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен 106 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген. Оған 108 мың доза вакцина сатып алу көзделіпті. Облысқа Ресейде өндірліген «Гриппол +» вакцинасы әкелінген.

Тұмауға қарсы вакцинаны қалалық және аудандық емханаларда тегін және ақылы негізде де алуға болады. Биылғы екпе жұмыстары үшін 220 кабинет пен 63 жылжымалы бригада жасақталған. Профилактикалық егу жүргізу алдында адамның денсаулығы міндетті түрде тексерілуі керек. Ал екпе алғаннан кейін 30 минут дәрігерлердің бақылауында болуға тиіс.

 А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button