БілімБасты жаңалықтар

Біздің үздіктер

Біздің облыстағы 5 мектеп республикадағы үздік мектептердің қатарына енді. Бұл білім шаңырақтары — Назарбаев зияткерлік мектебі, «Білім-инновация» мектеп-лицейі, М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицейі және Ақтөбе қаласындағы №51 және №9 гимназиялар. Сондай-ақ 6 білім шаңырағы облыс әкімінің грантын иеленді. Олар — Ақтөбе қаласындағы Әл-Фараби атындағы №21мектеп-гимназия, облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-лицейі, Шалқар ауданындағы №2 мектеп-гимназия, Ақтөбе қаласындағы №10 мектеп, №4 Хромтау орта мектебі, №3 Алға қазақ мектебі.  Біздің үздіктер туралы нақтырақ білмек ниетпен облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы білім беру бөлімінің басшысы Гүлжан Құлыбековамен сөйлескен едік. Сонымен…

Басты мақсат — білім сапасын арттыру 

— Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында сапалы білім беру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру керегін Үкіметке тапсырды. Бұл ретте интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін және қолжетімді болуы тиістігін қадап айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Білімді ұлт», «Жайлы мектеп» ұлттық жобаларының басты мақсаты осы — сапаны арттыру, ауыл мен қала мектептерінің арасындағы айырмашылықты жою, — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбекова.

Оның айтуынша, былтыр күзде Ақтөбеде бастау алған, шағын жинақты ауыл мектептеріндегі білім сапасын көтеруді, тұрғылықты жеріне қарамастан, балалардың сапалы білім алуына жағдай жасауды мақсат еткен «Білім ALL» бірегей жобасы бүгінде республикаға үлгі болып отыр.

Биылғы оқу жылының басты жаңалығы — «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, Ақтөбе облысының шағын жинақты ауылдық мектептерінің әлеуетін дамыту» пилоттық жобасы қолға алынды. Жобаны сәтті жүзеге асырудың арқасында ауыл мектептерінде оқу сапасын 12 пайызға арттыру, дарынды балаларға арналған білім беру ұйымдарына оқуға түсетін ауыл балаларының үлесін 10 пайызға көбейту жоспарланып отыр.

Жоба аясында өңірдегі 12 тірек мектеп пен 134 шағын жинақты мектеп оқушыларына сапалы білім берумен қатар, олар оқитын білім шаңырақтарының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, интернет жылдамдығы артады, — дейді ол.

«Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, шағын жинақты ауылдық мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасы Қазақстанның 6 облысында жүзеге асырылып жатыр. Олар: Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары.

5 мектептің мерейі

Гүлжан Құлыбекованың айтуынша, біздің облыстағы мектептердің білім сапасы республика мектептерімен салыстырғанда алдыңғы лекте.

2021-2022, 2022-2023 оқу жылдарында біздің өңірдің дарынды балалары білім бәйгелерінде, шығармашылық сайыстарда өздерінің алғыр, зерек, мықты екендігін дәлелдеді. Жалпы республикалық пәндік олимпиада қорытындысынан әр облыстың білім сапасының деңгейін білеміз. Аталған дода нәтижесінде командалық есеп бойынша біздің облыс ІІІ орын алып, республика бойынша «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын иеленді.Олимпиада  қорытындысында  Ақтөбе   облысының қоржынына 8 алтын, 9 күміс, 15 қола медалі түсті, 5 оқушы Мақтау қағазын алды.

«Үздік олимпиадалық команда» номинациясы бойынша соңғы екі жылды салыстырсақ, Алға, Қарғалы, Қобда, Мұғалжар, Темір аудандарында сапа көрсеткіші бар, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.

Жақында өткен оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша ұйымдастырылған республикалық пәндік олимпиаданың қорытындысы шығарылыпты.

Нәтижесінде ең басты білім бәйгесінде оқушылары орын алған еліміздегі 128 үздік мектептің қатарына біздің өңірдің 5 мектебі енді. Біздің мақтаныштарымыз  — Назарбаев зияткерлік мектебі, «Білім-инновация» мектеп-лицейі, Мақсот Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицейі және Ақтөбе қаласындағы №51 және №9 гимназиялар.Бұл — үлкен жетістік, — дейді білім басқармасының бөлім басшысы.

Айта кету керек, 2022-2023 оқужылындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне біздің облыстан 73 оқушы бақ сынаған. Оның ішінде жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша — 39, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 34 бала сынға түсті. Облыс командасының құрамында дарынды жасөспірімдерге арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернаты, М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаты, Әйтекеби, Қобда аудандары, Ақтөбе қаласының мектептері («Кемел Білім», «Сымбат», «125 AKTOBE» жеке мектептері, №3, №8,№19, №25, №33,№56 мектептер және №9, №11, №17, Әл-Фараби атындағы №21мектеп-гимназия, М.Құрманғалиева атындағы №32 орта мектеп-гимназия, №51 гимназия, Д.Қонаев атындағы орта мектеп, А.Байтұрсынұлы атындағы лингвистикалық мектеп-гимназия, «Білім» мектеп-гимназиясы) болды.

6 білім шаңырағы грант иеленді

Жақында облыс әкімінің «Орта білім беретін үздік ұйым» грантының қорытындысы шықты. Нәтижесінде Әл-Фараби атындағы №21мектеп-гимназия (15 млн теңге), облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-лицейі (11 млн теңге),Шалқар ауданындағы №2 мектеп-гимназия (9 млн теңге), Ақтөбе қаласындағы №10 мектеп (7 млн теңге), №4 Хромтау орта мектебі (7 млн теңге), №3 Алға қазақ мектебі (7 млн теңге) грант иегері атанды.

«Орта білім беретін үздік ұйым» гранты биыл оныншы рет ұйымдастырылып отыр. Мақсат — білім сапасы жоғары мектептерге қолдау көрсету. Жыл сайынғы гранттың жалпы  көлемі — 800 еселенген айлық есептік көрсеткіш. Мысалы, бұл  қаражат көлемі 2021 жылы 34 миллион теңге, 2022 жылы 48 миллион теңге болса,  биыл56 миллион теңгеқаржы бөлінді. Биыл Ақтөбе қаласынан және 9 ауданнан жалпы 16 білім шаңырағы сынға түсті. Байғанин, Темір, Мәртөк аудандары конкурсқа қатысқан жоқ.

Білім беру ұйымдары Оқу-ағарту министрлігі бекіткен ережеге сәйкес 11 талап бойынша конкурстық комиссияға құжаттар тапсырады. Басты талап — білім сапасы, жетістіктері сарапқа салынады. Оқушылардың, педагогтердің соңғы 3 жылдағы жетістіктері, пәндік олимпиада, ғылыми жобалардағы, білім сапасын ішкі және сыртқы бақылаудағы көрсеткіштері тексеріледі. Балалардың денсаулығын, өмір қауіпсіздігін қамтуда жасалып жатқан жұмыстарға да баса мән беріледі. Сондай-ақ мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту, педагогтер мен басшылардың біліктілік деңгейі, мүгедек балаларға жасалатын жағдай қаралады. Қорытындысында 6 білім беру ұйымына грант берілді, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Үздіктер үлгісі 

Конкурс қорытындысында қомақты қаражат — 15 млн теңге— Ақтөбе қаласындағы Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназияға берілді.

Бұл гимназия 2007 жылдан бері балаларға үш тілде білім береді. Облыс әкімдігінің қаулысы негізінде аталған білім шаңырағы мамандандырылған гимназия мәртебесін алды. Қазір мұнда 1734 оқушы білім алады. Оларға 122 педагог сабақ береді. Мектепте жаңа модификациядағы биология, физика, химия, мультимедиа, робототехника, Intellectum, ағылшын тілі, алғашқы әскери және технологиялық дайындық кабинеттері бар. Сонымен қатар 120 орындық асхана, медициналық кабинет, жиын залы, кітапхана, 2 спорт залы, хореография залы, музыкалық студия заман талабына сай жабдықталған. Гимназияда педагогикалық-әдістемелік мұражай жұмыс жасайды. Оқу үдерісіндегі ерекшеліктер — балаларға биология, физика, информатика, химия пәндері бойынша ағылшын тілінде білім беріледі. Сондай-ақ қазақ тілі, ағылшын тілі, математика, биология, физика, химия, информатика пәндері тереңдетіліп оқытылады. 2-11 сынып оқушыларының бейімі мен қызығушылығын ескере отырып, балалардың шығармашылығын арттыру мақсатында элективті курс, үйірме сағаттары, спорт секциялары жүргізіледі. Жоғары оқу орындарының ғалымдары дарынды оқушыларға 8 пән бойынша элективті курстан дәріс береді.

Аталған гимназия 2020 жылы облыстық пәндік  олимпиаданың «Үздік инновациялық мектеп» номинациясының III дәрежелі дипломын,  2021 жылы аталған байқауда «Үздік инновациялық мектеп»» номинациясының  I дәрежелі дипломын иеленді, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.

Өңірдегі үздік мектептердің бірі — облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-лицейі.

Бұл оқу ордасы 1996 жылы ашылып, сол жылы «Дарынды балалар үшін          арнаулы мектептер жүйесіне» енгізілді. Облыс әкімінің 2022 жылғы қаулысы негізінде мектеп-интернатқа «Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика- математикалық лицей-интернаты» атауы берілді.

Мектеп түлектерінің 95 пайыздан астамы — білім грантының иегерлері. Олар Қазақстан, Ресей, Қытай, АҚШ, Түркия, Англия, Малайзия, Сингапур, Чехия елдеріндегі үздік университетінде білім алып жатыр.

Лицей оқушылары жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба сайысына тұрақты қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Қызмет еткен 27 жылда білім ошағынан 135 «Алтын   белгі», 139 «Үздік аттестат» иегері өз білімдерін дәлелдеді. Халықаралық, республикалық жетістіктерге қол жеткізген 3 түлекке облыс әкімі автокөлік тарту етті.

Облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-лицейі «Облыстың үздік инновациялық мектебі» атағына ие. Сондай-ақ лицей республикалық «Білім ұясы»  конкурсында «Үздік интернаттық білім беру ұйымы» номинациясымен     марапатталды.  

Өткен оқу жылында  «Білім АLL» жобасы аясында лицейдің 6 білікті  ұстазы шағын жинақты ауыл мектептерінің оқушыларына виртуалды мұғалім ретінде сабақ берді, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button