Басты жаңалықтарДенсаулық

Салауатты өмір салты — саулықтың кепілі

Елімізде 2025 жылға қарай салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтар үлесін 40 пайызға дейін, өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін ұлғайту жоспарланған. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният  өткен жылды қорытындылаған сөзінде ел халқының өмір сүру жасы ұзарғанын айтты. Әрине, елімізде халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында түрлі іс-шаралар қабылданып, іргелі жобалардың жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Соның бірі — «Белсенді ұзақ өмір сүру» жобасы. Қазіргі таңда бұл жоба облысымызда да жүйелі қолға алынып, нәтижелі жұмыстар тындырылып жатыр.  

15 орталықтың жұмысы

Аға ұрпаққа, ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық жасау, қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту, олардың бос уақытын жүйелі ұйымдастыру, ішкі шығармашылық әлеуетін іске асыру үшін жағдай жасау, қоғамдық өмірге тарту —  мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.

Еліміздің түкпір-түкпірінде ашылып жатқан «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары «Бір терезе» қағидаты негізінде үш бағыт бойынша жұмыс жасайды. Олар — белсенді ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті және жұртшылықпен байланыс. Орталықтардың қызметі қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Яғни егде жастағылардың өнімді және белсенді ұзақ өмір сүруге пассивті өмір сүру менталдылығын өзгерту, оның ішінде жүйелі бос уақытты ұйымдастыру, атап айтқанда, мұндай орталыққа келушілер йога, скандинавиялық жүріс, IT-сауаттылығын арттыру, мотивациялық және кәсіпкерлік, ағылшын тілі курстары сияқты дәрістер алады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен соңғы екі жылда барлық өңірде белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашу көзделген еді. Соған сәйкес аға буын азаматтардың жағдайын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспары бекітілді. Аталған жоспарды іске асыру шеңберінде былтыр облыста осындай 7 орталық өз жұмысын жүргізді. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ардагерлер және оған теңестірілген азаматтармен жұмыс бөлімінің басшысы Шынар Құрманбаеваның берген мәліметінше, өткен жылы облыстағы белсенді өмір сүру орталықтары 1531 адамды қамтыған.

Жыл басынан бері өңірде «Белсенді ұзақ өмір сүру» жобасы аясында 15 орталық іске қосылды.Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында осындай 6орталық жұмыс жасайды. Сол сияқты Қобда, Хромтау, Мәртөк, Ойыл, Әйтеке би, Шалқар, Қарғалы, Темір, Алға  аудандарында бұл жоба іске асырылып,  зейнет жасындағы тұрғындарға жүйелі қызмет етуде. Қарттарға қамқорлық көрсету — мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Сол себепті, алдағы уақытта мұндай орталықтардың саны көбеймесе, азаймайды. Сондықтан мұндай орталықты облыстың барлық ауданында ашу жоспарда бар. Зейнет жасына жеткен адамдардың бос уақытын тиімді өткізу, жасын ұлғайту, олардың салауатты өмір салтын ұстануы үшін қандай да бір іс-шаралармен айналысуына мүмкіндік жасау мақсатында осындай орталықтаркөптепашылып жатыр, — деді ол.

Облыста 99 мыңнан астам зейнеткер бар. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысына қатысушы — 1 адам, 3039-ы — тыл ардагері, 3441-і — Алтын алқа, 5864-і — Күміс алқа иегері.

Міндет пен құрмет

Шынар Құрманбаеваның айтуынша, зейнет жасына жеткен әрбір тұрғынның мұндай орталықтарға баруға мүмкіндігі бар. Ол үшін зейнеткерден  зейнеткерлік куәлік қана талап етіледі.

Ақтөбе қаласының көлемі де, тұрғындар саны да жыл сайын өсіп жатыр. Сондықтан алдағы күндері қалада осындай орталықтың санын көбейту жоспарда бар, — деді басқарма өкілдері.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері 1461 адам осындай орталықтардың қызметін пайдаланған. Атап айтсақ, Ақтөбе қаласындағы орталықтарда — 595 адам, Алға ауданында — 266, Шалқарда — 182, Ойылда — 102, Қарғалыда — 70,  Хромтауда — 57, Қобдада — 70, Темірде — 45, Мәртөкте — 23, Әйтеке би ауданында — 51 адам.

—Орталықтарда зейнеткерлердің қызығушылығына байланысты шахмат, дойбы,  тоғызқұмалақ, нарды, домино сияқты ойындармен айналысуға мүмкіндіктерқарастырылған. Сонымен қатар кітапхана, йога және бірлескен гимнастикаға арналған фитнес-зал, тоқу, кино көру, хореография сабақтарына арналған зал жасақталған. Қарттарды компьютерлік сауаттылық дағдыларына үйрету, смартфондармен жұмыс жасауға бейімдеу, ағылшын тілін меңгеруді, есте сақтауды нығайту техникасы тұрақты негізде  ұйымдастырылады. Сол сияқты апта сайын тегін құқықтық-психологиялық кеңес беру, ынталандыру семинарлары, жасарту және сауықтыру бойынша шеберлік сағаттары өткізіліп, өңірдің тарихи орындарын аралау, мұражайларға, бассейндерге бару  шаралары да ұйымдастырылып жүр. Тағы бір айта кететін жайт, орталық жоспарларына сәйкес концерттік бағдарламалар, мерекелік шаралар да қарастырылған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 250,7 миллион теңге бөлінді. Бүгінгі күн сол қаражаттың 108,1 миллион теңгесі игерілді. Әрине, халқымыз қашанда үлкенді құрмет тұтып, кішіге ізет көрсетуден танбаған. Мұндай игі істер алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ, — деді Шынар Құрманбаева.

«Әр күнімді тиімді өткізуге тырыстым…»

Ардагер ұстаз Сағадат Мұсағалиеваның зейнеткерлік демалысқа шыққанына көп уақыт бола қойған жоқ. Отбасында аяулы ана, сүйікті әже әрдайым немерелерінің жанынан табылады.

— Ардагерлерге, зейнеткерлерге, жалпы қарттарға қамқорлық көрсету — еліміздің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы  Жолдауларында қарттарға баса назар аударып, халықтың әлеуметтік осал тобына мүмкіндігінше қолдау көрсету міндетін жүктейді. Осы бағытта елімізде қарттарды қолдау, олардың жағдайын жақсарту мақсатында қолға алынып жатқан іс-шараларды өз көзіңмен көргенде, көңіл сүйсінеді. Айтпағым, жақында Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы көше бойында орналасқан «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығында болып, сондағы мамандардың қызметіне риза болдым.  Соңғы жылдары елімізде осындай орталықтарды ашу ісі қолға алынып, облыс орталықтарында ғана емес, аудандарда да жергілікті әкімдіктердің ықпалымен жүзеге асырылып жатыр. Орталықтың басты мақсаты — салауатты өмір салтын қалыптастыру, біз сияқты зейнеткерлік жастағы  адамдардың бос уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасау, денсаулығын нығайту. Екі жылдық жұмыс  тәжірибесі бар бұл орталыққа қатысушылар саны артып, белсенді зейнеткерлердің денсаулығын нығайту, шығармашылық қабілетін шыңдау, заман талабына сай жаңа технологияны меңгерту, біз сияқты егде жастағы адамдардың  құқығы мен мүдделерін қорғауға бейімделген жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылатынына көз жеткіздім. Өзге өңірлердегідей, өз өлкемізде де осындай орталықтардың ашылғанына өз басым ерекше қуаныштымын. Мұнда зейнеткерлерге барлық жағдай жасалған. Жыл соңында  меңгерген білім мен өнердегі деңгейлерін, спорттық жетістіктерін көрсетіп, есептік, мәдени іс-шаралар ұйымдастыру жұмыстары жолға қойылған. Орталыққа келген әрбір замандасым күнделікті сабақ кестесіне сәйкес йога, буын жаттығуларына, топтық би, шахмат, қол өнері, тоқу,  скандинавиялық жүру, айкуне, вокалды ән үйірмелеріне қызығушылықпен қатысып, есте сақтау қабілетін нығайтуға, психологиялық кеңестер алуға мүмкіндіктері болды. Өз басым шығармашылыққа жақын болғандықтан, орталықтағы әр күнімді тиімді өткізуге тырыстым, — дейді С.Мұсағалиева.

Оның айтуынша, бұл орталық 61-78 жас аралығындағы зейнеткерлерді қабылдайды. «Замандас әжелердің  сабақ барысында бірлігі мықты, құлшынысы жоғары болды. Өзге ұлт өкілдері қазақ тілін оқып, үйренуге тырысып жатты. Ол үшін оларға арнайы тіл мамандары дәріс берді. Әркімнің қалауына қарай қосымша ағылшын, араб тілін оқыту жұмыстары да жүргізілді. Жоспар бойынша, фитотерапия,  арттерапия, массаж, дұрыс тамақтану мәселесіне де ерекше ден қойылды. Орталықта мен замандастарыммен бірге скандинавиялық жүріс жүріп, түрлі спорттық жаттығуларға бірге қатыстым. Ең бастысы, таза ауада серуендеп, бос уақытымды тиімді өткізуге, салауатты өмір салтын ұстанудың қаншалықты маңызды екеніне көз жеткіздім», — деді ол.

Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы көшеде орналасқан «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы өткен жылды жақсы нәтижемен қорытындылапты.

Зейнеткерлер қайырымдылықпен айналысады

Алға ауданындағы белсенді өмір сүру ұзақтығын ұлғайту орталығықазіргі күні аймақтағы зейнеткерлерді қабылдап, оларға қызмет көрсетіп жатыр. Онда егде жастағыларға бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізу үшін барлық мүмкіндік жасалған. Қолөнермен айналысып, дене тәрбиесі жаттығуларын жасауға, тіпті зейнеткерлердің шығармашылықпен шұғылдануына да болады. Ардагерлер мен зейнеткерлер  мұнда түрлі үйірмелерге де жазылып үлгерген. Орталық мамандарының мәліметінше, психологқа арттерапияға келушілер қатары көп. Зейнеткерлердің бірсыпырасы осы орталықта қолөнер бұйымдарын жасаса, енді бірі денешынықтырумен айналысады. Ең бастысы, олардың уақытты тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған әрі келушілердің денсаулығын күтуге көмек көрсетіледі.

Бір қызығы, орталыққа келушілер қайырымдылық шараларын да ұйымдастырып, игі істерге араласып жүрген көрінеді. Ол үшін қайырымдылық қорын ашып, тіккен, тоқыған бұйымдарын сатып, одан түскен қаражатты мұқтаж отбасылардың қажетіне жаратып та үлгеріпті.

Ал Ақтөбе қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы жанынан ашылған осындай орталықта қарттар түрлі үйірмелерге қатыса алады. Ән айтып, би билеп, іс тігуіне болады. Мұнда психолог кабинеті, тілдерді үйрену және компьютер бөлмелері бар. Спортпен шұғылдануға ниеттілер үшін бассейн мен тренажер залы жұмыс жасайды.

Аудандар арасында алғашқы болып Қобдада өз жұмысын бастаған «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының бір ерекшелігі — бұл жерде зейнеткерлер цифрлық сауаттылығын арттырып, өз бетінше e-gov қосымшасын пайдалану мүмкіндігіне ие. Қазіргі уақытта ақ жаулықты аналар мен әжелерге арналған ән, тігін өнері мен аспазшылыққа машықтайтын курстар ашылған.

P.S. Адам баласы ғұмырының ұзақ болуына тұқымқуалаушылық, физикалық белсенділік, диета сияқты көп фактор да әсер етеді. Мұнымен қатар тұрып жатқан мемлекетінің де маңызы зор. Интернет мәліметтерінде әлемдік зерттеушілер ең ұзақ өмір сүретін халықтардың рейтингін жасаған. Соңғы орынға Африканың орталық өңірін қоныстанған халық орналасқан. Мұндағы адамдар әлемдегі ең аз өмір сүретін тұрғындар саналады. Ондағы орташа өмір сүру ұзақтығы — небәрі 52,67 жас. Ал көрсеткіштің көш басына Гонконг (Қытай) қаласының тұрғындары тұрақтаған. Бұл шаһардың халқы ша­мамен 84,36 жас өмір сү­ре­ді. Одан кейінгі орынға Жа­пония жайғасқан. Ал біздегі жағдай қандай?

Ұлттық статистика бюросы келтірген мәліметке сенсек, еліміздегі өмір сүру ұзақтығы 2020 жылы 71,37 жасқа жеткен. Соның ішінде қала тұр­ғын­дарының өмір сүру ұзақ­ты­ғы 71,21 жас болса, ауыл тұр­ғындарының көрсеткіші — 71,64 жас­­­. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният 2022 жылы халықтың өмір сүру жасы ұзарғанын айтып қуантты. Министр бұл мақсатта Президент тапсырмасын орындау үшін кешенді жұмыстардың жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Гонконг тұрғындарымен салыстырғанда, бізде ұзақ өмір сүру жасында айтарлықтай айырмашылық болса да, қарияларға құрмет, оларға жасалып жатқан қолдау мен әлеуметтік қамқорлықтың үлес салмағы әлдеқайда  жоғары. 

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button