Денсаулық

Жасанды темекі жастарды улап жатыр

Әдетте балалар мен жасөспірімдер ересек болуға асығады. Тіпті кейбірі өзгелерге ержеткенін дәлелдеу үшін темекі шегуді ерте бастайды. Көп жағдайда олар электронды темекіні мүлдем қауіпсіз және зиянсыз деп санайды. Сөйтіп, белсенді темекі шегушіге қалай айналғанын білмей қалады. Бұл туралы бізге дәрігер, облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың үйлестірушісі Нұрлан Ағзамов айтып берді.

Расында, соңғы жылдары «Вейп», «IQOS» (айкос), «Снюс», «Паучи»деп аталатынэлектронды темекілер әсіресе жасөспірімдер арасында сәнге айналып, оны қолданатындар қатары көбейіп барады. Дәрігермен осы тақырып төңірегінде әңгімелескен едік…

— Электронды темекі дегеніміз не?

Электронды темекі — ішінде сұйықтығы, арнайы ауыстыратын картриджі бар, өкпеге тыныс алу жолдары арқылы никотин жеткізетін темекінің бір түрі. Жасанды темекінің құтысы кішкентай болады әрі жағымсыз иіс шықпайды. Керісінше, түрлі тәтті иісі бар электронды темекі жастарды еліктіреді. Сөйтіп, жасөспірімдер шылымның шырмауына түседі. Сондай-ақ жаңадан темекіге әуес болып жүргендер электронды темекінің құрамында күл мен зиянды шайырлар жоқ екендігін алға тартады.Үлкендер жағы мұны темекіні қою үшін тартамыз деп ақталады. Алайда сәнді құрылғының құрамында никотин картриджі немесе оны алмастырғыш, түтін шығаратын ультрадыбыстық бүріккіш, ауа ағынының сенсоры, электронды чип, өкпенің күшін алмастыратын литий батареясы және жарық диоды болады.Ал картриджі медициналық никотин, глицерин және пропиленгликольмен толтырылады. Сондықтан мұнда темекі тарту процесі бар да, бірақ дәстүрлі темекідегідей түтін шықпайды, оның орнына ылғалды бу шығады. Зерттеушілердің мәліметінше, адамдар жасанды темекіні тартқан сайын шылым шегуді аңсайтын көрінеді.

Мұндай темекіөкпеге қалай әсер етеді?

— Өкпе тек тыныс алуға арналған. Олар денеге оттегін жеткізеді және одан көмірқышқыл газын шығарады. Электронды темекі құрамындағыпропиленгликольдің  дисперсті компоненттерге ыдырауы кезінде формальдегид пен акролеиннің улы органикалық заттары бөлінеді, олар жүйелі түрде байланысқан кезде канцерогендік қасиетке ие. Сондықтан мұндай түтіктен темекі тарту созылмалы өкпе жеткіліксіздігін тудыратыны дәлелденді, яғни электронды темекі өкпені ірітіп жібереді екен.

Көп жыл темекі шеккен адамның бауыры қатты зардап шегеді, өйткені никотин бауыр мен оның тамырларына үлкен зиян келтіреді. Соның салдарынан холецистит, цирроз, өт тастары және басқа да жанама аурулар дамиды. Жүрек соғысыжиілейді, кейіннен бұл жағдай жүрек-қан тамырлары проблемаларына, атеросклерозға және ишемияға ұласып жатады. Ұлпалар мен тамырларға оттегі баяу қарқынмен келеді, бұл дене қуатының тез сарқылуын, әлсіздікті тудырады.

Ал миға зияны қандай?Тағы қандай аурулар тудырады?

— Электронды темекі шегу — никотинге тәуелділіктің ең көп таралған көрінісі. Түтіктегі темекі гипоксияны тудырады, яғни ағзаға оттегі жетпейді. Оттегі жетіспеушілігі бар кез келген организм әлдеқайда нашар дамиды. Үнемі электронды темекі шегетін адамдарда ми мен орталық жүйке жүйесінің қызметі тежеледі. Егер ұзақ уақыт бойы денеде оттегі жеткіліксіз болса, онда орталық жүйке жүйесіне зақым келіп, есте сақтау қабілеті, зейіні нашарлайды, жиі басы ауырып, ашуланшақ болады, айналаның бәріне немқұрайды қарайды. Темекі шегетін жасөспірімнің тістері де нашарлап, түсі сарғыш тарта бастайды. Сондай-ақ көру, иіс сезу, есту, дәм сезу мүшелері де өз қызметін толық атқара алмай жатады.

Сонымен қатар электронды темекі шегу өкпенің қабынуына, пневмония мен бронхитке, бронх демікпесіне, жүрек ауруларына, тіпті қатерлі ісікке әкелуі мүмкін.

Егер сұйықтыққа есірткі заттары араласса, онда психологиялық жағынан да зиян болады. Мұндай құрылғылардың тағы бір қаупі — жұқпалы ауруларды таратады. Себебі «вейп» құрылғысын сатып алу, оның картриджін қайта толтыру — қымбат. Бұл әр жасөспірімге қолжетімді емес. Сондықтан олар көбіне бес-алты балаға ортақ бір құрылғыны пайдаланады. Бұл жұқпалы аурулардың таралуына жол береді, мәселен, жасанды темекіні ортақ түтіктен тартқандар гепатит пен туберкулезді жұқтыруы мүмкін.

— Электронды темекі тәуелділікті тудырмайды деген пікір бар. Солай ма?

— Алкогольдің шөлмегі немесе темекі қорабы тәуелділікті тудырмайтыны секілді буландырғыш құрылғының өзіне тәуелді болу мүмкін емес. Негізгі қауіп — темекі шегу процесі. Себебі бұл кезде будың ингаляциясы арқылы өкпе жүйесіне теріс әсер ететін қоспалар тарайды. Бұл вейпқұмар жастардың тыныс алу мүшелеріндегі түрлі аурудың пайда болуына және дамуына әсер етеді. Физиологиялық тұрғыда әлі жетіліп үлгермеген жеткіншектерге темекі шегу  өте зиян. Ағзаның дамуы мен қалыптасу процесі қалыпты жүруі үшін жасушаларға қажетті мөлшерде оттегі мен қоректік заттар қажет. Ал темекі шегу кезінде оларға улы заттар түседі.Бұл жас ағзаға тез тарап, тіпті соған бойы тез үйренеді. Сондай-ақ түрлі жемістердің иісі, ерекше түтік — жастар осының бәрін сән көреді. Сосын да жасанды темекі психологиялық тәуелділікті тудырады.

  • Электронды темекі алғаш 2003 жылышықты. Оның патентіне қытайлық фармацевт Хон Лик ие. Сөйтіп, ең алғаш 2004 жылы Қытай нарығында құтысы кішкентай, иісі шықпайтын жасанды шылым сатыла бастады.

  • Коронавирус пандемиясы басталғанға дейін АҚШ-та вейп пайдаланғандар арасындаөкпесі іріп кеткен 2500-ден астам оқиға тіркеліп, 50 адам қайтыс болған. Осыдан кейін Америка Президенті 2019 жылы электронды темекіге, 2020 жылдың басында бүкіл АҚШ-та электронды темекіге арналған жұпар толтырғыштары бар картридждердің көп түрін сатуға тыйым салды.

Темекіге тәуелді мінез-құлықтың психикалық салдары қалай көрінеді?

— Темекіге тәуелділік шылым шегушінің психикалық жағдайына теріс әсер етеді. Мұндай кезде жасөспірім ашуланшақ болады, демалу мен оқудың қалыпты режимі бұзылады. Өйткені жасөспірім бос уақытында үнемі ата-анасы мен таныстарынан тығылып, темекі шегуге ыңғайлы, оқшауланған орынды қайдан табуға болатындығы туралы ойлап жүреді. Мінезі тұйықталып, күйзеліске түседі. Осындай сәтте балаға ата-ананың қолдауы өте қажет. Жасөспірімге айқайлап, жауаптың астына алып, ұрысып, айыптамай, оны мұндай қадамға не итермелегенін анықтауға тырысқан жөн. Сөйлесіп, темекі шегудің зияны мен салдары туралы айтып, балаға өз бетінше шешім қабылдауға мүмкіндік берген абзал.

Осыншама зиянды электронды темекіге жастар неліктен қызығады?

— Мұндай құрылғы өндірушілер жастарды жарнама беру, бейнеролик түсіру секілді түрлі тәсілмен қызықтырады. Сондай-ақ осы өнімдердің қауіпсіздігі туралы иллюзия жасайды, тартымдылықтың жалған визуалды әсерін тудырады: бу бұлты, жарқын қаптама, әртүрлі дәм. Бұл хош иістер темекі түтініне қарағанда жұмсақ сезіледі. Адамдармұндай темекі тыныс алу жолдарын тітіркендірмесе, зиянды емес деп ойлайды. Бұл — өзін-өзі алдау. Егер ата-ана баласының «вейпқа» тәуелділігін байқаса, арнайы медицина мекемелеріндегі психологтер мен наркологтарға жүгінгені жөн. Солар білікті көмек көрсете алады.

Электронды темекіні тастағаннан кейін өкпені қалпына келтіруге бола ма?

— Өкпені қалпына келтіруге болады. Бұл процесс адамның қанша уақыт темекі шеккеніне және басқа да факторларға байланысты.

Баланы жаман әдеттен қалай қорғауға болады? Балаларға мұны тіпті сынап көрудің қажеті жоқ екенін қалай түсіндіреміз?

— Жасөспірімдер салауатты өмір салтына оң көзқарасты қалыптастыратын спортпен және шығармашылықпен айналысуы керек. Ерте жастан бастап балаларды денешынықтыруға үйретіп,қызығушылығына қарай түрлі үйірмелергеапарған дұрыс. Жасөспірімдерге қатаң тыйым салғаннан гөрі жаман әдеттерсіз өмір сүрудің артықшылықтарын түсіндірген абзалырақ. Себебі кейбір жасөспірімдердің пікірінше, жеткіншектер тыйым салған нәрсені міндетті түрде сынап, жасап көреді. Ең әуелі жасөспірімнің өзі электронды темекінің ағзаға қандай зиян келтіретінін және оның болашақта денсаулығына қалай әсер ететінін түсінуі маңызды.

Жасөспірімдер арасында электронды темекіні пайдаланудың алдын алу шаралары қандай?

— Ең тиімді шаралардың бірі — елімізде «вейптарды» пайдалануға толық тыйым салу. Аргентина, Бразилия, Түркия, Үндістан, Индонезия, Сингапур және тағы басқа елдерде электронды темекіні әкелуге және пайдалануға тыйым салынған. Ресей Федерациясының кейбір аймақтарында кәмелетке толмағандарға «вейп» сатуға тыйым салынды.

Мәжілістің кейбір депутаттары еліміздегі вейптарға тыйым салу мәселесін көтеріп жүр. Бұл мәселені шешуге тек дәрігерлер ғана емес, балалар психологтері, құқық қорғау органдары, педагогтер, ата-аналар, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлімдердің қызметкерлері де қатысуға тиіс.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button