Жастар

Егіз жігіттердің кәсібі

Соңғы кезде жас болса да кәсіп бастап, тәуір табыс тауып жүрген іскер жастардың қатары көбейді. Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде оқитын Ерназ және Елназ Жолановтар— солардың бірі. Қазір егіздерді қала жұртшылығы танып қалды. 19 жастағы студенттер  дала өнерін кәсіпке айналдырып отыр.

Ерназ бен Елназ Ырғыз ауданы Жаныс би ауылында туып-өскен. Қазір екі жігіт  медицина университетінің 4-курсында оқып жатыр. Егіз жігіттерді бірінен-бірін ажырату қиын. Пысық, жанып тұр. Жас болса да сөзі түзу, істеріне мығым екенін байқайсың. Екеуі де мемлекеттік грант негізінде оқиды. Отбасындағы бес баланың бесеуі де грант арқылы білім алыпты. Ата-анасы —  ұстаз. Жігіттердің үлгілі отбасында тәрбиеленгенін сөздерінен де байқауға болады. Бала кезінен еңбекқор болып өскен жігіттер қалаға оқуға келген соң да бос жүрмейді. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Ән айтып, түрлі шаралардың сәнін келтірді. Осылайша сабақ оқи жүріп қосымша табыс тапты. Ал осыдан үш-төрт ай бұрын жігіттер рухани орталық ашыпты. Бұл жерге келушілер қыш құмыра жасайды.

— Ата-анам бала кезімізден еңбекке баулыды. Оқушы кезімізде атам аттың жүгенін тоқуды үйретті. Ауылдағы жылқы ұстайтын азаматтарға ат әбзелдерін сататынбыз. Қалаға келген соң да бос жүрігіміз келмеді. Осы кәсіпті бастамас бұрын біз Ақтөбедегі ахуалды әбден зерттедік. Қыш құмыра жасау өнері оңтүстік өңірде жақсы дамыған, ал батыс аймақта аса танымал емес. Егер осы істі бастасақ, тәуір табыс табатынымызды түсіндік. Әлеуметтік желіні қарадық. Осылайша «Dala crafts» орталығының франшизасын сатып алуды жөн санадық. Бұл үшін бір-екі миллион емес, біраз қаржы керек болды. Алғашқыда жобамыз туралы әкемізге айтуға қысылдық. Шыны керек, 18 жастағы екі баланың қолынан не келеді деп көп адам ойлауы мүмкін ғой. Әкемізге өтінішімізді анамыз арқылы жеткіздік. Алайда ата-анамыз біздің ісімізді қолдады. Үлкендердің батасын алғасын, тынбай еңбектендік. Түрлі видеолар түсірдік, әлеуметтік желінің мүмкіндіктерін пайдаландық. Қажетті  қаржының бір бөлігін өзіміз жинадық. Ал қалған жетпес қаржыны ата-анамыз, апа-жездеміз берді. Сөйтіп, істі бастап кеттік, — дейді Ерназ.

Бизнесті бастамас бұрын Алматы облысы Қапшағай қаласындағы кәсіпкер жігіттерден шикізатты сатып алуға келіседі. Осыдан кейін  қаланың қақ ортасындағы бизнес кешенінен  екі бөлмені жалға алады. Бұл жерді ұлттық нақышта безендірді. Қабырғаға текемет ілді, суретке түсетін арнайы орын дайындады. Қыш құмыра жасауға қажетті бұйымдарды сатып алды. Аз уақыт болмай-ақ келушілердің саны арттты.

Қыш құмыра жасау — бұл дала өнері. Жастар «мақсатымыз  — осы өнерді жаңғырту» дейді.

Құмыра таза қыштан жасалады. Әсіресе балаларға өте пайдалы. Ешқандай қарсы көрсетілімі жоқ. Қолдың моторикасын жақсартады. Сонымен бірге шаршап, күйзелісте жүрген кезде адамға көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Медицина университетінде оқу оңай емес. Сабақ қиын. Қатты шаршаған кезде, емтиханның алдында осы жерге келіп құмыра жасаймыз. Кәдімгідей күш береді, ойымызды жинақтауға септігін тигізеді, — дейді Ерназ.

Орталық жастар, оның ішінде ғашықтар үшін өте қызықты. Олар бір жерге барып фастфуд жегеннен, осы жерге  келіп есте қаларлық романтикалық кеш өткізгенді тәуір көреді. Керемет қазақи атмосферада өздерін ерекше сезінеді. Олар өз қолдарымен құмыра жасайды, видеоға, суретке  түседі. Жасаған бұйымын өздерімен бірге алып кетеді. Бұл жерде құмыраның 12 түрін дайындауға болады. Әркім өзінің қалауы бойынша жасайды.

Қазір жасалып жатқан құмыралар күйдірілмеген. Сондықтан оған сұйықтық құюға болмайды. Өйткені ғимаратта күйдіруге мүмкіндік жоқ. Алдағы уақытта күйдіріп күнделікті қолданысқа пайдалануға болатындай қыламыз, — дейді Ерназ.

Отау құратын жастар да  орталыққа келіп түсірілім жасайды. Жастар, балалар, отбасымен келетіндер көп. Тек ақтөбеліктер емес, өзге қаладан келген қонақтар да жиі бас сұғады екен. Жалпы, сұраныс жоғары көрінеді.  Екі жігіт төрт адамды жұмыспен қамтып отыр. Оларға айына 180-200 мың теңге аралығында еңбекақы төлейді.

—Медицина университетінде оқу жеңіл емес. Күндіз сабақта болсақ, кешке жұмыс істейміз. Ақтөбе медициналық орталығының шұғыл хирургия бөлімінде санитар болып еңбек етеміз. Оқуымызға кедергі болғанын қаламаймыз. Сондықтан барлық шаруаны мамандар атқарады. Құмыра жасайтын шеберді арнайы ақы төлеп, оқытып алдық. Өзіміз де қолымыз қалт еткенде орталыққа келіп видео түсіреміз. Жалпы өзім қатарлы жастарға айтарым, ерінбеу керек.  Уақытыңды босқа  әлеуметтік желіде өткізуге болмайды. Әлеуметтік желіні өз мақсатыңа пайдалану керек. Қазір ерінбеген жасқа айналысатын іс көп. Тек ынта болуы керек. Ойға алған істі ертеңге қалдыруға болмайды. Кейін кеш болуы мүмкін. Сондықтан жасаймын десең, бүгіннен баста,  — дейді Елназ.

Жастардың жоспары көп. Тағы бір жобаны қолға алып жатыр. Оның әзірге құпия екенін айтты.

Бір-бірінен аумайтын  егіз жігіттерді оқытушылары әлі күнге дейін ажырата алмайды екен. Кейде бірінің орнына бірі сабаққа баратын кездері болады.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button