Білім

Жаңа оқу жылы: 183 мың оқушы, 26 мың студент

Кеше Ақтөбе қаласындағы «Шығармашылық академиясы» ғимаратында білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі облыстық тамыз кеңесі өтті. Өткен оқу жылындағы жұмыстар қорытындыланып, алдағы жоба-жоспарлар сараланған жиында өзекті мәселелер де талқыланды.

«Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында өткен кеңесте әуелі көшпелі көрменің таныстырылымы болды. Мұнда техникалық-шығармашылық бағытындағы дарынды оқушылардың бұйымдары қойылып, олар өз жобалары туралы жиналғандарға мағлұмат берді.

Пленарлық отырыста бірінші боп сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова:

— Облыста білім саласының дамуы үшін жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Жыл сайын жергілікті бюджеттен осы салаға 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жалпы, атқарушы билік кез келген ұсынысты мүмкіндігінше қолдауға тырысады. Әрине,бұл салада шешілмеген мәселелер бар. Соның бәрін бүгін сіздермен бірге талқылап, ортаға салу үшін жиналып отырмыз.

Кеңесті өткізудегі негізгі мақсат — өткен оқу жылындағы жетістіктерді, жаңалықтарды айтып, кемшіліктерді талдау. Сондай-ақ осы тамыз кеңесінде әдеттегідей алдағы оқу жылындағы өзгерістер мен жаңашылдықтарды айтамыз. Баршаңызды облыс басшылығы атынан осы кеңестің ашылуымен құттықтап, жаңа оқу жылында сәттіліктер тілеймін, — деді.

Артынша облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан жаңа оқу жылына 183096 оқушы мен 26 мың студенттің қадам басқанын атап өтті. Яғни өңірдегі 428 мектеп пен 41 колледжде осынша жас талап оқиды деген сөз. Сондай-ақ ол түйткілді мәселелерге де тоқталды.

— Соңғы 3 жылда балабақшаға жолдама алу кезегі 2 мың орынға қысқарды. Осы жылы өңірде 1505 орындық 19 мектепке дейінгі ұйым ашылды, жыл соңына дейін 1095 орынға арналған тағы 7 балабақша пайдалануға беріледі. Жалпы, жекеменшік балабақшалардың саны жылма-жыл артып келе жатыр. Ал сондағы қызметкерлердің деңгейіне келсек, облыстың мектепке дейінгі ұйымдарында жұмыс істейтін 4704 педагогтің  89 пайызының ғана кәсіптік білімі бар. Дегенмен бұл көрсеткіш соңғы 5 жылда 39 пайызға жақсарды. Соның бір көрінісі — жыл қорытындысы бойынша республикадағы 96 мыңнан астам балабақша қызметкерлерінің арасынан дара шығып, тәжірибесі мен білімінің арқасында еліміздің үздік педагогі боп танылған Ақтөбе қаласындағы №49 «Думан» балабақшасының тәрбиешісі Сапаргүл Ұзақбаеваның жетістігін ерекше атап өткім келеді.

Балаларға тең жағдай жасау мүмкіндіктерін қамтамасыз етудегі тағы бір маңызды мәселе — халықтың әлеуметтік осал топтарының балаларын тегін тамақтандыру. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1 қыркүйектен бастап балабақшаға баратын арнайы санаттағы отбасылардан шыққан 6 мыңға жуық бала тегін тамақпен қамтылады.

Осы орайда биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша облыс түлектерінің нәтижесі  7,8 балға жоғарылап, 71,3 балл болды. Бұл бойынша Хромтау, Ойыл мен Шалқар аудандарының көрсеткіші жақсы болса, соңғы 2 жылдан бері Байғанин мен Ырғыз аудандары ең төменгі деңгейді көрсетіп отыр. Жалпы, облыс түлектерінің 18 пайызы шекті балл ала алмады, — деді өңірдің бас мұғалімі.

Басқосу барысында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясына қарасты орта білім беру институты директорының орынбасары Салтанат Жұмабаева, облыстық  білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Сәрсенғалиева, «Bilim Media Group» компаниясының «Цифрлық платформалар мен контент» бөлімінің басшысы Қанат Мырзаханов, т.б. сөз сөйлеп,  ұсыныс-тілектерін ортаға салды.

Соңында үздік білім беру ұйымдары марапатталып, облыс әкімі атынан 19 педагогке Алғыс хат пен 100 мың теңге көлеміндегі сыйақы тапсырылды.

Айта кетейік, тамыз кеңесіне сала мамандары, мәслихат депутаттары, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ төрағалары, ата-аналар комитеттері мен қамқоршылық кеңес өкілдері — барлығы 400 адам қатысты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button