Білім

Бірінші класқа 18,4 мың бала қабылданды

Аз күннен кейін облыстағы 428 мектепте жаңа оқу жылы басталады. Биыл облыста мектепке баратын оқушылардың саны 183 мыңнан асады.

Оның ішінде 18,4 мыңнан астам бала бірінші класқа барғалы отыр. Бірінші класқа баратын балалардың 14 мыңы, яғни 76,2 пайызы қазақ тілінде білім алады.

Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар орталығында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың қатысуымен өткен баспасөз жиынында айтылды. Басқарма басшысы орынбасарының мәліметі бойынша, биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында облыста екі жаңа мектеп ашылғалы отыр. Бірі — Алға ауданының Маржанбұлақ ауылындағы 300 орындық орта мектеп, екіншісі — жекеменшік «Білім смарт» мектебі. Сондай-ақ облыста 594 мектепке дейінгі ұйым бар.

Жаңа оқу жылында мектеп формасына қойылатын талаптар өзгермейді. Ал оқулықпен қамту мақсатында 16 баспамен 176 келісімшарт жасалған.

Бүгінде өңірде үш ауысыммен оқитын — 6, ғимараты апатты жағдайда тұрған 5 мектеп бар. Бұл проблеманы шешу үшін 2023-2025 жылдар аралығында 44 жаңа мектеп салу жоспарланған. Олардың жалпы сыйымдылығы 24 мың орын болмақ, ал бірқатарының құрылысы қазір жүргізіліп жатыр. Мысалы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында 18 мектеп салу жоспарланса, соның ішінде 14 мектептің құрылысы биыл басталады.

Облыс орталығындағы Батыс тұрғын үй алабында, жоғарыда айтқанымыздай, «Білім смарт» жеке мектебі іске қосылды. Оның сыйымдылығы — 2620 орындық. Сондай-ақ биыл 33 білім беру ұйымында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген, бұл іске 4,8 миллиард теңге қаржы бөлініпті.

Бастауыш кластарда 72,8 мың оқушы оқиды, олар жаңа оқу жылында тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұл үшін облыстық бюджеттен 2,6 миллиард теңге бөлінеді. Сондай-ақ «Жалпыға міндетті оқу қоры» есебінен тағы 15,1 мың бала тегін тамақпен қамтылмақ.

Жиында айтылғандай, биыл білім беру қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесі жаңа форматта өтеді. «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» атты дәстүрлі республикалық тамыз кеңесі 24-25 тамыз күндеріне белгіленген. Жиын аясында 20 өңірде тақырыптық бағыттар бойынша секциялық отырыстар өтеді. Республикалық тамыз кеңесінің пленарлық сессиясы Ақтөбеде «Ауыл мектебін дамыту» тақырыбында өтеді деп жоспарланған.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button