Ауыл

Қарыз алудың да оқуы бар…

Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту қаржылық сауаттылық деңгейін арттырудан басталуға тиіс. Өкінішке қарай, қаржылық сауатсыздық — еліміздегі ең өткір мәселелердің бірі. Осыны шешу үшін AMANAT партиясы Halyk Bank-пен бірлесіп «Қарызсыз қоғам» атты ауқымды әлеуметтік жобаны іске қосқан болатын.

Жаңа жоба борышкерлер санының көбеюіне жол бермеуге, несиесі көп тұрғындарға көмектесуге және келешекте қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға арналған.

Жоба мамыр айында басталды. Үш айдың ішінде облыстың 3800-ден астам ауылда тұратын тұрғыны қаржылық сауаттылығын арттырған. Оның 67 пайызы — әйелдер.

Жобаға қатысушылардың 85 пайызының несиесі бар, 9 пайызы төлем жасау мерзімін өткізіп алған. Сарапшылар қатысушыларға отбасы бюджетін қалыптастыру жолдарын, оны жоспарлау мен бөлудің негізгі алгоритмдерін, несие алу ережелері мен қайтару процесін, қаржы пирамидалары мен алаяқтар тұзағына түспеу жолдарын, бизнес жобаларды қаржыландыру көздерін үйретіп жатыр. Сондай-ақ кәсіптің арқасында отбасылық табысты арттыру жолдарын айтып береді, — дейді «Қарызсыз қоғам» жобасының Ақтөбе облысы бойынша басшысы Гүлнара Сейтжаппарова.

Қаржылық сауаттылығын арттырған ауыл тұрғындарының бірі өз кәсібін бастап «Ауыл аманаты» жобасына қатысып жатса, енді бірі болашағы үшін депозит ашып, ақша жинауды бастаған.

Жауапты сала мамандары жергілікті халықтың оқуға ынтасы мол екенін айтады.

Курсқа қатысушылардың көбі қарыздан қалай құтылу жолдарын, алдағы уақытта несие алмау үшін не істеу керектігін сұрайды. Сабақ бес күн болады. Түске дейін тек теория оқытылса, түстен кейін әр қатысушымен жеке консультация жасалып, мәселелері қаралады, — деді Гүлнара Сейтжаппарова.

Жоба жыл соңына дейін жалғасады. Бірінші кезеңде оған еліміздің 8 өңірінің — Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Атырау және Маңғыстау облыстарының ауыл тұрғындары қатысады.

Курсқа жазылу үшін AMANAT партиясының жергілікті филиалына хабарласу қажет.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button